Курстық жұмыс: Әдебиет | ҚАЗЫБЕК БИ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ШЕШЕНДІК ӨНЕРІ
Мазмұны
К І Р І С П Е…………………………………………………………………………….
I Т А Р А У
ҚАЗЫБЕК БИ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДӘУІРІ………………………………………..
II Т А Р А У
ҚАЗЫБЕК БИ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ШЕШЕНДІК ӨНЕРІ………………………
Қ О Р Ы Т Ы Н Д Ы…………………………………………………………………
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР……………………………………………..
I Т А Р А У
ҚАЗЫБЕК БИ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДӘУІРІ
Қаз дауысты Қазыбектің кіндік қаны тамған топырағы, туған мекен-жайы, ешбір хат-шотта сақталмаған. Ж.Омаридің пікірінше даңқты бабамыз Сыр бойында туыпты. Өйткені он жетінші ғасырдың екінші жартысында Жоңғар хандығының басым түсіп отырған шабуылының әсерінен ата қонысынан ығысқан Қазақ жұртының Алтай мен Арқаны еріксіз тастап, Сыр бойы мен Қаратау өңіріне жөңкіле құйылғаны тарихтан мәлім. Қаз дауысты Қазыбек тарихи деректер бойынша 1667 жылы сол өңірде туып, 1764 жылы тоқсан жеті жасында дүниеден өткен (5,38).
Қазыбектің сүйегі – Орта жүз Арғын ішіндегі Қаракесек (Болатқожа). Қазыбектің өз әкесі – Келдібек, ұлы әкесі, яғни атасы Абыз атанған Шаншар. Бабасы – Бұлбұл. Шетінен тілге шешен, сөзге ұйыған, уәжге тоқтаған біліктілер болыпты бұлар. Қазыбектің атасы Шаншардың ескіше көп оқып, көп тоқып, төңірегіне ақыл -кеңесімен, үлгі-өнегесімен ерекшеленіп Абыз атануы да тегін емес.
Қазыбектің анасы – Тоқмейіл. Қазыбек – осы Тоқмейілден туған алты баланың ең үлкені екен. Тоқмейілдің әкесі Сүлеймен деген кісі осынау ғұлама жанмен көрші болу үшін қасына әдейілеп көшіп келмесе, Келдібек пен Тоқмейілдің бір-бірімен кездесуі, отау құруы жайындағы ел аузында аңыз болған хикая таралмас па еді, халықтың кемеңгер көсемі болған Қаз дауысты Қазыбек өмірге келмес пе еді. Әрине, себепке себеп десек те, талғампаз тағдырдың кей-кейде қиыннан қиыстырып, алысты жақындатып, болмасты болдыртып, осындай бір құдіреттерді жасай алатынына таң қалмасқа және болмайды. Қалай десек те, 1667 жылы шыр еткен іңгәсімен дүние есігін ашқан нәресте – өсе келе Үйсін Төле бимен, Алшын Әйтеке бимен терезесін теңестіріп, қазақ халқының кемеңгер үш биінің бірі – Қаз дауысты Қазыбекке айналып еді.
«Қазыбектің ат жалын тартып мінген тұсы халқының қиын-қыстау тағдырымен дөп келгендіктен жүйрік мініп, сұлу киініп, бала тірлік кеше алмаған. Әрине, бедеу мінгізіп, бүлде кигізіп, нөкер ертем десе, қызды ауылдың сыртында түн күзетіп, торғын шапан жамылған бұлықсыған бойжеткенді оңаша құшам десе, әке дәулеті жетер де еді. Бірақ, есі кіргеннен ел бетіндегі мұңды ел бетінен қууды, сол мұң торлаған ел жүзіне күлкі шырайын енгізуді өмірлік мақсат қып алған ғой. Содан да ол ел ісіне ерте араласып, ел дауын шешуді өз басына ғұмырлық міндет етіп еншілеп алып, ел бірлігін сақтаудың төте жолына тайсалмай түсіп кеткен-ді» (6).
