Әңгіме: Мен Тәуелсіздіктің құрдасымын
Биыл – ел егемендігіне 26 жыл! Бұл күн әсіресе мен үшін және Тәуелсіздіктің құрдастары үшін ерекше мейрам. Дүниеге шыр етіп келген күннен бастап «тәуелсіз елдің ұрпақтары» деген аталы сөзді естіп өстім. Батыр ата-бабаларымыздың тәуелсіздік пен азаттық жолындағы ғасырлар бойғы күресін тарихтан оқып білдім. Қаншама баһадүр бабаларымыз қаны мен жанын азаттықтың ақ жолына сарп етті десеңші. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы орындалды. Тәуелсіздіктің ақ таңы атты! Ширек ғасырдан астам тарихы бар Қазақ елі бүгінде қарқынды дамып келеді.
Тәуелсіздіктің құрдасы атану мен үшін үлкен мәртебе, бақыт және мақтаныш! Мен 1991 жылғы бірінші маусымда Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Сарға ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Үйде жеті қыз және бір ұл болып өстік. Менен кейін әулетімізде көптен күткен інім дүниеге келді. Бүгінде ол қара шаңырақтың иесі. Әкем жұмысшы, анам «Батыр ана». Қазіргі таңда анам зейнеткерлікке шықты. Мен 1997 жылы Сарға ауылындағы Ә.Жанкелдин атындағы орта мектептің бірінші сыныбына бардым. Білім ордасын 2008 жылы жақсы аяқтадым. Мектеп қабырғасында жүргенде ұлағатты ұстаздардан тәлім алдым. Арманым сол кісілердей бала жанының жанашыры, ақылшысы, бағбаны болу еді. Сол жылы Ақтау қаласындағы Маңғыстау гуманитарлық колледжіне оқуға түстім. Онда «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша білім алдым. Қасиетті қара шаңырақта оқып жүріп, қоғамдық шараларға белсене атсалыстым. Қолымнан келгенше қасымдағы достарыма көмектестім. Оқу ордасын 2011 жылы абыроймен тәмамдадым. Қолыма дипломымды алып, туған ауылыма бардым. Алғаш еңбек жолымды «Сарға бөбекжай» балабақшасында тәрбиеші болып бастадым. Балғындардың былдырлағын тәтті тілдерімен қылықтарын көре жүріп, жақсы тәрбие беруге тырыстым. Жаман нәрседен аулақ болуға шақырдым. 2011-2015 жылдары аралығында Ақтөбе қаласындағы «Қ.Жұбанов» атындағы мемлекеттік университетінде екі жыл оқып, жоғарғы білім алдым. Бүгінгі таңда Ә. Жанкелдин атындағы орта мектепте дайындық сыныбының мұғалімі болып қызмет етемін. Жұмыс жасап жатырғаныма үш жыл болды. Осы уақыт аралығында бірнеше мәдени шараларға қатысып, жүлделі орындарды иелендім.
• «Білікті жас маман» мектепішілік байқауда 2 орын алдым. 2017ж.
• Мектепішілік «Қарышта жас маман қарышта, даңқың жетсін алысқа» тақырыбында жас мамандар семинарында «Ең қызықты ашық сабақ» номинациясы бойынша дипломмен марапатталдым.
• «Бабалар ерлігі – ұрпаққа өнеге» тақырыбындағы оқушылардың сырттай плакаттық суреттері мен фотобайқауларының аудандық кезеңінде «Бейбітшілік жасасын» номинациясы бойынша жетекшілік еткенім үшін 3 дәрежелі дипломмен марапатталдым. 2015ж.
• Қазақстан Республикасы бойынша білім беру мекемелерінің қатысушылары арасында «Математика, Мектепалды даярлық» пәні бойынша ұйымдастырылған республикалық олимпиада жүлдегерлерін даярлағаным үшін «Алғыс хатпен» марапатталдым. 2017 жыл.
• Балабақшаішілік «Ал, қанекей, Аналар» атты байқауында 1 орын иелендім.
• Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай» атты сайыста 1 орын алғаным үшін Дипломмен марапатталдым. 2017 жыл
• 18 – мамыр Халықаралық мұражай күні және 21 – мамыр Мәдениет күніне арнап ұйымдастырылған «Ел іші — өнер кеніші» атты көрмеге белсене атсалысқаным үшін дипломмен марапатталдым.
Мен үшін Отаныма аз да болса пайдамды тигізіп, елімнің болашағы үшін еңбек етуден асқан абырой жоқ. Сарға ауылындағы Ә.Жанкелдин атындағы білім шаңырағында өзімде он бір жыл бойы оқыдым. Қазір де сол ұлағатты ұстаздарым білмегенімді үйретеді. Ұжым өте ұйымшыл. Адам — бала кезінен бастап қалыптасады. Осы кезден бастап баланың болашақ тұлға, өз елінің азаматы ретінде негізі қалана бастайды. Елдің болашағы білімді жастардың қолында екені анық. Бүгінгі жас — ертеңгі маман. Сондықтан шәкірттеріме сапалы білім беруге тырысамын. Әр сабақты балғындарға түсінікті етіп, олардың білім алуға деген ынтасын ояту үшін көп ізденемін. Нәтижесінде балаларым түрлі байқауларда жүлделі орын алып та жүр. Мен әрбір бала нағыз талант иесі дер едім. Оларға тәуелсіз елімізде сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Мен болашақ жастарға сенемін. Ендігі алдымда тұрған мақсаттардың бірі – Отанға, өз халқыма деген сүйіспеншілігі мол – жас ұрпақты тәрбиелеу деп есептеймін.
Бүгінде тәуба, тарихымызды түгендеп, шекарамызды бекіттік. Еліміз қарыштап дамып келеді. Туған топырағым Сарға ауылының бүгінгі келбеті осының көрінісі. Біздің ендігі мақсатымыз – тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтып, мәңгілік елімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Үлкен әулетке келін болып түскеніме алты жыл болды. Менің ата-енемде ұлағатты ұстаздар. Бүгінде құрмет демалысында, немерелерінің мейіріміне шомылып отыр. Аллаға шүкір бүгінде инабатты келін, ардақты жар, үш баланың аяулы анасымын. Сонымен қатар «Мәңгілік елдің» іргесін қалар балапан жеткіншектерге сапалы тәрбие, саналы біліммен сусындатып, ұлағатты ұстазға айналу — өмірлік ұстанымым.
Тәуелсіздіктің құрдасы болу да бір бақыт. Отанымыздың даңқын асыру — біздің міндетіміз. Тәуелсіздіктің ақ таңында туып өскен біздер үшін бұл үлкен қуаныш, ұлы мереке. Иә, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, Халқымыздың абырой-беделі асқақтай берсін демекпін.
Қармысова Айзада Шырақбайқызы
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Сарға ауылы Әліби Жанкелдин атындағы
орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі