Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қазақстанда аэротакси құны қанша болатынын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, Алатау, Алматы және облыс әкімдіктері әуе көлігін пайдаланудың бірыңғай ережелерін бекіту бойынша ортақ құжат дайындауы мүмкін.
«Мысалы, жолаушы Алматы әуежайына ұшып келді делік. Қазір білесіздер, кептеліс көп, жолға бір жарым-екі сағат кетеді. Сол жердің маңына аэротакси қою жоспарда бар. Жолаушы оны алдын ала брондап қояды. Қазіргі таңда шамамен бір адамға 1 шақырым үшін 1 доллар төленеді», – деді Бозымбаев Үкіметтегі брифингте.
Шамамен есептегенде, 15 шақырым жол үшін жолаушылар шамамен 15 доллар (7 мың теңгеден астам) төлейді. Сонымен қатар, вице-премьер тасымалдаушылар арасында бәсекелестік болса, жол ақысы арзандайтынын атап өтті.