Бала би деген аттан дана би деген атаққа дейін көтерілген Қазыбектің ғұмыр жолы он жетінші, он сегізінші ғасырлардағы қазақ халқының аса бір қилы кезең, дүрбелең дәуірінің шытырман оқиғаларымен тікелей байланысты.
1680 жылы, Қазыбек он үш жасқа толғанда кейінде әз Тәуке атанған Тәуке қазақ хандығының тағына отырып еді. Есім ханның кезінде «алты алаш» атанып: Қазақтың үш жүзі мен ноғай, башқұрт, өзбекті құраған қазақ даласындағы хандықтың бірлігі әлсіреп, ноғай, башқұрт, өзбек одақтары ыдырап, енді «төрт алаш» атауымен үш жүзге қырғыз ұлысы қосылып, Тәукенің қол астына жиналады. Осы терт алаштың басына төрт биді – ұлы жүзге Төлені, Орта жүзге Қазыбекті, Кіші жүзге Әйтекені және Қырғыз биін қырғыз ұлысына қойып, солар арқылы ел басқару тізгінін өз қолында ұстап отырған.
Тәуке тұсында қазақтың шығыстағы көршісі – Жоңғария хандығының негізгі халқы – ойраттар ат арқасын құрғатпай жиі шабуылдап тұрған. Бірде ойрат, бірде қазақ жеңіп, ит-жығыс түсіп жатқан жерде елшіліктің, мәмлегерліктің ықпалы мол болады. Сондайда атақты үш бидің еңбегі ерекше сіңген. Ол жөнінде белгілі әдебиетші-ғалым С.Негимов былай дейді:
«Қаз дауысты Қазыбек Жоңғария хандығына елшілік, мәмілегерлік жолмен үш рет барған. Бұған ел аузындағы аңыз-әңгімелер куә. Жол бастаған көсемнің, сөз бастаған шешеннің атақ-даңқы бірінші рет атқосшы ретінде барғанда-ақ шыққан. Жобамен айтқанда, ХVІІ ғасырдың 80-жылдарына сәйкес. Жас шамасы 14 пен 15-тегі кезі. 1680-1684 жылдарда жоңғарлықтар Қазақ даласына ойран салып, мал-мүлкін алып, кісілерін тұтқындап, қанды қырғынға ұшыратқан. Бұл кезде ел тізгінін ұстаған Тәуке хан еді. Қалмақ хонтайшысы Ғалдан Бошакту (кейде Қоңтәжі деп те атайды) еліне Тайкелтір би бастаған елшілер тобын ұйымдастырған Әз Тәуке тәрізді. Сонда Әз Тәуке дана биге Қазыбек баланы тапсырып, жауды алмас қылышпен әлсіретіп жеңуге болады, мылтықпен дәлдеп атып жер жастандыруға болады, сегіз қырлы семсер сөзбен тереңнен толғап елжіретіп жеңуге болады деген екен. Мал-жанды тегіс құтқарып, дүние-мүлікті Қаз қалпында елімізге алып қайтыңдар деп батасын берген екен» (7,84), — деп жазады. Ал, жазушы С.Сыматаев бұл дерекке орай өз ойын былайша білдіреді:
«1710-11 жылдары Қазақ-ойрат шабуылдары кезінде Қазақтар ойратты біраз тықсырып, сәл де болса үстемдеу шығыпты. Осыдан кейін Жоңғар хандығы бұрынғыдай өршуін тежеп, бітімшілікке шақырғаны тарихтан аян. Осы бітімшілікке барған елшіліктің ішінде Қазыбек би де болған деп кесіп айтпасақ та, болжауға әбден ретіміз бар. Ұзақ ғұмырында Жоңғария хандығына елшілік, бітімшілік, мәмлегерлік міндетпен үш рет барған Қаз дауысты Қазыбек нақ сол жылдарда ойраттарда болуға тиіс» (6) – деген тұжырым жасайды.
