Ақмола облысында әйелдің қазасына қатысты қылмыстық іс қоғамда кең талқылануда. Марқұмның туыстары оның бұрынғы сүйіктісі тарапынан соққыға жығылып, алған жарақаттарынан көз жұмғанын айтып, істің әділ әрі толық тергелуін талап етіп отыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Щучинск қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде жазба жариялап, сіңлісі Әсемнің өліміне қоғам назарын аударуға шақырған. Оның айтуынша, марқұм бұған дейін Алмаз М. есімді азаматпен қарым-қатынаста болған, алайда ер адамның агрессивті мінез-құлқына байланысты өткен күзде байланысын үзген.
Туыстарының сөзінше, ер адам мұнымен келіспей, әйелді ұзақ уақыт бойы мазалап, аңдып жүрген. Ол түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, тіпті жұмыс орны маңында күтіп отырғаны да айтылды.
Қайғылы оқиға 9 маусым күні болған. Жақындарының мәліметінше, Әсем бұрынғы танысының шақыруымен кездесуге барған. Кейін ер адам оны жалдамалы пәтерге алып барып, сол жерде бірнеше сағат бойы соққыға жыққан.
Отбасы мүшелері күдіктінің әйелдің ауыр халде жатқанын көре тұра жедел жәрдем шақырмағанын, керісінше қан іздерін жасыруға тырысқанын алға тартады.
«Әсемнің өмірін сақтап қалуға болатын уақыт жоғалды. Кейін ғана жедел жәрдем шақырған», – дейді марқұмның туыстары.
Олардың айтуынша, әйелдің бірнеше қабырғасы сынған, ішкі ағзалары зақымданған, денесінде көптеген соққы іздері болған.
Қазіргі уақытта отбасы тағылған айыппен келіспей, істің жан-жақты әрі объективті тергелуін талап етіп отыр. Әсемнің артында алты және сегіз жастағы екі баласы қалғаны да айтылды.
Ақмола облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Ведомство мәліметінше, жанжал кезінде ер адам әйелге дене жарақатын келтіріп, кейін жәбірленуші көз жұмған.