Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған қайғылы жол апаты бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Дүйсенбі, 8 маусым күні сотта қаза тапқан үшінші бойжеткеннің (2005 жылы туған) отбасы сөз сөйледі, деп хабарлайды kznews.kz.
Дүйсенбі күні таңғы сағат 10.00-ге жоспарланған сот отырысы 45 минутқа кешігіп басталды. Белгілі болғандай, куәгерлердің бірі онлайн режимде қосыла алмаған.
Бүгін сотта марқұм Т-ның анасы сөз сөйледі.
"21 наурыз күні таңғы сағат 9-да маған хабарласып, қайғылы жағдайды естіртті. Осыдан кейін мен мәйітханаға тануға бардым. Мен оның туған анасымын. Бүгінгі таңда ешқандай шағымым жоқ. Барлығы заң жүзінде болсын, сот қалай шешсе, солай болады", - деді ол.
Сондай-ақ ол арызды өз қолымен жазғанын хабарлады.
"Шағымым жоқ. Сотталушыға да, басқаға да", - деді ол.
Сонымен қатар сотта арыз оқылды.
"Жол-көлік оқиғасының ауыр салдарына және қызымның қазасына қарамастан, мен және менің жақын туыстарым А.П.-ны кешіреміз. Біз толық татуластық. Сотталушы кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінеді, кешірім сұрады. Келтірілген материалдық және моральдық шығынды толық көлемде өтеді, мұны біз растаймыз. Қазіргі уақытта менің және басқа туыстарымның А.П.-ға ешқандай материалдық немесе моральдық талабымыз жоқ. Сондай-ақ болашақта да болмайтынын растаймыз. Татуласу өз еркімізбен болды, оның салдары бізге түсіндірілді. Шешім саналы түрде қабылданды", – делінген арызда.
Өтініш қылмыстық іс материалдарына тіркелді.
Қаза болғандардың отбасы Zeekr жүргізушісіне шартты жаза сұрап отыр
1 маусымда Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты бойынша басты сот талқылауы басталды. Отырыста зардап шегушілер сөз сөйледі.
Сотта қаза болған екі адамның – 1996 жылғы Mercedes жүргізушісі мен 2003 жылғы жолаушы қыздың туыстары сотталушымен татуласып, оған шартты жаза тағайындауды сұрады. Қаза болған бойжеткеннің анасы 100 миллион теңге талап арыз бермек болған өз өкілдерінің қызметінен де бас тартты.
Айыпталушының өзі сотта болған оқиға бойынша кінәсін мойындайтынын мәлімдеді.
3 маусымда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Санжар Әділов Мәжілісте өткен брифингте түсініктеме беріп, тараптардың татуласуы жол апаты туралы істің нәтижесіне қалай әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді. Оның айтуынша, тіпті жәбірленушілердің ұстанымы да айыпталушының қылмыстық жауапкершіліктен құтылуына жол бермейді..
Жүргізушіге қандай айып тағылып отыр және оған қандай жаза тағайындалуы мүмкін?
Күдікті А. П. Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі "Алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" бойынша айыпталып отыр.
Анықтама: Бап санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыды. Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы А. П. – Zeekr 001 автокөлігінің иесі әрі жүргізушісі – рөлге мас күйінде отырған.
Сондай-ақ айыптау мәліметтеріне сәйкес, көлікте тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін 100 QR 02 нөмірі болған.
"Жүргізушіге көлікті тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін мемлекеттік нөмірлермен басқаруға тыйым салынады. Алайда сотталушы әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірі тағылған Zeekr 001 көлігімен келе жатып, шамамен сағат 3:30-да белгіленген жылдамдық режимін сағатына 80 шақырымнан асырып жіберген және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолданбаған. Осылайша ол жол қозғалысының басқа қатысушыларының өмірі мен денсаулығына үнемі қауіп төндірген. Меңдіқұлов көшесімен қиылыста сотталушы қарсы бетке шығып кетіп, әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Mercedes-Benz автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан", – деді прокурор.
Соқтығысу салдарынан оқиға орнында үш адам қаза тапты: 1996 жылы туған Mercedes жүргізушісі, сондай-ақ оның 2003 және 2005 жылы туған екі жолаушысы.
Айыптау актісін оқу кезінде қаза тапқандардың туыстары көз жасына ерік берді.