Мәселе, бұл жерде Қазыбек бидің нешінші реткі елшілігі екендігінің айқындалмауында болып отыр. Әйтпесе, екі деректің айырмашылығы айқын көрініп тұр. С.Негимов алғашқы елшілікті 1680-1684 жылдар аралығы деп көрсетсе, С.Сматаев 1710-1711 жылдарды атап отыр. Демек, дерек көздерінде қайшылық бар. Алайда, тарихшы, ғалым Ж.Омари «Қаз дауысты Қазыбек» кітабында бұл сауалға толық жауап берген. Ғалымның айтуынша: «…Қазақ елшілері 1683 жылы бірнеше ай жүріп, күз түспей Қазақ жеріне оралған» (5,93).
Бірақ, біз үшін тарихи даталардан гөрі Қазыбекті «Қаз дауысты» деп Жоңғар хонтайшысының атағандығы, Қазыбектің екі иығынан от шашқан екі аюдың осы сапарда көрінгендігі, ең маңыздысы – шешендік өнерге бет бұрған Қазыбектің шығармашылық айбынын асырған, тегеурінді даналық сөздерінің шешендік өнер тарихынан терең із қалдыруы. Ұлы бидің тұтас елге танылу сапары осылай басталса керек.
Әрине, дәл осы елшілік жөнінде жазылған құжаттың әзірше жоқтығын ескерсек, ел аузындағы аңыз әңгімелер Ж.Омари негіз етіп отырған шындық сүрлеуіне бастар бірден бір адастырмас шиыр. Ендеше осы аңыз, хикаяларды салыстырып, салмақтап, екшеп, байқап, содан соң ақиқатқа сәйкес, ұғымға лайықты пікірімізді ұсынуды жөн санадық.
Бір аңыз бойынша былай дейді:
«Қанды қырғын ұрыстан кейін бейбітшілік жолымен бітімге келу үшін Қазақ пен ойрат бір-біріне мәмлегер елшілік жібермек болады.
Жоңғария хонтайшысы (сірә, Цеван – Рабтан болса керек) «Қазақтың атақты үш биінің бірі келсін. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрған иіс алмас біреу келсе, бітім болмайды» — деп қолқа салады. Осы хабарды естіген үш би қырандай дүр сілкініп, әрқайсысы өзі бармаққа ниет қылған екен.
Төрде отырған Төкең екі биге кезек қарап, екі етегін қымтанып, екі иығын қомданып қойып, тамағын қырнапты:
– Уай, қос інім, қос шырағым! Аға боп алдарыңа түсейін деп тұрмын. Ағаң – алдындағы әуелеп өскен дарағың. Інің – қанатың мен құйрығың, қайрап салар жарағың. Артымда сендер барда қанат жайып самғармын, алдаспанды сермермін. Дауласқанды жайғармын, жауласқанды жерлермін. Мен барайын бұл жолға! — депті.
Сонда Әйтеке жай оғындай жарқ етіп, жайраң қағып, шапшаңдық танытыпты.
– Уай, Төкем! «Аға – бордан, іні – зордан» демей ме. «Іні – найза, аға – қорған» демей ме. Арқамды қорғанға тіремеймін бе, найзамды ерсілі-қарсылы іремеймін бе?. Жағаласқанды жапырып, дауымды аршып, күремеймін бе. Менің баруым жөн емес пе? — дейді ғой.
Сол кезде қоңыр қаздың дауысындай дауысын бір жотадан екінші жотаға асыра саңқылдап Қазыбек есіліп кетіпті.
– Уай, асыл ағам! Уай, асқақ інім! Ағасы бардың жағасы бар емес пе. Жағасы бардың тоқсан пәледен сақтар панасы бар емес пе. Інісі бардың тынысы бар емес пе. Тынысы бардың елде – ырысы, жауда – ұрысы, дауда – жұмысы бар емес пе.
