Бұған дейін несие нарығындағы жағдайға шолу жасаған едік. Сәйкесінше, қаржы секторындағы банктердің ақша саясатындағы рөлі бізді мәселеге басқа қырынан қарауға жетелегені рас. Таратып айтсақ...
Іздену барысында отандық қаржы ұйымдарының дерлігі экономикалық сектордағы ықпалды күшке айналғаны байқалды. Тіпті, екінші деңгейлі банктердің екпіні мемлекеттік механизмнің тетіктеріне әсер ете алатындай дәрежеге әлдеқашан жеткен сияқты. Әлбетте, қаржы-қаражат саясатындағы соңғы шешімді атқарушы билік айтады. Екіншіден, қазіргі заң мен тәртіп қағидасына негізделген биліктің ұстанымы өздерін тәуелсіз сезінетін сектордың да арынын басқаны анық.
Дегенмен, түрлі салаларда терең тамыр жайған лобби мен сыбайластық еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму моделі мен бағдарын жекелеген қаржы институттарының ыңғайына қарай қалыптастырғаны өтірік емес. Бұл жағдай "ескі Қазақстан" тұсында әбден асқынған болатын. Сол тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың олигополияға қатысты әділетті ұстанымы жария болды. Мемлекет басшысы елдегі қаржы-қаражат саясатын сынап, саяси жүйенің экономикалық тірегіне айналуға тиісті Қазақстан Даму банкінің қызметін белгілі бір топтың жеке әмиянына айналды деген еді.
Өкінішке қарай, еліміздегі екінші деңгейлі банктердің де басым бөлігі осындай жағдайда жұмыс істеп келді. Және кейбір қаржы институттарының саяси жүйенің жұмысына ықпал етуге тырысуы немесе заң мен тәртіп қағидатына мойынұсынбайтыны әлі де байқалады. Оны жақында Президент қатаң сынға алған трансұлттық транзакция мысалынан-ақ көреміз. Біз еліміздегі екінші деңгейлі банктердің бірінен шетелге жасалған ірі көлемдегі ақша аударымы туралы бірнеше рет жазғанбыз. Бір қызығы, Тоқаевтың пәрменімен басталған тексерудің барысы туралы мәлімдеме жасаған Ұлттық банк төрағасының экс-орынбасары Берік Шолпанқұлов Президенттің сөзін жоққа шығарған еді. Яғни, Президент тексеруге пәрмен берген 7 трлн теңгенің бір мезетте жасалған аударым емес, жыл ішіндегі жиынтық аударым болуы мүмкін екенін айтты. Бірақ, ол осы сөзінен кейін қызметтен өз еркімен кетті. Әлбетте, бұл жерде қызметтік этика мен маманның жеке пікірінің арасындағы қайшылық болуы заңды, бірақ, қоғамдық пікір де, биліктің ұстанымы да банк жүйесіндегі әрекеттің ашықтығына сенім білдірмеді. Бұдан елдегі қаржы ұйымдарының жеке пайдаға қатысты ұстанымдары кейбір жағдайда мемлекеттік мүддеден де жоғары тұратынын байқаймыз.
Деп келгенде, елдегі екінші деңгейлі банктердің жұмысындағы ашықтықтың болмауы қоғам үшін қауіпті екенін атқарушы билік ұғынуға тиіс. Біздіңше, Ұлттық банк төрағасының экс-орынбасары тарапынан болған әрекет саяси элитаға ауыр сабақ болды. Екіншіден, қаржы институттары мұндай жағдайдың себебі мен салдарынан туындайтын жауапкершілікті сезінуі керек.
Айтпақшы, 2026 жылдың қаңтар айындағы деректер Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің табыстылығы әлі де жоғары екенін көрсетеді. Мысалы, осы кезеңде банктердің жиынтық таза пайдасы 198,6 млрд теңгені құраған. Бірақ, бұл табыстың басым бөлігі бірнеше ірі қаржы институттарының үлесінде ғана қалып отыр. Яғни, сектордағы жалпы пайданың 77,3 пайызы бес банктің үлесіне тиесілі екен. Олардың қатарында 70,6 млрд теңге таза пайдамен Halyk Bank көш бастаса, 41,6 млрд теңге таза пайдасы бар Kaspi Bank екінші орында тұр. Мұнан кейінгі тізімді Bank CenterCredit АҚ 20,6 млрд теңге пайдамен жалғаса, ForteBank 11,9 млрд теңгемен және Alatau City Bank 8,8 млрд теңге көрсеткішімен толықтырады.
Әлбетте, бұл дерек тұтас банк жүйесіндегі ақша айналымы осы аталған бес қаржы ұйымының уысына шоғырланғанын көрсетеді. Яғни негізгі қаржылық ресурстар мен табыс бірнеше ірі банкке ғана тиесілі болып отыр.
Сонымен қатар, ірі банктердің көбіндегі таза пайда жылдық салыстыру бойынша едәуір төмендегені айтылуда. Бұл банк секторындағы табыс көзінің соңғы жылдардағы рекордтық деңгейінен біртіндеп түсіп, қалыпты көрсеткішке оралып келе жатқанын білдіреді. Демек, қаржы ұйымдары бұрынғыдай мемлекеттің қолдауына емін-еркін қол жеткізе алмайтынын түсініп, экономикалық сектордағы доминанттық рөлге ұмтылуды таза ішкі мүмкіндіктер мен таза бәсеке арқылы жүзеге асыруға бейімделе бастаған сияқты.
Қалай болғанда да, қазіргі саяси жүйе "бәсекелік артықшылық" ұғымын аса жауапкершілікпен қарастыратынын сездіріп отыр. Бұл талап қаржы институттарын да айналып өтпейтінін кейінгі жағдайлар көрсетті.
Тоқетерін айтқанда, жеке пайда мемлекеттік мүддеден жоғары тұрмауға тиіс. Бірінші кезекте банктер үшін...