Қоғам

Волонтерлік эволюциясы: жолдың бәрі Алматыға апарады

Волонтерлік эволюциясы: жолдың бәрі Алматыға апарады
Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Әлем өркениеті адамдар арасындағы ізгілік дәстүрі мен игі істерге арқа сүйеу арқылы алға қадам басып келеді.

Адамның адамға деген құрметі мен шексіз сенімі қоғамдағы қайырым мен мейірімнің де деңгейіне өлшем бола алады. Яғни, жеке пайда мен арзан бедел жинауға негізделмеген, түрлі ситуациялар мен мұқтаждық жағдайында риясыз қол ұшын созу қасиеті адамзатты ортақ мақсатқа жұмылдыратын миссияға айналып отыр. Мұндай ізгілік нышанын кейінгі жылдары берік қалыптасқан волонтерлік қозғалыстың жұмыс барысынан байқауға болады. Екінші жағынан, дүниежүзіндегі волонтерліктің дамуын азаматтық қоғамның қалыптасуына қажетті фактордың бірі ретінде қарастыру үрдісі бар екен. Қай тұрғыдан алсақта, еріктілердің іс-әрекетіне қолдау білдіру мен сүйсіну саналы адамға парыз болуға тиіс.

Әлемдегі волонтерлік қозғалыстың бет алысы біздің елдегі азаматтық қоғамның белсенділігіне оң әсер етуде. Қазір Қазақстандағы еріктілер еңбегі қоғамның әр саласында байқалады. 2020 жылы бұл үдеріске мемлекеттік деңгейде мән беріліп, "Волонтерлер жылы" аталып өткен. Атаулы кезең ел ішінде ежелден қалыптасқан ізгі дәстүрді бір ізге түсіріп, еріктілер еңбегіне деген көзқарасты өзгертті.

Жалпы, сол тұста дүниені тітіреткен пандемия қауіпі әлемдегі волонтерлік қозғалыстың жұмысына қатаң сынақ болды деуге болады. Коронавирус эпидемиясы кезіндегі волонтерлердің қажырлы еңбегін әлем жұрты әлі ұзақ жылдар бойы ризашылықпен еске алатын болады.

Елдегі жағдайға қарасақ, еріктілер саны соңғы бес жылда айтарлықтай өсіп, волонтерлік қозғалыстың дамуы ұлттық ауқымға дейін көтерілген. Статистикалық мәліметтерге қарағанда 2021 жыл ресми тіркелген волонтерлер саны 117 000 адамға жеткен екен. Ал арада бір жыл өткенде бұл сан 139 671 еріктіге дейін өскен. Яғни, Қазақстандағы волонтерлік ұйымдардың саны 2020 жылдан бері үш есеге көбейген. Демек, еріктілер қозғалысының жұмысына жан біткені байқалады. Тіпті, волонтерлік қызмет ауқымы пандемиядан кейінгі кезеңде кеңейе түскен. Мысалы, биылғы есептеу бойынша қазақ еріктілері 27 000-нан астам волонтерлік іс-шара өткізген көрінеді. Еріктілер арасында түрлі ситуация жағдайында шұғыл әрекет етуге дайындық деңгейі жоғары екен. Төтенше жағдай кезінде, қарапайым көмек акциялары кезінде біздің волонтерлер тиісті органдармен иық тіресе әрекет етуге әзір. Ал экологиялық жобалар мен акцияларды қолдау елдегі волонтерліктің тұрақты миссиясына айналған. Мысалы, 2024 жылы еріктілер өз қолымен 3 200 түп ағаш отырғызып, 240 тонна қоқыс жинаған. 

Яғни, елімізде волонтерлік қызмет әлеуметтік құбылыс ретінде жыл өткен сайын күшейіп келеді. Бұл азаматтардың қоғамдық мәселелерге немқұрайлы қарамайтынын дәлелдейді.