Екі би үнсіз бас шұлғып, бірақ тіл қатып, ләм дей қоймапты. Қаз дауысты Қазыбек енді Төле биге еңсеріле бұрылыпты.
– Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен. Қазақта хандыққа жолсыз таласқандар болғанмен, билікке жөнсіз таласқандар болған емес. Ендеше, әділ би, әділетін өзің айт. Аттың басы күшті ме, белі күшті ме, құйрығы күшті ме?
– Шырағым Қазыбек, жол бастайды әманда омырауы жүйріктің. Бөгелекті қуарда пайдасы мол құйрықтың. Аттың белі қызметті көп қылар, саған кепті кезегі осы жолғы бұйрықтың. Жай онда қолыңды!
Атасызға ата бол!
Батасызға бата бол!
Арып-ашқан қаріптің
Жел жағына жота бол!•
Панасызға пана бол,
Кек сақтамас бала бол!
Дос сүйініп, қас сыйлар,
Асу бермес дана бол (8,118) —
деп батасын беріп аттандырып салыпты.
Хош. Қазақтан келген елшілерді сынау үшін хонтайшы қарапайым киініп, белін жіппен буынып, түсіне кәрілік сипат өң беріп, жотасына бөстек-өркеш өңгеріп, Қазыбектер түскен үйге келеді. Әңгімеден әңгіме туындап, бара-бара сұрақ-жауап додасы басталып кетеді.
– Әуелінде не бар? Ортасында не бар? Ақырында не бар? — деп бүкір кейпіндегі хонтайшы Қазыбекке шаншыла қарайды.
– Арға мінәжат етілсе, барға қанағат етілсе, әуелінде ынтымақ, ортасында береке, артында шүкірлік тұрмас па, — деп Қазыбек бір түйіп қойыпты.
– Аспан мен жердің арасы қаншалық жол? — деп «бүкір» хонтайшы қыңырая қадалыпты.
– Бір-ақ шақырым жол ғана. Олай дейтінім, ешкім аспан мен жердің арасын құлаштап өлшеген жоқ, қадамдап басқан жоқ. Күн күркіреп жауғанда, ел дүрлігіп сасатын, құлақтарын басатын. Сонда күн күркірі шақырым жерден жететін. Кемпір-қосақ құрылып, аспан мен жерді табыстырып кететін. Доғаланған иіні шақырымдай-ақ жерден өтетін,- деп Қазекең тағы бір қайырып тастапты.
– Батыс пен шығыстың арасы қаншалық жер? — деп кірпіше жиырылған хонтайшы кіржие қалыпты.
– Небәрі күншілік жер ғана. Олай дейтінім, азанда шығыстан атқан күн ымыртта батысқа шаршап батады. Күншілік жер жүріп өтіп ұясында қалжырап жатады. Ал кереметті көзбен көрген, шығыс пен батыстың арасында зымыраған күнге ерген адамзатты естіген емеспін, — деп соңғы рет кесіп түскенде, хонтайшы үн-түнсіз шығып жүре беріпті.
Содан көп кешікпей келіссөз басталып кеткен ғой.
«Біз Қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз…» — деп басталатын атақты дауын Қаз дауысты Қазыбек бабамыз дәл осы сапарында айтуы да мүмкін деген пікірді қостағымыз бар. Не десек те, осы елшілік екі елдің арасындағы дау-жанжалды бейбіт жолмен тындырып, бітім тапқызып, екі елдің жер шебін белгілетсе керек (6).
Ойрат пен Қазақ бітімінен кейін тұтқын алмастыру болған ғой. Сол кезеңнің тағы бір үлгілі аңызына құлақ түрейік.
«Сол жолғы сапарынан туған жерге оралып келе жатқан Қазыбек шағын тобымен жол-жөнекей Қоңырат руының бір жігітінің үйіне қонып қалыпты.
