Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин арнайы жазба жариялап, жылдың бірінші тоқсанындағы салық түсімдері туралы мәліметтер таратты. Қолданыстағы салық кодексінің "кіндік әкесі" саналатын шенеуніктің айтуынша, кіріс жүйесіндегі өзгерістердің нәтижесі күткендегіден де жоғары болған. Осы орайда біз Жұманғариннің салық философиясына қатысты айтылған ойларына аз-кем тоқталуды жөн көрдік.
Жалпы, жылдың алғашқы үш айындағы есептік көрсеткіштің қорытындылары салық реформасына қатысты пікірталасқа нақты нүкте қойды деуге болады. Өйткені, бұған дейін айтылған шағын және орта бизнестің басына бұлт үйірілілді", "ұсақ сауда дүкендері жаппай жабылады", "салық жиналмай бюджет кірісі төмендейді" деген болжамдар расталмады.
Мұны Серік Жұманғарин мырза өз жазбасында нақты деректермен көрсетіп, дәлелдеп беріпті
- Бізге белгілі фактілер нәтиженің эмоциядан жоғары тұратынын көрсетті. Біріншіден, бюджетте өсім бар. 2026 жылға арналған салық түсімдерінің жоспары 18,9 трлн теңгені құрайды. Ал қаңтар–наурыз айларында бюджетке 4,1594 трлн теңге түсті. Бұл жоспардың 101,8 пайызы. Яғни, өсім 26,1 пайызды құрады. Талдауға сүйенсек, бюджет өсімі негізінен қосымша құн салығының есебінен қамтамасыз етілді. Мысалы, ҚҚС түсімдері 48,6 пайызға ға өсті. Оның ішінде импорттық ҚҚС 24,2 пайыз өсім көрсетті. Маңыздысы, бұл жерде аванстық төлемдер қолданылған жоқ. Өсім нақты экономикалық белсенділік пен әкімшілендіру нәтижесінде болды,- дейді вице-премьер өз жазбасында.
Яғни, Жұманғарин реформаның басты нәтижелерінің бірі ретінде ҚҚС төлеушілер санының өсуін атап өтеді. Олардың саны жыл басынан бері 12 мыңға өсіп, 146 мыңға жеткен. Бұл цифрлар өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға көп екен. Демек, отандық бизнес жаңа кезеңге өтті деген пайым жасауға болады. Яғни, бұрын бизнес көбіне бөлшектену арқылы өссе, енді сапалық өсімге көшу үрдісі байқалады.
Сондай-ақ, бірінші тоқсанда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2,2 млн.ды құраған. Есеп бойынша бұл көрсеткіш жыл басынан бері 5,3 пайызға төмендеуді көрсеткен. Алайда, Жұманғарин мұны құлдырау емес, трансформация деп түсіндіреді. Яғни, бизнес іріленіп, жаңа форматтқа өту үстінде.
Мұнан бөлек, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санында да динамика бар екен.
- Салық кодексіндегі өзгерістерге сәйкес өзін-өзі жұмыспен қамтушы режимінде 410 мың адам тіркелді. Оның 348,5 мыңы бұрын мүлде есепте болмаған. Яғни, бұл санаттағы адамдар көлеңкеден шығып, табысын заңдастыруға тырысуда. Бастысы, азаматтар кіріс көзін жасырмай, әлеуметтік мәртебесін де айқындауға үйренді, - дейді Ұлттық экономика министрі.
Жалпы, "көлеңкеден шығу" ұғымын шағын және орта бизнестің барлық деңгейдегі топтарға қарата қолдануға болады екен. Соның нәтижесінде ШОБ төлейтін салықтар да айтарлықтай артқан.
- 2026 жылдың бірінші тоқсанында шағын бизнестен бюджетке 1,13 трлн теңге түсті. Өсім – 20,3 пайыз. Сонымен бірге, қаржы айналымдары да ұлғайғаны байқалады. Мысалы, электронды шот-фактуралар жүйесі арқылы 42,4 трлн теңге өтті. Бұл 14 пайызға өсуді білдіреді, - дейді шенеунік.
Жалпы, бұл үрдіс адамдардың санасындағы маңызды өзгерісті де көрсетуі мүмкін екен. Жұманғарин "барған сайын көбірек азамат заңды жұмыс істеуді таңдап жатыр" деген ой айтады.
Тоқетерін айтқанда, Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өз жазбасында Қазақстандағы салық саясатының философиясы да өзгерді деген мессежді тұспалдап отырған сыңайлы.
- Біз әдейі диалогқа негізделген модельді таңдадық. Бұл бизнес пен мемлекет арасындағы қатынасты өзгертті. Салық жүйесі біртіндеп жазалаушыдан кеңес беруші форматқа өтуде, - дейді ол.