Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қаһарман алдағы күзде жарық көретін жаңа кітабы туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, шығарма бұрынғы күйеуінің көңілдес болған әйелдеріне арналған және онда олардың есімдері өзгертілмей беріледі, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында жазып, аталған әйелдерге арнайы үндеу жолдаған. Назым Қаһарманның сөзінше, олардың барлығы кітапта өз аты-жөндерімен көрсетілген. Сондай-ақ ол бұл тақырыпқа қатысты бұрын ешкімге хат жазып, жанжал шығармағанын атап өтті.
«Бұл жазба бұрынғы күйеуіммен қарым-қатынаста болған әйелдерге арналады. Барлығыңыз кітабымда өз есімдеріңізбен орын алдыңыздар. Туындының таныстырылымы күзде өтеді. Мен сіздерге хабарласып, дау көтерген жоқпын. Алайда бұл жағдайлардан бейхабармын дегенді білдірмейді. Мен бұл мәселеде жауапкершілікті тек бұрынғы жұбайымнан сұрадым. Дегенмен, отбасылы ер адаммен байланыс орнату – әркімнің жеке таңдауы. Кейде мұндай шешімнің соңы біреудің кітабындағы кейіпкерге айналумен аяқталуы мүмкін», – деп жазды ол.