Қызылорда облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Әділет» партиясы өңірлік саяси кеңесінің мүшесі Нұрбек Дәуренбеков өңірдегі шыны өндірісі мен күріш шаруашылығын сыртқы демпингтен қорғаудың заңды тетіктерін ұсынды. Оның пікірінше, халықаралық келісімдерді бұзбай-ақ сапа стандарттарын күшейту, мемлекеттік сатып алуда отандық өнімге басымдық беру, экологиялық қолдау тетіктерін енгізу және экспортты кеңейту арқылы ұлттық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға болады, деп хабарлайды kznews.kz.
Дәуренбековтің айтуынша, Қызылорда облысындағы шыны өндірісі мен күріш шаруашылығы тек өңір үшін ғана емес, еліміздің экономикалық қауіпсіздігі үшін де маңызды салалар саналады. Алайда соңғы жылдары сырттан келетін арзан импорт отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігіне елеулі қысым түсіріп отыр.
Оның пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы міндеттемелер Қазақстанға импортқа тікелей кедендік тосқауыл қоюға мүмкіндік бермегенімен, ішкі нарықты техникалық және құқықтық тетіктер арқылы қорғауға болады.
«Мәселе халықаралық заңдарды бұзуда емес, керісінше, сол заңдардың аясында ұлттық мүддені қорғаудың тиімді жолдарын пайдалана білуде», – дейді ол.
Нұрбек Дәуренбеков шыны өндірісін қолдау үшін құрылыс саласындағы техникалық талаптарды күшейтуді ұсынады. Оның айтуынша, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерде энергия үнемдейтін әрі ультракүлгін сәуледен қорғайтын шыныларды қолдануды міндеттеу импорттық арзан өнімдердің нарықтағы үлесін табиғи түрде азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай талаптар халықаралық сауда ережелеріне қайшы келмейді.
Сонымен қатар ол Ресейден жеткізілетін шыны бағасына қатысты демпинг белгілері бар-жоғын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі зерттеуі қажет деп есептейді. Егер демпинг фактілері дәлелденсе, халықаралық нормаларға сәйкес антидемпингтік шараларды қолдануға мүмкіндік бар екенін айтады.
Күріш шаруашылығына қатысты Дәуренбеков «Сыр күріші» атауын географиялық бренд ретінде заң жүзінде қорғауды ұсынады. Оның пікірінше, бұл өнімнің нарықтағы құнын арттырып, тұтынушылар арасында отандық өнімге деген сұранысты күшейтеді.

Сондай-ақ ол мемлекеттік қолдауды экологиялық бағдарламалар арқылы көрсетуді тиімді шешім деп санайды. Атап айтқанда, топырақтың сорлануына қарсы күрес, су үнемдеу және шөлейттенудің алдын алу бағытындағы экологиялық дотациялар халықаралық талаптарға қайшы келмей, диқандардың өндірістік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Нұрбек Дәуренбеков мемлекеттік сатып алу жүйесін де қайта қарау қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, «Самұрық-Қазына» компаниялары мен мемлекеттік мекемелердің сатып алуларында отандық өнімдерге басымдық беру ішкі өндірісті қолдаудың ең тиімді тетіктерінің бірі болмақ.
Сарапшы демпингтің салдарын азайтудың тағы бір жолы ретінде экспорттық бағыттарды кеңейтуді ұсынады. Оның айтуынша, Қызылорданың географиялық орналасуы Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан нарықтарына шығуға мүмкіндік береді. Логистикалық қолдау көрсетілген жағдайда, бұл бағыттар отандық өндірушілер үшін жаңа экспорттық нарыққа айналуы мүмкін.
Нұрбек Дәуренбековтің пікірінше, ұлттық өндірісті қорғау импортты шектеумен емес, отандық кәсіпорындарға заң аясында бәсекелік артықшылық жасаумен жүзеге асуы тиіс.
«Қызылорданың шыны зауыты мен күріш алқаптары – өңірдің ғана емес, елдің стратегиялық активтері. Оларды қорғау – экономикалық тәуелсіздікті нығайтудың маңызды қадамы», – деп түйіндеді ол.