Әбілқайыр хандығы | туралы қазақша
Шыңғыс ханның тікелей 15-ұрпағы, жаугершілікке толы XVIII ғасырда өмір сүрген Мұхаммед Әбілқайыр Ғази Бахадүр хан Еуразияның ұлы тарихи тұлғаларының қатарынан орын алады. Қазақтың сол кезеңдегі Әз Тәуке, Әбілмәмбет, Абылай сынды атақты хандарымен қатар ол да қазақтардың, қарақалпақтардың, қалмақтардың және басқа да халықтардың тағдырында есте қаларлықтай із қалдырды. XVII ғасырдың соңында Қазақ хандығы ауыр халықаралық жағдайға душар болды. Бұған Ресей мемлекетінің Еуропаның оңтүстік-шығысында және Цин империясының Орталық Азиядағы әскери-саяси экспансиясының белсенді әрекеттері ықпал етті. Олардың ықпал аймақтары үшін бәсекелестігі көшпелі халықтарды біртіндеп сауда жолдарынан айырып, Еуразия даласындағы көшпеліліктің қысқаруына, көшу-қону бағыттарының өзгеруіне, сөйтіп көшпелі халықтар арасындағы өзара қақтығыстардың күшеюіне әкеліп соқтырды.
Қазақтар мен жоңғарлар арасындағы бірер ғасырға созылған соғыстар ауыспалы жеңіспен өтіп тұрды. Алапат кезең екі халыққа да ауыр сынақ болды. Ал 1723 жылғы жоңғарлардың тұтқиылдан шабуылдауы мен қазақтың торғайдай тозуы ел жадында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен мәңгіге орнап қалды. Мұндай ауыр да қайғылы уақытта Әбілқайыр өзінің жастығына қарамастан, батылдығымен, әскери шеберлігімен және дала соғысын жүргізуде қайталанбас тактик және стратег ретінде ерекшеленді. Қазақ жасақтарының 1726,1729 жылдардағы жеңістері Жоңғар хандығы тарапынан төнген қауіпті біршама сейілткенімен, үш жүз басшыларының ынтымаққа келе алмауы салдарынан қазақ халқының саяси жағдайы мүшкіл және күрделі болып қала берді.
Тәукеден кейін хан тағы 1715 жылдың күзінде бос қалды, билікке аға тармақ өкілдері ғана үміткер болатын еді. Қазақтарда хан тағына тек Шыңғыс ұрпақтары ғана көтерілетіні белгілі. Оның бер жағында, салт-дәстүрге сай хан тағына Жәнібек-Жәдіктен тараған аға ұрпақ өкілдері ғана сайлана алды. Алайда Әбілқайыр қазақ билеушілерінің кіші буынынан, яғни ол Жәнібектің ұлы Өсектен тарады, сондықтан Тәуке мен Қайып ұрпақтарына бәсекелес бола алмады. Осыны алға тартқан Тоғымның ұлы Барақ Кіші жүздің ханын мансапқұмар, билікке айлакерлікпен келген деп мәлімдеген-ді: «нашу линию зовут Тогум-Шигайской, а его Абулхаира, ханская фамилия Белгкай-Коянская, и его род против нашей силою не будет, ибо – де наша фамилия честная и многомодная» [1].
Көптеген зерттеушілер Әбілқайырдың хан сайлануындағы шешуші фактор оның жоңғар-қалмақтарға қарсы күрестегі ерен еңбегі деп санайды. Шын мәнісінде оның «Ақтабан шұбырынды» (1723- 1727 жж.) жылдарында жоңғарларға қарсы тұруда және оларды талқандаудағы рөлі орасан зор. Жоңғарлардың Қазақстан мен Орта Азияға жойқын шабуылдары кезінде ол жасақтарын жұмылдыра отырып, Түркістан қаласын жаудан тазартты. Кіші және Орта жүздердің ықпалды Жәнібек, Есет, Бөкенбай, Құдаймырза сынды ақсақалдарының, тегеурінді де көп санды Шекті руының және Әлімұлы ұрпағы – Алшын тайпасының қолдауы оның Кіші жүздің алғашқы ханы болуына мүмкіндік берді. Оған дейін бұл жүзді Орта жүздің хандары билеп келген-ді. Аңыз бойынша Әбілқайырды хандыққа тағайындау рәсімінің өзі халықтық жиналыста Бадам өзенінің аумағында «Ордабасы» тауының бөктерінде, Шымкенттің батысында өткен. Нақты күні белгісіз. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, бұл оқиға ХVIII ғ. 20-жж. болған: 1718 жылы Әбілқайыр әлі сұлтан, ал 1726 жылы ол хан ретінде өз атынан елшілік жібереді [2].