Қонақжай қазақ дәстүрімен қолын қусырып, қойын сойып, құрақ құшып қымызын ұсынған үй иесінің жүзі сынық, көңілі күпті көрінген ғой. Қонақтар әліптің артын бағып, суырыла сөйлеп, сұғына қоймапты. Ет пісіп, табаққа түсіп қонақтар алдына келіп те қалады. Сыйлы меймандардың мүшелі сыбағасын турап берген жігіт енді бір табақ етті майдалап кесіп, құрулы тұрған шымылдықты түріп қалып, ағаш төсекте жатқан иттің алдына апарып қойыпты.
Қонақтар аң-таң боп, үнсіз отыра берген ғой. Жігіт сыртқа шығып кетіп, үй қасындағы үйшіктен үсті-басы алба-жұлба, мойнына дорба салған, шашы ұйысқан, бет-аузы тырысқан, көзі кіртиген, өңі оңған бір әйелді ертіп кіріп, итаяқтағы сүйек-саяқты алдына итере салыпты.
Қазекең тіксініп қалып, қолын майлыққа сүртіп, кейін шегініп арқасын жүкаяққа сүйеп, қасын қиғыштай кере үй иесіне шаншылып қарапты. Жігіт те түйсіксіз болмаса керек, қолын кеудесіне төсеп, бас иіп, хикаясын бастап кетіпті.
Сөйтсе, келіншек жігіттің қыздай айттырып алған әйелі екен. Содан бірер жыл бұрынғы ойрат шабуылында қолды боп кетіпті. Қазақ-ойрат бітімінен кейін келіншегін іздеп барған жігітті некелі жары кеудеден итерген ғой. Тұтқында жүріп тұрмыс құрған ойрат күйеуіне әбден бауыр басып алған бәтшағар шіркін бұрынғы қазақ отағасына пысқырып та қарамай қойыпты. «Қолға түскендерді тегіс қайтару керек» дейтін хонтайшы әміріне бас иген ойраттың жігіті: «Көнсе, алып кете бер» деп мәрттік танытыпты. Әйелді иліктіре алмай әбден мысы құрыған жігіт: «Алыстан әдейі іздеп келіп ем, ең болмаса әудем жер шығарып сал» деп келіншекке жалынады. Амалсыз ілескен әйелді ұзап шыға беріп, мойнына қыл шылбырды тастап жіберіп, артына қағып салып, іліп ала жөнеледі. Ер жігіттің аты – қанаты. Түнімен құйғытып, таң ата Қазақтың жер шебіне жеттім деген мезетте артынан шаң көрінеді. Жарамды атпен қуып жеткен кең жауырынды ойрат күйеу екен. Анадайдан айқайлап, дабылды қағып қалады ғой, «Енді бұл әйелді жеңген алар. Кел, бауырым. Сенімен аянбай бір ойнайын!», — деп қылышын ала ұмтылады. Жігіт те аттан қарғып түсіп, қарсысына шыға беріпті. Дәл сол кезде әйел жігіттің аяғынан шап беріп, екеулеп жерге алып ұрады. Ойраттың астына түсіп, өлгелі қалғанда күшігінен асыраған иті жауын жарып тастапты. Содан бері өмірін сақтап қалған итті қадірлеп, иттік жасаған әйелге итаяқтан ас беріп жүрген екен» (6).
Қаз дауысты Қазыбек ұзақ ойланып отырып, бір кезде қоңыр Қаздай қаңқыл дауысты көмейден төгіпті деседі:
«– Жүрекке әмір жүрмейтінін білмей, құштарлықтың қызыл тілді күрмейтінін білмей, сен жүректі білекпен жеңбек болыпсың. құшағына өктемдікпен енбек болыпсың. Сенің өктемдігіңе көнбеген бұл айыпты емес, жүрекке ерік бермеген сен айыптысың. Одан соң бұл әйел басқаны ұнатқаны үшін емес, жауына болысып, сені құлатқаны үшін айыпты. Сонымен айыпты айып жусын да ашуды ақыл қусын. Бұл әйел тµркінін тапсын. Сен өзің өшпенділіктен босап, еркіндігінді тап!» — деп кесігін шорт кесіпті би бабамыз.
