Еліміздің зейнетақы жүйесінде көпшіліктің назарынан тыс қалған бір маңызды өзгеріс орын алмақшы. 2027 жылғы 1-қаңтардан бастап Әлеуметтік кодекстен мемлекет міндетті зейнетақы жинақтарының инфляция деңгейіне сәйкес сақталуына кепілдік беретіні туралы норма алынып тасталады. Сонымен бірге осы кепілдікті іске асыру тәртібін реттейтін баптар да күшін жояды.
Бұл өзгеріс бүгінгі зейнеткерлердің төлеміне әсер етпейді. Алайда, еңбек етіп жүрген миллиондаған қазақстандық үшін оның болашақтағы ықпалы қандай болатыны қазірдің өзінде талқылана бастады.
Қолданыстағы жүйе бойынша азамат зейнетке шыққан кезде оның міндетті зейнетақы жарналарының инвестициялық табыстылығы жинақталған инфляциядан төмен болып шықса, айырмашылық республикалық бюджет есебінен өтелетін. Бұл мемлекет берген әлеуметтік кепілдіктердің бірі саналды. Енді дәл осы құқықтық негіз заңнан алынып тасталып отыр. Әзірге оның орнына қандай жаңа тетік енгізілетіні жөнінде ресми түсіндірме немесе балама механизм жарияланған жоқ.
Жалпы, мұндай түзетудің бірнеше ықтимал себебін алға тартады. Біріншіден, мемлекет бюджетіне түсетін ұзақ мерзімді қаржылық жүктемені азайту мақсаты болуы мүмкін. Инфляция жоғарылаған сайын өтемақы көлемі де ұлғаяды, ал бұл бюджет шығынын көбейтеді. Екіншіден, зейнетақы активтерін басқару жүйесін нарықтық қағидаттарға жақындату көзделуі ықтимал. Мұндай жағдайда инвестициялық тәуекелдің бір бөлігі салымшының өзіне жүктеледі.Үшіншіден, атқарушы билік қазіргі кепілдік жүйесінің орнына басқа қорғау механизмін әзірлеп жатқан болуы да мүмкін. Алайда, әзірге мұны растайтын ресми құжат жарияланған жоқ.
Егер мемлекеттік кепілдіктің орнына жаңа құрал ұсынылмаса, бірнеше тәуекел пайда болуы да ықтимал екен. Ең алдымен, инфляция инвестициялық табыстан жоғары болған кезеңдерде азаматтардың зейнетақы жинақтарының нақты сатып алу қабілеті төмендеуі мүмкін. Екіншіден, бұл Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына деген қоғамдық сенімге әсер етуі ықтимал. Өйткені, көптеген азамат үшін дәл осы мемлекеттік кепілдік жинақтарының қауіпсіздігіне деген басты сенім факторларының бірі болды. Үшіншіден, халық арасында ерікті зейнетақы жарналарына қызығушылықтың төмендеуі немесе қаржы жинаудың болашаққа қатысты алаңдаушылықтың артуы да мүмкін.
Әлбетте, Әлеуметтік кодекстің өзгеруінен тек жағымсыз әсер іздеуге болмас. Бұл жолғы өзгерістер де зейнетақымен қамту жүйесіне қатысты жаңа мүмкіндік көші болуы ықтимал ғой. Яғни, бұл өзгерісті біржақты теріс бағалауға да болмайды. Егер Үкімет алдағы айларда мемлекеттік кепілдіктің орнына тиімдірек әрі икемді жүйе ұсынса, қазіргі алаңдаушылық басылуы мүмкін.
Мысалы, халықаралық тәжірибеде кепілдіктің орнына инвестициялық тәуекелді әртараптандыру, өмірлік циклге негізделген инвестициялық стратегиялар немесе кірістілікті ұзақ мерзімде тұрақтандыру тетіктері қолданылады екен.
Қорыта айтқанда, қазір қоғамды толғандыратын басты мәселе мемлекет инфляцияға байланысты кепілдіктен толық бас тарта ма, әлде оның орнына жаңа құқықтық әрі қаржылық қорғау жүйесін енгізе ме деген алаңдаушылық төңірегінде болып отыр.
Әзірге бұл сұрақтың нақты жауабы жоқ. Сондықтан, 2027 жылдың 1-қаңтарына дейін Үкімет пен жауапты мемлекеттік органдардың түсіндірмелеріне, сондай-ақ, қабылдануы мүмкін қосымша нормативтік-құқықтық актілер туралы кез келген жаңалыққа құлақ түріп жүрген дұрыс.
Өйткені, зейнетақы жүйесіндегі кез келген өзгеріс бүгінгі ғана емес, болашақ ұрпақтың да әлеуметтік қорғалу деңгейіне тікелей әсер етеді.