Оған қоса, Әбілқайыр Н.Г.Апполованың тұжырымына қарамастан, ұлы хан болған. Бұл жайтты замандастары мен үзеңгілестері, соның ішінде Бөгенбай батырдың пікірлері айғақтайды. А.И.Тевкелевпен кездесуінің бірінде Бөгенбай Әбілқайыр сұлтан Тәукеден кейін «басты рөл атқарып, ешкімнің бөгеуінсіз, өз еркімен шешімдер қабылдаған» («был главным и много чинил по своей воле, не имея ни от кого препятствия») деген. Бұл мәліметтерді кейінде Орта жүздің ханы Сәмеке де растады [3].
XVIII ғ. бірінші ширегі қазақтардың жоңғар басқыншыларымен арпалысқан азаттық күрес кезеңі болды, міне осы тұста Әбілқайыр қасиетті соғысқа, Ташкент, Түркістан, Сайрамды қорғауға белсене атсалысты. 1718 жылы Аягөз өзенінде Әбілқайыр мен Қайып билігіндегі жасақ жоңғарлармен соғысты. Дәл осы уақытта Әбілқайыр сұлтан мен Сібір губернаторы арасында Жоңғарияға қарсы әскери-саяси келіссөздерге ұқсас алғашқы байланыс орнайды. Жастығына қарамастан, Әбілқайыр өзінің батылдығымен, қолбасшылық, басқарушылық қабілетімен, танылды және қайраткерлік тәжірибесін шыңдап, нағыз халық көсемі дәрежесіне көтерілді. Ендеше 1726 жылғы бүкілқазақтық Ордабасы сиезінде Әбілқайырға қазақ жасағын басқару жүктеліп, оның сайлануы кездейсоқтық емес еді. Сиезге келген хандар, сұлтандар, билер және батырлардың барлығы бір ауыздан Әбілқайырға қолдау көрсетті. Ежелгі дәстүр бойынша ақбоз құрбандыққа шалынған-ды.
33 жасында қазақ әскерінің Бас қолбасшысы болып, әккі жауға қарсы тұрарлықтай соғысқа қабілетті, қаруланған күшті әскер құруға тырысты, бұл өз нәтижесін берді де. 1728 ж. Ұлытауда, Қарасиыр деген жерде, Бұланты өзенінің жағасында жоңғарлармен болған соғыста алғаш рет жеңіс туын желбіретті. Жеңіс халықты рухтандырып қанаттандырды, жеңілмейтін жоңғарлар туралы аңызды жоққа шығарды. Әбілқайыр алғашқы жеңіске қол жеткізгенімен де, жауының әлі қуатты екендігін жақсы түсінді. Ол жеңісін бекітуге асықты. 1730 жылы Балқаш көлінен оңтүстік-шығысқа қарай жерде қазақ қолы Әбілқайырдың бастауымен жауды ойсырата жеңді. Жүз жылдық қазақ-жоңғар соғысында түпкілікті бетбұрыс туындап, ақырғы жеңіс жақын қалғандай сезілген-ді. Бірақ осы тұста аға хан Болат (Тәукенің ұлы) кенеттен көз жұмды. Ғасырлық салтқа байланысты хан тек үлкен сұлтандық ұрпақтан болуға тиіс еді, ендеше осыған орай марқұм Болат ханның ұлы жас Әбілмәмбет хан тағына көтерілді. Сұлтандық кіші тектен шыққан Әбілқайырдың халық алдындағы еңбегінің еленбей, оны орап өткендікті әділетсіз деп тануына атаққұмарлығы қосылып, ол жауапты қадам жасауға бел буды. Сөйтіп, Бас қолбасшы шенінен бас тартып, Кіші жүзге оралды. Әрине, мұндай әрекеті үшін оны кінәлауға болады, дегенмен ол бұл ісін өз заманында төрелердің жазылмаған, бірақ жадында сақталған ар- намыс кодексі шеңберінде жасағандығы хақ.
