Анталияда өткен дипломатиялық форумда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің саяси-экономикалық жағдайына тоқтала келе "Барлық қиындықтарға қарамастан, жаһандық сауда өсіп келеді.Тек өткен жылдың өзінде өсім 2,5 пайыз болды. Сондықтан әлемдегі сауданың жағдайы онша жаман емес деуге болады. Бірақ, сауданың сапасы мен мазмұны үлкен мәселе..." деген пікір айтты.
Әлем сарапшыларының басын қатыра бастаған бұл мәселе елімізге де шетін емес. Әсіресе, сауда сапасына қатысты айтылған Тоқаевтың пікірі Қазақстан жағдайында айрықша өзекті. Бір жағынан елдің сыртқы сауда көрсеткіштері бұл тұжырымды нақты цифрлармен дәлелдеп отыр. Екіншіден, сауда көлемі бар, бірақ қарқыны әлсіз.
Жалпы, Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2025 жылы 143,9 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт 79 млрд доллар, импорт 64,8 млрд доллар шамасында. Әлбетте, бұл жаман көрсеткіш емес. Экономикалық тұрғыдан Қазақстан әлі де сауда профицитін сақтап отыр. Алайда, тереңірек қарасақ өсім қарқыны бәсең. Жалпы сауда небәрі 1,3 пайызға ғана артқан. Оның үстіне экспорт 3,2 пайызға төмендеген, ал импорт керісінше, 7,4 пайызға өскен. Мұнан еліміздің нарықтағы "сатушы" позициясының әлсіреп, экономиканың біртіндеп "сатып алушы" статусына қарай ығысып бара жатқанын байқауға болады. Бұл дамушы әрі шикізатқа сүйенген ел үшін қауіпті сигнал болуы мүмкін.
Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда Қазақстанның сауда айналымы жалпы ішкі өнімнің шамамен 60–62 пайызына тең. Бұл ел экономикасының сыртқы нарықтарға қатты тәуелді екенін көрсетеді. Мысалы, экспорттың өзі ЖІӨ-нің үштен бірінен астамын, яғни 33–34 пайызды құрайды. Демек, әлемдік нарықтағы кез келген өзгеріс Қазақстан экономикасына тікелей әсер етеді деген сөз. Бірақ, мәселе тәуелділіктің өзінде емес, оның құрылымында екен. Ал елдің қазіргі экономикалық құрылымы шикізатқа байлаулы қалпында тұр. Мәселен, Қазақстан экспортының шамамен 70–75 пайызы мұнай мен газға тиесілі. Оған қоса металл және басқа да шикізат ресурстары бар. Мұның бірнеше тәуекелі бар. Біріншіден, мұнай бағасы түссе экспорт кірісі де бірден құлдырайды. Екіншіден, сыртқы саудадағы қосылған құны жоғары өнімдер аз болғандықтан, табыс шектеулі бола береді. Бұл жерде еліміз сыртқы сауда нарығындағы көлемімен мақтана алғанымен, табыс пен пайда құндылығы тұрғысынан ұтылып отыр.
Әлбетте, сыртқы сауда туралы айтқанда тек экспортты ғана мысалға алмауымыз керек. Елдің жағдайына ішкі нарыққа кіретін тауар түрлері тікелей әсер етеді. Яғни, ішкі экономика импортқа тәуелді болса, экономика табысты емес, керісінше минусқа жұмыс істеуге көшеді екен. Ал мәлім болған деректерге қарасақ, былтыр елге енген импорттың көлемі 7,4 пайызға өскен. Бұл Қазақстанның технологиялық тәуелділіктің жоғары сатысына шыққанын және ішкі өндірістің сұранысты толық өтей алмайтынын көрсетеді. Ал елде дайын өнімге сұраныс артып келеді. Айтпақшы, біз дәл осы тақырыпты жазғанбыз.
Қарапайым тілмен айтқанда еліміз шикізатты арзан бағада сыртқа сатып, ал дайын өнімді қымбатқа сатып алатын классикалық модельден әлі шыға алмай отыр.
Тоқетерін айтқанда, жаһандық сауда айналымы 2025 жылы шамамен 2 - 5 пайыз аралығында өсті. Бұл Қазақстан жағдайында экспорттың төмендеп, импорттың өсуіне әкелді.
Екіншіден, еліміз жаһандық өсім толқынын толық пайдалана алмай отыр. Егер Қазақстан өз экономикасын шикізаттық модельден арылта алмаса, сыртқы саудадағы тұрақсыз табыс пен факторларға тәуелділік сақтала бермек. Ал елдің жағдайы өңдеуші экономикаға көшу арқылы жоғары қосылған құн бар өнім шығарып, жаңа нарық жолдарын игергенде ғана жақсарады.
Деп келгенде, Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан "сауда сапасына" қатысты мәселе Қазақстан үшін абстрактілі ұғым емес, нақты экономикалық шындықты суреттейді. Өйткені, еліміздің қазіргі уақытта жаһандық сауда айналымы бойынша аздаған үлесі бар, бірақ сапалық салмағы әлсіз.
Айтпақшы, экономикалық сарапшылар XXI ғасырдағы мемлекеттер арасындағы бәсеке тек табиғи ресурс үшін ғана емес, дүниежүзілік саудада нарығындағы қосылған құн үшін жүріп жатқанын айтады. Яғни, бұл мылтықсыз майданда кімнің өндірісі мықты, сол жеңіске жетпек...