Тамыз айында жалпы инфляция 9,8 пайызға дейін баяулады. Яғни, 20 өңірдің онында инфляция бір таңбалы деңгейге түсті. Жалпы, бұдан өңірлер арасындағы алшақтық қысқарып келеді деген қорытынды жасауға болады.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, инфляцияның ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан облысында сақталып отыр, аймақтағы жылдық көрсеткіш бойынша 12,0 пайыз шамасында. Одан кейінгі орында Жетісу облысы 11,7 пайыздық көрсеткішпен тұр. Сондай-ақ, Ақмола облысы 11,6 пайыз, Түркістан облысы 11,3 пайыз және Алматы облысы 10,7 пайыз инфляция деңгейін көрсетті.
Ал инфляцияның ең төменгі деңгейі өңір Қарағанды облысында байқалды. Мұнда көрсеткіш 8,1 пайызға дейін төмендеді. Сол сияқты, Алматы қаласындағы инфляция 8,7 пайыз, Павлодар облысында 9,0 пайыз, Батыс Қазақстан облысында 9,1 пайыз және Ақтөбе облысында 9,2 пайыз болды.
Байқап отырғанымыздай, ең жоғары және ең төменгі көрсеткіштердің арасындағы айырмашылық 3,9 пайыздық тармақты құрайды. Сарапшылар мұны маңызды көрсеткіш депсанайды. Яғни, өңірлер арасындағы алшақтық неғұрлым аз болса, инфляцияның бәсеңдеуі экономикаға соғұрлым кең таралғанын білдіреді екен.
Демек, инфляцияның нл бойынша 9,8 пайыздық көрсеткіші әртүрлі нарықтардағы ахуалдың орташа мәнін білдіреді.
Қазір Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облыстары арасындағы айырмашылық төрт пайыздық тармаққа жуық. Демек, елдің әр өңіріндегі үй шаруашылықтарының табысы бірдей қарқынмен өссе де, олардың нақты сатып алу қабілетіне әсері әртүрлі болуы мүмкін.
Бұл айырмашылық бизнес үшін де маңызды. Инфляция кәсіпорындардың шығынына, жалақыға қатысты күтулерге және тұтынушылық сұранысқа ықпал етеді.
Сондықтан өңірлердің жартысында инфляцияның 10 пайыздан төмендеуі республикалық көрсеткіштің өзінен де маңызды белгі болып отыр.
Екіншіден, өңірлік инфляция үшін келесі сынақ азық-түлік нарығындағы жазғы маусымдық кезең аяқталғаннан кейін басталады. Егер инфляциясы бір таңбалы өңірлер саны арта беріп, олардың арасындағы айырмашылық қысқара түссе, баға қысымының төмендеуі неғұрлым тұрақты сипат алады. Ал егер өңірлердегі көрсеткіштер қайтадан алшақтай бастаса, республикалық инфляция нақты жағдайдың әркелкілігін жасыруы мүмкін.
Әрине, инфляцияның дәл қазіргі деңгейде қалыптасуына атқарушы биліктің қарқынды жұмысы істеуі ықпал еткені анық. Яғни, күні кеше қайта тағайындалған Премьер-министр Олжас Бектенов пен оның командасының еңбегіне әділетті баға берілуге тиіс. Отандық экономистер мен саяси сарапшылар да осы пікірде екен. Мысалы, саясаттанушы Олжас Әбішев "Өткен дүйсенбі күні қайта тағайындалған Үкімет басшысы өз сөзінде инфляциямен күрес Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті..." дейді.
- Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке инфляцияны 10 пайыздан төмен деңгейге түсіруді, ал кейінгі үш жылда оны кезең-кезеңімен төмендетуді тапсырған болатын. Шын мәнінде, бірнеше жыл бойы жоғары инфляциялық қысымнан кейін баға өсімінің аздап баяулауы жақсы белгі. Алайда, халықаралық жағдайдың тұрақсыздығын ескерсек, шикізат нарығындағы құбылмалылықтың жалғасуы, санкциялық текетірес және мемлекеттік шығындардың өсуі мен қарулану жарысына алып келіп отырған соғыстар жағдайында бұл үрдісті сақтап қалу мүмкін бола ма деген сұрақ туындайды. Үкімет алдында үнемі "инфляцияны бақылау – экономикалық өсім – экономиканы сауықтыру" үштағанының қай тұсында әрекет ету керек деген мәселе тұрады. Бұл жерде өңірдегі әкімдіктерге де үлкен рөл беріледі. Олар инфляцияның ашық және жасырын драйверлерін қаншалықты сапалы зерттеп, анықтай алады? Яғни, мәселе бағаны нарықтық емес тәсілмен бақылауда емес, тауарлар мен қызметтердің тұтынушыға жету жолында негізсіз үстемелердің жиналмауы үшін нарықтың жұмысын ретке келтіруге байланысты болмақ, - дейді Ғазиз Әбішев.