Дислексия дерті мен дауасы: неге"нашар оқитын" балалар саны көбейіп барады?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 702 6094955
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 702 6094955

Біздің әлеуметтік желілер

Шетелде табыс табу үлкен мүмкіндік пе, әлде тәтті иллюзия ма?

Шетелде табыс табу үлкен мүмкіндік пе, әлде тәтті иллюзия ма?
Фотоиллюстрация: Kznews

«Шетелге шықсаң – шекең шылқып, шалқып өмір сүресің» деген түсінік ел ішінде желдей есіп, үміт отын үрлеген ұранға айналып барады. Бұл әрекетке бірі несие қамытынан құтылуды көздеп, бірі бала‑шағаның болашағын ойлап бел буады, енді бірі жақсы өмір үшін атамекеннен ат ізін суытады. Алайда «жылтырағанның бәрі алтын емес» дегендей, шетелге кеткендердің бәрі шынымен дәулетке кенеліп, көрген көзді ашып, көңілге медет болар табыс тауып жатыр ма деген сұрақ туындайды. Мұны kznews.kz порталы сараптап көрді.

Ресми статистикаға көз жүгіртсек, Қазақстан Республикасының ҰЭМ мәліметі бойынша, 2024–2025 жылдары шетелде уақытша жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны 120 000-нан астам адамға жеткен. Оның басым бөлігі Ресей Федерациясы мен Оңтүстік Кореяда, Еуропаның кейбір мемлекеттерінде еңбек етеді. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық Банкі мен Халықаралық еңбек ұйымы жариялаған деректерге сүйенсек, Қазақстаннан тысқары еңбек миграциясына қатысатын азаматтардың жіберген ақша аударымдарының жалпы көлемі жыл сайын миллиардтаған теңгеге жетеді. Бұл – елдегі табыс пен сырттағы мүмкіндіктің арасындағы айырмашылықтың айқын көрінісі. 

Көпшілік «сыртта жұмыс істесем, қалтам қалыңдап, тұрмысым түзеледі» деп армандайды. Алайда шындық әрдайым біздің ойлағанымыздай тәтті емес. Шетелдегі жоғары табыс әңгімесі көп адам үшін құлақ құрышын қандырып, қызығушылықты арттыра түсетіндей көрінетіні сөсіз.

Мысалы, Ұлыбританияда Seasonal Worker, яғни маусымдық жұмысқа шыққан адамдар ең төменгі сағаттық жалақы ретінде £12.21 алады. Бұл – заңмен белгіленген минимум. Еңбекқор адамның қалтасында қалатын таза табыс шығындарды есептегенде біршама кемиді. Тұрмыстық қажеттіліктер, салық, жатын орынға төленетін ақы бәрі қалтаға салмақ салады. Сол себепті, жалақы көп, қолда қалатын ақша әлдеқайда аз. 

Glassdoor және басқа еңбек нарығын зерттейтін платформалардың дерегінше, Ұлыбританиядағы маусымдық жұмысшылардың алақанына тиетін таза айлық табысы 1 200–1 500 доллар шамасында ғана. Осы тұрғыдан келгенде, шетелдегі шалқып өмір сүреді дегендер шығынның кесірінен көп қиындыққа тап болады.

Салыстырмалы түрде айтсақ, Қазақстанда орташа айлық жалақы 405 000 теңге, ал медианалық көрсеткіш – 295 000 теңге. Бұл – елде еңбек ететіндердің жартысынан көбінің осындай мөлшерде табыс табатынын көрсетеді.

Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, еңбек миграциясы табыс арттырудың бір жолы болғанымен, оны байлықтың төте жолы деу жаңсақ түсінік. 

«Шетелдегі жалақы жоғары болғанымен, өмір сүру құны да соған сай қымбат. Салық, медициналық сақтандыру, тұрғын үй жалдау ақысы – бәрі қалтаға салмақ салады. Нақты байлық – табыстың көлемінде емес, оны қалай басқаруда», – дейді ол.

Яғни табыс пен шығынды салыстыру қажет. Сондықтан өзге елде еңбектеніп, өз еліңде бай болу үшін қаржылық тұрғыдан өте-мөте сауатты болу керек сияқты.

Тағы бір сарапшы – қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов те осы ойды қуаттайды. Оның айтуынша, адамдар шетелдегі еңбекті «тез байытатын мүмкіндік» деп қабылдайды, алайда шынайы табыс пен нақты шығынды салыстырғанда айырмашылық кейде ойлағандай үлкен болмайды. 

«Егер адам табысын жинаққа, инвестицияға бағыттамаса, жоғары жалақы ұзақ мерзімді капиталға айналмайды. Бай болу – табыстың мөлшеріне емес, қаржылық тәртіп пен жоспарға байланысты», – дейді ол.

Тағы бір маңызды жайт – шетелге кеткен жұмысшылардың елге жіберетін ақшасы әлемдік қаржы аударымдарының бір бөлігіне айналған. Financial Conduct Authority және басқа халықаралық ұйымдардың есептері бойынша, мигранттардың жіберетін қаражаты, әсіресе маусымдық жұмысқа кеткендерден түсетін аударымдар, көптеген дамушы елдер үшін маңызды экономикалық көрсеткіш саналады. Бұл қаражат көбіне отбасының күнкөрісіне, несиені жабуға, баспана жөндеу сияқты қым қуыт тіршіліктің шығынына жұмсалады. Яғни еңбек миграциясы тұрғындарға уақытша табыс әкелгенімен, ол көбіне тұрмысты тұрақтандыруға бағытталады.

Сондықтан «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген аталы сөз бекер айтылмаса керек. Шетел асу – біреуге мүмкіндік, біреуге сынақ. Бірі белін бекем буып, табысын тасқа басып, жинағын жіпке тізіп, ертеңіне қор жинайды. Енді бірі тапқанын күнкөрістің қым-қуыт қамына жұмсап, «барымен базар» күй кешеді. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» дегендей, табыстың молдығы емес, оның кәдеге жарауы – шынайы байлықтың өлшемі.

Шетелдегі жалақының жылтыраған жалыны көптің көзін қызықтырғанымен, оның ар жағында маңдай тер, салық салмағы, жатақхана ақысы, жалдамалы пәтердің қабағы қабаттасып тұрады. «Жылтырағанның бәрі алтын емес» деген сөздің салмағы да осында. Доллармен өлшенген табыс кейде теңгемен есептегендегі үмітті ақтай бермейді.

Қорыта айтқанда, шетелге кету – дәулетке бастар дара жол емес, тек мүмкіндіктің бір соқпағы ғана. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығы қай заманда да өзектілігін жойған емес. Байлықтың кілті – қай елде жүргеніңде емес, өз қолыңдағы мүмкіндікті қалай кәдеге жаратқаныңда.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.