Хан тағынан үміткер Болаттың інісі Шахмұхаммед (Сәмеке) де майданды тастап кетті. Осылайша үлкен күшпен кұрылған бүкілқазақтық қол ыдырап, қалыптасқан жағдайдан әрбір жүз жеке, дара шығудың жолын іздеуге мәжбүр балды. Ұлы жүз жоңғарларға бағынып, аманат ретінде азаматтарын аттандырып, алым-салық төлесе, Орта жүз бостандық үшін күресті жалғастыруға бекінді. Кіші жүзде тіптен басқаша жағдай орын алды. Төрт жағынан жоңғарлар, хиуалықтар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары мен башқұрттардың құрсауында қалған ел адам төзгісіз ауыртпалық пен толассыз шапқыншылықтан жан сауғалап, Кубань мен Түркияға ауып кетуге дайын еді.
Белсенді де жауынгер кіші жүздің басындағы Әбілқайыр хан көзін құдіретті Ресейге салды. XVIII ғасырда аумақтық бөлініс үдерісі нәтижесінде әлемдік империялар құрылған еді: Британия, Австро-венгрия, Ресей, Испан, Қытай, Түркия. Жалпы, барлық азшылық халықтар тағдырдың жазғанымен үлкен державаларға бағынуға немесе жоғалып кетуге жақын тұратыны айғақ. Әбілқайыр хан орыстық дипломатиялық ортада белгілі болды. 1718 жылдың желтоқсанында сұлтан ұлы патша Петр Алексейұлына қалтқысыз қызмет ететінін былай пайыдаған болатын: «премного челом бьет и покоряетца…, о чем царское величество укажет … и будет служить без о всякого отлагательства …» [4].
А.Тевкелев ол туралы «… человек достаточного ума и не без лукавства», – деп айтқан-ды. Демек Әбілқайыр ең алдымен қазақ мемлекеттігінің стратегиялық мүддесін алға тарта отырып, бірақ басқа жағынан, болашақта Ресей басшылығына сүйеніп, өзінің бәсекелестерінен жоғары тұрып, оларды саяси алаңнан ығыстырғысы келді. Қалыптасып отырған жағдайда Әбілқайыр жалғыз дұрыс шешім қабылдаған болатын. 1730 жылдың күзінде қазақтарды Ресейдің қол астына алуын өтініп, Мәскеуге елшілігін жіберді. 1731 жылдың 19 ақпанында Анна Иоанқызы патшайым қазақтардың Ресейдің қамқорлығына өткендігі туралы Әбілқайырдың атына тарихи құжат жіберді. Осылай қазақ жерлерінің Ресей құрамына кіруінің ұзақ та қарама-қайшылықты үдерісі басталып, яғни орыс әскерлері Шымкент пен Түркістанды басып алған 1864 жылға дейін, яғни 130 жылға созылды.
Әрине, қазақтардың Ресей бодандығын қабылдауын өз қалауларымен болды деп әсірелеудің қажеті жоқ. Бұл – саяси жағдайдан туындаған ауыр да амалсыз қадам болған еді. Әбілқайыр сол тұстағы қиын жағдайдан шығудың тиімді жолын іздеді деп түсінген жөн. Сарындас жағдайларда Грузия, Армения, Украина осындай іс-әрекетке барып, сұлтандық Түркиядан, Иран шахынан, католиктік Польшадан қорғану үшін Ресейден тірек іздегені белгілі. Ресейлік тарихшы және жазушы Натан Эйдельманның тұжырымдамасы ойымызды түйіндей түспек: «Не стоит слишком уж много говорить о добровольности присоединения тех или иных народов к России: каждый народ хочет жить самостоятельно, и если присоединился к великой державе без борьбы, то не от хорошей жизни» [5].
1995 жылы шыққан Владислав Владимировтың «Указ которого не было» атты ауқымды мақаласында («Новое поколение» газеті. №4.1995.) келтірілген мынадай қызықты мәліметтер еріксіз назар аудартады: «никакого императрицыного указа в природе не существовало. Не было и грамоты о принятии в российское подданство казахского НАРОДА. В тот день 19 февраля 1731 г. Анна Иоанновна с подачи вице- канцлера Андрея Остермана подписала документ совершенно другого содержания». Құжат екеу болған, оларда күллі қазақ халқы туралы емес, екеуінде де ханның өзі, оның старшындары мен қазақ сарбаздары жөнінде ғана айтылған. Бірінші және екінші құжатта да ХАЛЫҚ туралы бір де бір сөз болмаған.
Екі жағдайда да шегелеп айтылғаны: «хану и всему ВОЙСКУ кайсацкому содержать себя в постоянной верности Нашему Императорскому Величеству и к нашим наследникам». Бұдан басқа оларды кез келген бұйрықты бұлтартпай орындауға және жапсарлас өлкеге қиянат жасамауға, керісінше көпестерге, Ресей бодандарына мүмкіндігінше көмек беруге міндеттеген [6].
Басқаша десек, Остерманның ықпалымен императрица, қазіргі тілмен айтқанда, ұзақ уақыттық ортақ қауіпсіздік кеңістігін құруға келіскен-ді. Келісімшартта патша әкімшілігінің бірінші кезекте өз мақсатын алға қойғандығы айқын көрініс тапқан; қазақтардан сөзсіз әскери дайындықты талап еткенімен де Ресей жағы қазақ жерін не Жоңғар, не Хиуа, не Бұқар және Қоқан хандықтарынан қорғау туралы ешқандай кепілдік бермеген. Орта жүзге 1738, 1741, 1742 жж. жоңғарлар кезекті жойқын жорықтарын ұйымдастырғанда, ресми Петербург тек сес көрсетумен ғана шектелген-ді. Шарқ ұрған Әбілқайыр жалынып, Орынбор комиссиясының бастығы князь Урусовқа орыс әскерлерін жіберуін өтінген еді. Әйтпесе жоңғарлардың бодандығына өтетіндігін мәлімдеген-ді. Десек те Әбілқайыр Ресей тарапынан тағатсыздана күткен әскери көмекті ала алмады.
Осылайша, 1731 жылы 19 ақпанда Анна Иоанқызы қол қойған алғашқы құжат Әбілқайырдың, оның старшындары, ҚАЗАҚ ҚОЛЫНЫҢ атына жіберілген болатын және онда Петербургтың басты талабы Ресей мүддесі үшін қазақ халқына «жан қию құқығы» берілген-ді. Екінші құжатта Ресей елшісі Тевкелевке патшайымның талап-тілектерін жеткізуге толық құқық берілгендігі расталды. Тевкелев дала салтын жетік білгендіктен, соңғы грамотада императрицаның атынан Әбілқайыр ханға берілетін арнайы сыйлықтардың тіркелуін талап еткен болатын. Сондай-ақ Остерман Тевкелевті 12 бөлімнен тұратын арнайы «Қағидамен» қаруландырған-ды. Дәл осы «Қағиданың» арқасында, яғни оған сүйене отырып ол «журнал» жүргізген-ді. Аталған «журнал» негізінен бізге тарихтың шындық беттерін жаңғыртуға мүмкіндік береді: императрица грамотасының хан ордасында қабылдану және Орта және Кіші жүздердегі ішкі саяси шиеленістердің өрістегені, одан кейінгі кезеңдердегі қалыптасқан жағдайды бағамдауға негіз болмақ…
Әбілқайырдың ордасына Тевкелев бастаған елшілік тоғыз түйе және екі жүз жылқымен келіп жетті. Елшінің жанында жасақталған қарауыл он адамнан тұрды. Оның бер жағында тағы да ерткен әскери жасағы барды. Оның құрамында жинақталған он дворянин, он казак және сол казактарға күші мен ептіліктен қалыспайтын отыз шақты атты башқұрт болды.