Тағы бір аңыз мынандай бір сыр шертеді.
«Дәл осы бітім тұсында әлде келушілердің көзіне түсе қоймаған ба, әлде іздеушісі болмаған ба, қаршадай ғана қозышы қазақ баласы жылқының бас сүйегін құшақтап: «Толыбай сыншының баласы деп мені кім айтады, алдына қара салмаған тұлпардың басы деп сені кім айтады?» — деп еңіреп отырған жерінен хонтайшы әлгіні шақыртып алады.
– Балам, сен тұлпарды танимысың? Онда мыналардың ішінен маған тұлпарды көрсетші, — деп мың-мындаған жылқысын айдап өткізеді.
– Тұлпар жоқ, тақсыр. Ылғи жабы жинапсыз, хан ием! — дейді бала.
– Онда сен маған елімнен тұлпар тауып бересің. Таппасаң, басыңды мен шауып берем! — деп хонтайшы баланың қасына кісілерін қосып, хандығын аралатып жібереді.
Апта жүреді, ай жүреді – тұлпар кездеспейді. «Ханға не деп жауап беремін?» — деп аландап келе жатқан баланың көзі өзенде ағып бара жатқан жылқының тезегіне түсіп кетеді ғой. Қуанған бала: «Тап анау тұлпардың тезегі!» деп айғайлап жіберіпті. Өзенді өрлеп, құйғыта жөнелген бұлар су жағасында дамылдап жатқан саудагерлерге кездеседі. Баланың көзі сал сүйек, көтерем, арқасы жауыр атқа түскен бойда айрылмай қалғанын көріп, қасындағылар әлгіні бір бедеуге айырбастап алады.
Көтеремді жетектеп хонтайшыға әкеліп көрсетеді ғой. — Тулақтан тұлпар іздеген бұл ақымақ па, малшыдан сыншы іздеген мен ақымақ па? — деп хонтайшы арық атқа осқырына қарапты.
– Тақсыр, біздің елде «ерді кебенек ішінде таны, түйені жүк астында көр, тұлпарды бәйгеде сына» деген мақал бар. «Жылқы жануарды күніне мінсе – есек, айында мінсе – ат, жылында мінсе – тұлпар» деген емес пе. Сіз бұған он қысыр биеден үйір салып беріңіз. Жылында кезегімен біреуін сойып көріп, тұлпардың толған уағын өзіңізге айтып берем, — дейді бала.
Содан әлгі көтерімді үйірге салып, жайлауға айдап кетіпті.
Жылда бір биені сойып байқап жүрсе, жетінші жылғы сойылғанының жілік майы ақ кемік болған көрінеді дейді.
Тұлпардың мүддеге толғанын білген сыншы енді оны баптап, суытуға кіріседі. Сымға тартқан күмістей болған тұлпарды бәйгеге қоспақ болады. Хан бүйрығымен бүкіл елден арғымақтар жиналып, күншілік жерге жіберіледі ғой, ә дегенде тұлпар қиқақтап шаба алмай, жарысқа қосқан сәйгүліктердің ең соңында қалып қойыпты дейді. Анау да, мынау да мазақтап ағызып өтеді екен. Бір кезде өз-өзінен еліріп, өршіген ат сәске түсте алдында самғап бара жатқан арғымақтардың бәрін көктей өтіп, күн қыза хонтайшының алдына қара үзіп жетіп барған ғой.
– Аз да болса дәмдес, түздас болып ем, сау бол, хан ие. Ит тойған жеріне, ер туған жеріне деген. Арманым бір тұлпар еді, міне сұңқар боп еліме ұшып барам, — деп бала жігіт батысты бетке алып, тартып беріпті деседі.
Бұл шақта Толыбай сыншы құсадан жатып қалған екен. Күншілік жерден тұлпардың дүбірін естіп, орнынан атып тұрған көрінеді.