Осы жерде Қазақстандағы волонтерлік қозғалыстың жұмысын аймақтарға бөліп қарастыратын болсақ, Алматы қаласындағы еріктілер еңбегінің ерекшелігін бөліп айтуымыз керек. Қазір мегаполистегі еріктілер белсенділігі қамшы салдырмай тұр екен.

Жалпы, Алматы жұртының қоғамдық- саяси белсенділігі еш төмендеген емес. Тіпті, алматылықтардың қоғамдық сауаты мен көзқарас ұстанымындағы ерекшелікті жалпы елдегі азаматтық белсенділіктің айнасы деуге болады. Әлбетте, осындай ортада волонтерлік қозғалыстың дамуы заңды құбылыс.

Ақиқатында, Алматы бүгінде еліміздегі ең белсенді волонтерлік орталықтардың біріне айналды. Мәліметке сәйкес, қалада тек әлеуметтік бастамалар емес, гуманитарлық, экологиялық, мәдени және жастарға бағытталған ондаған жоба тұрақты түрде жүзеге асырылады. Еріктілердің саны да жыл сайын артып, қозғалыстың ауқымы кеңейіп келеді. Бұл өз кезегінде аймақтағы азаматтық қоғамның күшеюіне, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне тың серпін беріп отыр.

Ал статистиканың соңғы деректері Алматы қаласында 50 мыңнан астам ерікті бір мезгілде әрекет етуге қабілетті екенін айтады. Олар қаладағы отыздан аса волонтерлік ұйым мен бастамашыл топтың құрамында жұмыс істейді. Ал қаланың волонтерлік картасына әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды гуманитарлық қолдау, медициналық және психологиялық көмек көрсету, төтенше жағдайлар кезіндегі жедел гуманитарлық әрекет ету мен экологиялық жобаларды, жастар бастамаларын қолдау, мәдени және қалалық іс-шараларға қолғабыс ету сияқты жан жақты бағыттарды қамтиды екен.

Енді Алматыдағы волонтерлік қозғалыстың кейбір бағыттарына кеңірек тоқталсақ. Мысалы, еріктілердің бастамасымен құрылған Qamqor Charity жобасы мегаполистегі әлеуметтік қолдаудың ірі орталығына айналып отыр. Бұл жоба негізінен әлеуметтік әлсіз топтарға, көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар жандарға қолдау көрсетеді. Волонтерлер азық-түлік себеттерін таратады, гуманитарлық көмектерді жеткізеді, науқастар мен қарттарға көмек ұйымдастырады екен. Ал Алматыда тұсауы кесілген Lider.kz жобасының жұмысы тіптен ізгі. Бұл қозғалыс жоғалғандарды іздеуге атсалысады. Мұндағы еріктілердің жұмысы жеделдікті, физикалық төзімділікті, психологиялық дайындықты талап етеді. Және адам өмірін құтқарудағы маңызды қадамдарға баруымен ерекше. Дәл осы қозғалысқа қосылғысы келетіндердің қатары жыл сайын көбейіп келеді дейді ақпарат.

Сол сияқты Алматыдағы Қызыл Жарты Ай ұйымы да гуманитарлық бағыт бойынша аса маңызды жұмыс істеп отыр. Біріккен волонтерлер табиғи апат, өрт немесе төтенше жағдайлар кезінде халыққа алғашқы болып көмек көрсету гуманитарлық жүкті сұрыптау, медициналық сауаттылықты арттыру бойынша нақты әрекетке дайын және осы бағытта тренингтер өткізуді қолға алған. UNICEF жастар хабының жұмысын да жаңа буынның белсенді алаңы ретінде қарастыруға болады. Алматыда орналасқан БҰҰ Балалар қорының волонтерлік хабы жастарға арналған ең ірі жобалардың бастауында тұр. Мұнда балалар құқығын қорғау, инклюзия, экология, цифрлық сауаттылық, медиасауаттылық сияқты салаларда жобалар жүзеге асады. Жүздеген жас бұл хаб арқылы әлеуметтік белсенділікке қадам басып жатыр екен.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz