Статистикалық мәліметтерге қарасақ, қазір елімізде шамамен 6,9 миллион бала тұрады. Бұл жалпы халықтың үштен біріне жуық бөлігі.
Тақырыпқа сәйкес айтсақ, бүгін ел аумағында Балаларды қорғаудың халықаралық күні аталып өтуде. Жалпы, Балаларды қорғау күні тек мерекелік дата емес. Бұл қоғамның балаларға қаншалықты қауіпсіз орта қалыптастыра алғанын бағалайтын маңызды сәт болса керек-ті. Өйткені, әрбір баланың қауіпсіздігі, денсаулығы мен бақытты балалық шағы – мемлекеттің болашағының кепілі.
Өкінішке қарай, Қазақстанда балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау мәселесі әлі де өзекті күйде қалып отыр.
Балалар қауіпсіздігі мәселесі қылмыс статистикасынан да көрінеді. ІІМ келтірген мәліметтерге сәйкес, елде кәмелетке толмағандар күніне орта есеппен бірнеше құқық бұзушылыққа қатысады немесе қылмыс құрбанына айналады. Сарапшылар мұны көбіне қараусыздықпен, әлеуметтік бақылаудың әлсіреуімен және отбасылық мәселелермен байланыстырады
Арғы-бергі кезеңді ақтарсақ, 2024 жылы елде кәмелетке толмағандар жасаған 1 890 қылмыс тіркелсе, балаларға қатысты жасалған қылмыстар саны 3 356 дерекке жеткен. Оның ішінде 904 жағдай жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты болған.
Мамандар балаларға төнетін негізгі қауіптер қатарында зорлық-зомбылықты, буллингті, кибербуллингті, әлеуметтік немқұрайлылықты және қылмыстық ортаның ықпалын атайды.
Ең қиыны, балалар қолымен жасалатын заң бұзу мен түрлі дәрежедегі қылмыс дерегі де көбейіп келеді.
Бас прокуратураның мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы сегіз айында ғана жасөспірімдер жасаған қылмыс саны қайта өсіп, 1 812 дерек тіркелген екен. Оның ішінде 212 жеңіл қылмыс, 826 орташа ауырлықтағы қылмыс, 672 ауыр қылмыс және 102 аса ауыр қылмыс түрі анықталған.
Сондай-ақ, осы кезеңде құқық бұзушылық жасағандардың арасында 1 703 мектеп, колледж сияқты білім беру ұйымдарында оқитын жасөспірімдер тіркелсе, 218 қылмыс дерегі оқымайтын және жұмыс істемейтін жастар арасында болған-мыс.
Жоғарыда балалар мен жасөспірімдер ел халқының шамамен үштен бірін құрайды дедік. Нақты айтқанда, балалардың 3,9 миллионы мектеп қабырғасында оқыса, 1 миллионнан астам сәби балабақшаға барады екен. Ал 556 мың жас жеткіншек колледждерде білім алады.
Ресми дерекке сүйенсек, мемлекет балаларды әлеуметтік қолдау бағытында ауқымды бағдарламалар жүргізіп отырғаны айтылады. Мысалы, 2025 жылдан бастап әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың жекеменшік мектептерде оқитын балалары да тегін тамақпен қамтылуда. Биылдың өзінде балалар мен ата-аналарды қолдау шараларымен 2,7 миллион адам қамтылған көрінеді.
Айтпақшы, бүгін де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды қорғау күнімен құттықтап, мемлекеттік қолдау туралы айтты.
- Менің бастамаммен қолға алынған "Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында мемлекет тарапынан әрбір балаға қамқорлық жасалып жатыр. Биыл "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы іске асырыла бастады,- деді Тоқаев.
Жалпы, балаларды қорғау дегенде біз көбіне көшедегі қауіп-қатерді елестетеміз. Бірақ, қазіргі заманда қауіптің сипаты өзгерді. Ол смартфон экранынан, әлеуметтік желіден, кибербуллингтен, жалған ақпараттан, онлайн-алаяқтардан да келуі мүмкін. Сондықтан бүгінгі күні цифрлық қауіпсіздік те балалар құқығын қорғаудың маңызды бөлігіне айналып отыр.
Дегенмен, балаларға қатысты мәселелерді тек статистикамен өлшеу мүмкін емес. Жария болған цифрдың артында нақты тағдыр тұратыны анық. Өйткені, буллинг көрген оқушы, зорлыққа ұшыраған бала, қараусыз қалған жасөспірім немесе емге мұқтаж сәбилерге қатысты кез келген дерек қоғамның жауапкершілігін еске салуға тиіс.