2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматыда жалпы құны 476,9 млрд теңгені құрайтын 28 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына сілтей отырып kznews.kz. хабарлайды.
Жаңа жобалар өңдеу өнеркәсібі, туризм, денсаулық сақтау, көлік және логистика секілді экономиканың негізгі салаларын қамтыған. Соның нәтижесінде қалада 6,7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Басқарма мәліметінше, тартылған инвестицияның негізгі бөлігі — 440,5 млрд теңге алты ірі жобаға тиесілі. Аталған бастамалар өндірістік қуатты арттырып, жергілікті өндірісті дамытуға және қаланың өнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге бағытталған.
2026 жылы Алматының инвестициялық саясаты жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға, импортты алмастыруға және индустриялық инфрақұрылымды кеңейтуге басымдық береді. Ірі жобалардың бірі — «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің арнайы экономикалық аймағында Viva Pharm компаниясы салып жатқан толық циклді фармацевтикалық зауыт. Кәсіпорын жылына 200 млн таблеткаға дейін өндіруге қауқарлы болады.
Сонымен қатар Алматы индустриялық аймағында Sapa Industry Group компаниясы автоклавты жеңіл бетон өндіретін зауыт құрылысын жүргізіп жатыр. Жоба аясында жыл сайын 50 мың текше метр қабырға панельдері мен 150 мың текше метр газоблок шығару жоспарланған. Ал CA-International компаниясы табақты поливинилхлорид өндірісін іске қоспақ. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 4 мың тоннадан асады.
Бұдан бөлек, NARPRINT компаниясы тұрмыстық және шаруашылық мақсаттағы қағаз өнімдері мен жапсырма өнімдерін шығаруды қолға алады. Жоспарланған өндіріс көлемі жылына шамамен 830 тоннаны құрайды.
Қалалық басқарма өкілдерінің айтуынша, жаңа өндірістердің іске қосылуы қосымша жұмыс орындарын ашып қана қоймай, Алматының инвестициялық тартымдылығын арттырып, өнеркәсіптік әлеуетін кеңейте түседі.