Сонымен, бір жыл бойы халық талқысында болған АЭС құрылысы бойынша референдум да өтті. Бұл референдум 2024 жылдың ғана емес, Қазақстан тарихында ерекшеленіп қалатыны даусыз. 6 қазанда 7,8 миллионнан астам қазақстандық ел келешегін айқындайтын іс-шарада дауыс беруге қатысты. Бұл – дауыс беруге құқылы азаматтардың 63,87 пайызы. Референдум қалай өтті, қорытындысы не болды? Kazinform тілшісі осы жағына шолу жасап көрді.
Қай өңірлер белсенді болды?
Ең алдымен, елеулі күнде өңірлердің белсенділігі қалай болғанын айтпай кетуге болмас. Орталық референдум комиссиясының дерегінше, дауыс беруде Алматы қаласының халқы бәсең болған – қала тұрғындарының тек 25,39 пайызы таңдау жасапты. Ал ең белсенді болған өңір - Қызылорда облысы – 82,48 пайыз. Бұл республика бойынша рекордты көрсеткіш саналады.
Осы тұста шетелдегі қазақстандықтар да белсенді болып, елшіліктер жанынан ашылған учаскелерде дауыс бергенін тілге тиек ете кетейік.

Қоғамдық тәртіп Екі оқиғаны айтпағанда қазақстандықтар референдум кезінде заң бұзбағанын аңғарамыз. Айтылып отырған екі оқиға - заңсыз үгіт-насихат және қоғамдық сауалнама жүргізу. Кінәлілер айыбын толық мойындаған. Себебі, мұндай маңызды күнде азаматтардың шешімін өзгертуге бағытталған іс-қимылдар болмауы керек.– Осы күн тарихқа енетіні сөзсіз. Біздің азаматтар атом электр станциясына қатысты шешім қабылдауы керек. Референдум – тікелей демократияның механизмі. Халық қандай шешім қабылдаса да, мемлекет оның еркіне бағынады. Дұрыс шешім қабылданатынына сенімдімін. Сондықтан мен референдум өткізуді қолдадым, – деді Президент.



Түйіндей келгенде, біздің болжауымыз бойынша, АЭС референдумы халық тарапынан қолдау тапқаны анық. Ендігі мәселе, құрылысты кім жүргізетінінде. Бұл сұраққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жауап та берді. Үкімет алдағы уақытта бұл мәселені саралап, шешімін шығарады. Президент Қазақстанда ең озық технологияларға ие әлемдік компаниялардан тұратын халықаралық консорциум жұмыс істеуі тиістігін айтты. Осылайша, Қазақстан өз тарихында маңызды кезеңдердің біріне жол қалады деп айтуға толық негіз бар.– Менің шағын талдауым бойынша, экзит-полл нәтижелері жарияланғаннан кейін біз мынаны айта аламыз: біріншіден, референдум ресми түрде өтті. Екіншіден, қазақстандықтардың көпшілігі, дәлірек айтсақ, дауыс беру үшін учаскелерге келген ел азаматтарының шамамен 70 пайызы (немесе одан да көп) АЭС салу туралы бастаманы қолдады. Көктем мен жазда мен АЭС жақтаушыларының баяу, бірақ сенімді түрде өсіп жатқанын көрсететін сауалнама деректерін көрдім. Демек, бұл науқанға біз қолдаушылардың 50 пайыздан асатынын біліп бардық. 6 партия мен республикалық қозғалыстардың көпшілігі, жүздеген үкіметтік емес ұйымдар кіретін Республикалық штаб құрылғаннан кейін, бір айдан астам уақыт ішінде орасан зор жұмыс атқарылды. Елді аралап шықтық. Облыстық және аудандық штабтар барлық ресурсты жұмылдырып, барлық желіні тартып, жұмылдырды. Үгіт-насихат кезеңінде АЭС құрылысын жақтайтындар біршама көбейгені байқалды, – дейді ол.