Әйел кісі «талақ» десе, онысы талаққа санала ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
1. Ері әйеліне талақ етуге өкілеттілік берген болса, әйелі өзін талақ ете алады. Мұны «тәфуиди талақ» дейміз[1]. Талақтың бұл түрі айтылған сөзге қарай - «рижғи талақ» немесе «баин талақ» үкімін алады.
2. Әйел кісі ерімен белгілі ақыға келісіп, «талағын» сатып алуы мүмкін. Бұны «хүлғ» деп атайды. Бұл - «кіші байн талақ» үкімін тудырады[2].
3. Әйел кісі кейбір зәру жағдайлар себепті қазыға (бүгінде мұсылман сот) жүгініп, сот арқылы ажырасуға құқы бар.
Бұлардан өзге әйел кісінің өз бетінше «талақ» деп айтқан сөзі – талақ болып есептелмейді.
Дінімізде талақ ету құқы - тікелей отағасына тән[3]. Жоғарыда сайып өтілгендерді айтпағанда, әйел кісіге тікелей талақ ету мүмкіндігі берілмеген. Бұл - әйел затының нәзік табиғатын, әрі аса сезімталдылығын ескергендіктен болса керек.
Бұнымен қатар, Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләмның мына бұйрығын айтпай кетуге болмайды. Ол (с.а.у.) былай дейді:
«Қайсыбір әйел ешқандай залал көрмесе де күйеуінен талақ сұрайтын болса, ол әйелге жәннаттың иісі харам»[3].
Сондықтан да, қит етсе «кетемге» басып, ажырасуды көздеудің күнә екендігін естен шығармаған жөн.
Абдусамат Қасым