"Ауыл - қазақтың генофонды" деген түсінік жойылып барады. Есесіне, "өмір сүруге қолайсыз ауылдар" деген ұғым санаға сіңді.
Өйткені, ұлттың өмір сүру дағдысы уақытпен бірге өзгеруде. Урбанизация үрдісі жылдам өтіп жатыр. Бұған ұзақ жылдар бойы ауылдық аумақтарға экономикалық тұрғыдан көңіл бөлінбей отырғаны да өз әсерін тигізіп отыр.
Нәтижесінде, алыс ауылдарда миграция толқыны туып, өндірістік аумақтарға қарай жөңкіле көшу тоқтамауда. Соның кесірінен еліміздің барлық аймағында болашағы жоқ елді мекендер саны артты. Тіпті, тұрғын саны күрт кеміген селоларды оптимизация жасау үдерісі басталды. Оның арғы жағында тұтас ауылдардың жойылуы тұр. Мұндай өкінішті тәжірибе еліміздің шекаралық аудандарында да байқалады.
Сөзіміз құрғақ болмасын, статистикаға қарайық. 2025 жылдың 1-шілдесіндегі мәліметке сәйкес, елімізде 6 124 ауылдық елді мекен тіркелген. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда шамамен екі жүз ауылға азайған. Ал 2010 жылы ауыл саны 7 мыңнан асатын еді. Яғни, соңғы он бес жылда мыңға жуық ауыл жойылған немесе біріктірілген.
Мұндай өзгеріс, ең алдымен, халықтың қалаға көшуімен және ауылдық инфрақұрылымның әлсіздігімен байланысты екені белгілі. Ауылдарда тұрғын саны 50 адамға дейін төмендеген соң, оларды әкімшілік тұрғыдан жақын, көрші елді мекендерге қосу үрдісі қызу жүріп жатыр.
Жалпы, ауылдардың азаюына бірнеше фактор әсер етеді. Біріншісі, ішкі көші-қонның реттелмеуінен бір аймақтағы адами капиталдың екінші облысқа жүктеме ретінде ауысуында. Әсіресе, мегаполистер мен индустриялық орталықтарға орасан салмақ түсіп отыр. Бұл тек урбанизация ғана емес, үлкен әлеуметтік процеске айналды. Тіпті, проблема ретінде қарастыруға болады. Және бұл үрдісті енді тоқтату қиын.
Күні кеше халқымыздың саны ресми түрде 20 495 975 адамды құрады. Осыны жіктесек, қала халқының үлесі 62 пайызға жеткен. Ал ауыл тұрғындарының көрсеткіші 39 пайызға дейін азайған екен Бұдан елдегі урбанизация деңгейінің 60 пайыздан асқанын көруге болады.
Тағы да статистикаға салсақ, қала тұрғындарының үлесі жоғары аймақтарға 100 пайыздық үлеспен Алматы, Астана және Шымкент қалалары кіреді екен.
Ал урбанизация үрдісі жедел жүріп жатқан облыстық деңгейдегі орталықтың көшін Қарағанды облысы бастап тұр. Мұнан кейінгі орында Павлодар облысы бар. Байқасақ, аталған екі облыс та индустриялық секторы дамыған аймаққа жатады.
Демек, ішкі миграцияның ағыны сауда айналымы жолға қойылған немесе өндірісі өркендеген қалалар мен облыстарға қарай бағытталып отыр.
Ал ауылдық аумақтардың тұрақтылығы мен экономикаға қосқан үлесі бойынша Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстары атауға тұрарлық. Бұл аймақтарда ауыл шаруашылығы негізгі табыс көзі саналады екен. Демек, жағдайы түзу жерден жұрт үдере көшпейтінін осы мысал көрсетеді.
Айтпақшы, кейінгі жылдар көлемінде ішкі миграцияның үдерісі анық байқалған аймақтардың алдында Абай облысы тұр екен. Ішкі талдаулар осы аймақтан көшкендердің еліміздің бірнеше бағытына жол тартқанын көрсетіпті. Яғни, Абай облысынан көбірек қоныс аударатын маршруттың басында Астана, Алматы қалалары мен Алматы, Павлодар және Қарағанды облысы тұр. Ал облыс ішіндегі көші-қон тізбегі тек Семей қаласына бағытталған екен.
Қысқасы, Абай облысындағы миграциялық ахуал туралы жеке тақырып арнауға болады. Өйткені, 2025 жылдың тоғыз айындағы есеп бойынша Абай облысындағы көші-қон ахуалы теріс көрсеткішке ие болған. Мысалы, көші-қон сальдосы 9 416 адамға кеміген. Яғни, басқа өңірлер мен шет елдерге көшкендер саны аймаққа көшіп келгендердің санынан асып кеткен көрінеді.
Деп келгенде, "Ауыл қазақтың генефонды" дегенді бұдан әрі абайлап айтуымыз керек сияқты. Ал әлемдік экономиканың талдауларына "орта мемлекет" есебінде енген Қазақстан билігі мен қоғамы үшін "өмір сүруге қолайсыз ауылдар" деген түсінікті қабылдаудың өзі ауыр тиетіні сөзсіз.