Алматыда төрт айлық сәбиін құшағына алып жүріп курьер болып жұмыс істеген жас ананың оқиғасы көпшіліктің назарын аударды. Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін отбасының тұрмыс жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қоғам белсендісі Алмат Несіпқалиевтің айтуынша, 20 жастағы келіншек пен оның жұбайы қазір күрделі қаржылық қиындықтарды бастан өткеріп жатыр. Жас отбасы Алматы қаласында жалдамалы бір бөлмелі пәтерде тұрады.
Белгілі болғандай, ерлі-зайыптылар баспана мәселесін шешуге көмектесеміз деген алаяқтарға сеніп қалып, қомақты қарызға батқан. Соның салдарынан олардың несиелік міндеттемелері көбейіп, тұрмыстық жағдайы қиындаған. Тіпті оқиға болған күні отбасы пәтерақы төлеу мәселесін шеше алмай отырған.
Жас ананың айтуынша, мемлекеттен алатын ай сайынғы 25 мың теңге көлеміндегі жәрдемақы тек күнделікті азық-түлік пен бала күтіміне кететін шығындарды өтеуге ғана жетеді. Бұдан бөлек, отбасының несиелері мен ломбардқа өткізілген заттар бойынша берешектері бар.
Қаржылық қиындыққа қарамастан, келіншек нәрестесін қасына алып, курьерлік қызмет атқаруға мәжбүр болған. Оның сөзінше, бір тапсырыстан түсетін табыс шамамен 500-600 теңгені құрайды.
Отбасының жалғыз асыраушысы саналатын жұбайының да денсаулығында кінәрат бар. Ол жалдамалы көлікпен такси жүргізушісі болып еңбек етеді. Дәрігерлер оған шұғыл операция қажет екенін айтқанымен, қаржы тапшылығына байланысты емделуді кейінге қалдыруға тура келген. Қазір ол ауырсынуды басатын дәрілердің көмегімен жұмысын жалғастырып жүр.
Жас отбасының жағдайы әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшілік олардың мәселесіне бейжай қарамай, қолдау көрсету қажеттігін айтып жатыр.