Шамамен 15 000 адам: рақымшылыққа кімдер ілігеді?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Шамамен 15 000 адам: рақымшылыққа кімдер ілігеді?

Шамамен 15 000 адам: рақымшылыққа кімдер ілігеді?
Фото: ашық дереккөздерден

Биыл елімізде қылмыстық және әкімшілік істер бойынша сотталғандарға қатысты рақымшылық жүргізу жоспарланып отыр.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл шара мыңдаған азаматтың құқықтық мәртебесіне әсер етіп, елдегі қылмыстық-атқару жүйесіне де ықпал етуі мүмкін. Алдын ала есеп бойынша, қылмыстық рақымшылық 15 мыңнан астам адамды қамтиды-мыс. Оның ішінде шамамен 1,5 мың адам бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы ықтимал екен.

Жалпы, бұл жолғы рақымшылық қылмыстық теріс қылық жасағандарға, ауырлығы жеңіл қылмысы үшін сотталғандарға, сондай-ақ, келтірілген залалды өтегеннен кейінгі орташа ауырлықтағы жекелеген қылмыстар бойынша жазасын өтеп жүрген азаматтарға қолданылады.

Алайда, мемлекет қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін санаттарға қатысты қатаң ұстанымын сақтап қалмақ. Атап айтқанда, терроризм, экстремизм, сыбайлас жемқорлық, азаптау, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар үшін сотталғандар мен қайталама қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілікпейді. Ал кейбір сотталғандар үшін жаза мерзімін қысқарту тетігі қарастырылған.

Жалпы, қоғамда мұндай қадам бір жағынан қылмыстық-атқару жүйесіндегі жүктемені азайтса, екінші жағынан қоғамға қайта бейімделуге мүмкіндік беретін әлеуметтік шара ретінде қарастырылуы мүмкін деген пайым бар.

Сондай-ақ, әкімшілік рақымшылық тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет өткізілмек. Бұл әрекет "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 263 бабын қамтиды. Нәтижесінде 2026 жылғы 17 наурызға дейін жасалған құқық бұзушылықтар бойынша орындалмаған айыппұлдар кешіріледі.

Дегенмен, бұл жеңілдік барлық құқық бұзушылықтарға бірдей қолданылмайды. Атап айтқанда, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу, есірткі заттарына, қару-жараққа қатысты құқық бұзушылықтар және қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін өзге де әрекеттер әкімшілік рақымшылықтан тыс қалады.

Тоқетерін айтқанда, биылғы рақымшылық науқаны соңғы жылдардағы ең ауқымды құқықтық акциялардың біріне айналуы мүмкін. Билік те, қоғам да оны гуманизм қағидаттарын нығайту мен құқықтық жүйені оңтайландыруға бағытталған қадам ретінде бағалап отыр.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.