1731 жылы 5 қазанда Тевкелев пен Әбілқайыр кездесті. Жөн сұрасқаннан кейін хан БАСҚА ХАНДАР мен СҰЛТАНДАРДЫҢ және де ҚЫРҒЫЗ-ҚАЙСАҚ СТАРШЫНДАРЫНЫҢ КЕЛІСІМІНСІЗ ӨЗІНЕ бүкілресейлік БОДАНДЫҚТЫ ӨТІНІШ ЕТКЕНДІГІН мәлімдеген болатын. Мұндай тосын жауапқа «Один! Один!» … как ты мог пойти на такой великий обман?!», – деп Тевкелевтің абдырағанын алға тарталық. Әбілқайыр сенімді түрде өз ойының ешқандай орындалмайтын нәрсе еместігін айтты. Бәрі шындық … Тек уақыт керек [7]. Хан мен елшінің құпия әңгімесінен хабардар болған далалықтардың үлкен бөлігі Тевкелевті қайырымдылық елшісі емес, зұлым барлаушы деп түйсінді. Қазымыр Тевкелев өз журналында ақсақалдардың, батырлардың «чтоб с Россией быть в миру, а в ПОДДАНСТВЕ БЫТЬ НЕ ЖЕЛАЮТ», – деп ашық жариялағандарын мәлімдейді. Елшіні өлтіру қаупі туындады [8].
Туындаған қауіпке қарамастан, Тевкелев қалаған азаматтардан ант қабылдауға қол жеткізді. Патша елшісінің қазақ ақсүйектерімен болған өткір, бірде драмалық жағдайға ұласқан келіссөздерінде Кіші жүздің батыры Бөкенбай, сондай-ақ Есет, Жәнібек, Құдаймырза секілді старшындар шешуші рөл атқарды. Дегенмен, Әбілқайырдың дәтінің беріктігі мен бірбеткейлігін де санаттан шығаруға болмас. 1731-1733 жж. ішінде Тевкелев бірнеше рет өлкеде болған тұста ханның өз өміріне қауіп төнген-ді. Соған қарамастан, Әбілқайыр Ресей елшісіне берген антына және сөзіне адал болып қала берді. Оның бер жағында, Әбілқайыр және А.И.Тевкелев ағайындай болып кеткен еді. Адамдардың ойы мен жүрегіне жол табар өткір күресте Әбілқайыр өзін шебер дипломат және жақсы психолог ретінде көрсетті. Оның ақыл-кеңестері мен ұсыныстары Тевкелевті қиын жағдайлардан жиі құтқарып жүрді. Бірнеше рет ол қолына қару алып, ызалы топтан елшінің өмірін қорғап та қалды.
1731 жылғы 10 қазандағы тарихи жиында мына кісілер Ресей бодандығына адалдыққа ант берді: Кіші жүз ханы Әбілқайыр, Орта жүз батыры Қанжығалы Бөгенбай, оның ағасы Құдайназар мырза, Кіші жүз старшыны Есет және Кіші жүздің үлкен бөлігінің атынан шыққан 27 старшын. Ант рәсімі Құран ұстау арқылы қабылданды. Ресей қол астына жаңа кіргендерге Тевкелевтің адамдары патша сыйларын тарту етті. Жоғарыда айтылған тоғыз түйе мен 200 жылқымен келген елшілік керуен және барлық тартулар жолдық журналда көрсетілгеніндей, Ресей қазынасына түскен салмақпен бағамдасақ 110 сом 60 тиынды құраған [9]. Мемлекеттік миссиясын тамаша орындаған Тевкелев 1732 жылдың 23 қарашасында Санкт- Петербургқа жол тартты. Онымен бірге Әбілқайыр Анна Иоанқызының сарайына аманат ретінде еріктілерді, өзінің ұлы Ералы сұлтанды және оған жақын бірнеше адамды жіберді. Кіші жүздің жалпы Ресей қол астына өтуінің объективті негізін жоққа шығармағанмен де, Әбілқайырдың жеке мүдделерінің белең алғандығы белгілі жайт.
Әбілқайырдың Ресей бодандығын алған-алмағандығы төңірегінде орыс тарихнамасында бір тоқтамға келген пікір жоқтың қасы. А.Н.Добросмыслов, М.Макшеев, И.И.Крафт, П.И.Рычков Әбілқайырдың шешімін ақтайды. Басқа бағытты ұстанған А.Левшин бодандықты Әбілқайырдың жеке белсенділігі және оның жақын серіктестерінің «усилиться покровительством могущественной державы» деген үкілі үміті болды деп пайымдайды. ХІХ ғасырдың көрнекті зерттеушісінің бірі Л.Мейердің хан туралы тұжырымына да құлақ түруге болады: «энтузиаст, который горячо, необдуманно за все брался, а при неудаче охладевал». Осындай маңызды шешімге бара отырып, Әбілқайыр өлкеде өз ықпалын нығайту ғана емес, сондай-ақ жоңғарлардан қазақ жерлерін азат етуге, Аралда, Хиуада, Қарақалпақта билігін орнатып, Еділ қалмақтарымен, башқұрттармен, Жайық казактарымен қатынасты реттеуді көздеді. Әр түрлі объективтік және субъективтік себептерге байланысты бұл жоспарлардың барлығы іске аспады. 1748 жылы Кіші жүз халқының бір бөлігі Әбілқайырдың қарсыласы – Батыр сұлтанды өз хандары деп таныды. Қосбиліктілік хандықты әлсіретті, феодалдар мен оларға бағыныштылар арасында жікке бөлініс өзара тартысқа әкеліп соқтырды. Әбілқайыр Орта және Ұлы жүздің төрелерімен де қарым-қатынасын жақсарта алмады. Патша әкімшілігімен және жергілікті Орынбор басшыларымен, әсіресе, бірінші Орынбор губернаторымен қатынас ойдағыдай болмады. Дегенмен, Кіші жүздің қарапайым халқының арасында Әбілқайырдың беделі жоғары болды. Ол жайылымды кеңейтуге қол жеткізді, сауданы дамытуға ықпал етті, Жайық казактары мен башқұрттардың жорықтарын тежеп, өзара қырқысуларды тоқтатты.
Әбілқайырдың жеке тағдыры сәтті болды. Оның өмірлік серігі Бопай адал жар және қамқоршы ана болып қана қоймай, хандықты басқару ісінде таптырмас көмекші ретінде жанынан табылды. Бопаймен тікелей таныс-біліс болған А.И.Тевкелев оның ақылдылығы мен даналығын жоғары бағалаған. Оның балалары – Нұралы, Ералы, Айшуақ, Қожа-Ахмет, Шыңғыс ержүрек жауынгер болған, өз әкесінің лайықты мұрагерлері еді. Барлығының ішінен шайқастарда, соның ішінде манчжур-қытай жаулаушыларымен айқаста, Ералының даңқы асты [10]. Сонымен, Әбілқайыр хан қайғылы тарихи кезеңде қазақ жерлерінің Ресейге өту үдерісін бірінші болып бастады. Ол өзіне дейін Қазақ Хандығының Ресей мемлекетімен біртіндеп жақындасуын бастаған Тәуекел, Тәуке, Қайып хандардың әрекетін жалғастырып, тарихтың жаңа тізбегінде осы саяси бағытты аяқтады. Әрине, Әбілқайыр хан осыншалық мәнді де маңызды тағдырлық шешімнің кейініректегі салдарларын бағамдай алмағаны хақ және царизмнің 50-100 жылдан кейінгі отарлау экспансиясының сұрқиялық әдіс-тәсілдерін танып білуі де мүмкін емес еді. Дәл сол тұста оның мезеттік міндеті халықты аман сақтап қалу болды және оны іске асырды да. Әбілқайыр сол заманға лайық болды, тарихтың өзі оны жасады, ол қиын-қыстау кезеңде Отанын және Халқын құтқару жолында батыл қадам жасай білді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Касымбаев Ж. — Абулхаир-хан как политик. Қазақстан жоғары мектебі — 1997.- № 3.
2. Моисеев В.А. Абулхаир. — Известия АН Республики Казахстан. -1992.- № 3.
3. Касымбаев Ж. — Абулхаир-хан как политик. Қазақстан жоғары мектебі 1997. — № 3.
5. Абдиров М. – Он был ханом. Его звали Абулхаир — Простор- 1993.- № 13
6. Владимиров В. – Указ, которого не было. – Новое поколение -1995. -№ 4, июнь.
#Әбілқайыр #хандығы