– Тұлпар дүбірі жетіп тұр, қашып шыққан ұлым болар-ал осы!.. Қас тұлпар басын тасқа соқпай тоқтамаушы еді, амалдап баланы түсіріп алайық, — деп Толыбай сыншы арқан кергізіп, кілем төсетіп қойыпты ғой. Әлгі керілген арқан баланы тұлпардың арқасынан сыпырып қалып, кілемнің үстіне топ еткізіп түсіріпті дейді. Құйғытқаннан құйғытқан тұлпар басын тасқа соғып, мең-зең боп, Жиделі-Байсынға жетіп бір-ақ тоқтаған ғой. Ол жақтағы жұрт оған дейін жылқы тұқымын көрмеген екен деседі аңызда. Бір қария әлгі тұлпарға қарап тұрып: «Бұл өзі төрт тұяғы болат жылқы деген мал екен, жүрген жері жаугершілік пәле екен. Құтырғаннан құтылған абзал» деп жануарды атқызып тастапты» — деп аяқталады аңыз.
Халық тағдырының қиын-қыстау шағында, ел өмірінің аса қиын кезеңінде шұғыл жасалатын құбылыстар – төңкерістер, өзгерістер, реформалар әл заманда сол халықты билеген әкімнің, басшының пәрменді әрекетімен тікелей байланысты болған. Осы тұста біз қазақ жұртының болашағын, туған халқының тарихтан өшіп кетпеуін тілеген Тәукенің, ел ауызында құрметпен Әз Тәуке аталған ұлы ханның еңбегін ерекше атап кеткеніміз жөн. Ол хандық құрған (1680-1718) тұстың бас кезінде бір орталыққа бағынған бұрынғы дербес Қазақ мемлекетінің тұтастығына сызат түсе бастаған еді. Шыңғыс хан тұқымынан тараған төрелер елді іштен ірітсе, сырттан теріскей көршісі Ресей патшалығы мен шығысындағы Жоңғария хандығы қорқаулана қоршай түскен болатын.
Бірінші Петр тұсында қатты дәуірлеген Ресей оңтүстік пен шығысқа құлашын кең созып, империясын барынша молайтуға жанталаса әрекет жасап жатқан кез еді ол. Дәл осы кезеңде қазақ жұртының іргесінен дамылсыз шаң боратып, шабуылы мен шаңдуылын үдетіп Жоңғар хандығы қатты бел алып тұрған. Ол аздай-ақ Бұқар мен Хиуа хандықтары, төменгі қалмақтар мен башқұрттар «түрт шайтанды!» қоздырып қойып, саяқ шыққан Қазақтың мал мен жанын қылғып жұтып, құнығып алған еді.
Сондықтан да Әз Тәуке шығысындағы ойраттардан төнген қауіптің алдын алу үшін батысындағы орыс патшалығымен барлық қарым-қатынасты түзеуге мейлінше күш салған. Сауда-саттық, елші алмастыру, дипломатиялық байланыстарды жандандыруда Тәукенің қызметі өте мол. Және де оның Қазақ хандығын бас сауғалаған кіріптар күйде ұсынбай, іргелі ел, темірқазықты мемлекет дәрежесінде қабылдатып, батыс-шығыс көршілерімен иығын теңестіріп, терезесін тең ұстап сөйлеуді дәстүрге айналдырғаны көптеген архивтік құжаттардан белгілі. Болжағыштығы мен көрегендігі қауіп-қатердің алдын алғызып, қазақ жұртына төне бастаған зобалаңның бұлты мен түтінін бұрып жібертіп отырғаны да тарихтан мәлім.
Әз Төукені сыртқы басқыншылардан да гөрі әсіресе, ішкі алауыздық қатты қобалжытқан ғой. Содан да ол осы бас араздық, ру таласы, іштей арбасу, аяқтан шалу, шоқ тастап өрт тұтату, үй арасының шаңын …..
zharar.com