Жаңа транзит жолы: Қазақстан Қырғызстанға 35 мың тонна мұнай жөнелтті
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Жаңа транзит жолы: Қазақстан Қырғызстанға 35 мың тонна мұнай жөнелтті

Жаңа транзит жолы: Қазақстан Қырғызстанға 35 мың тонна мұнай жөнелтті
Фото: ашық дереккөздерден

"ҚазТрансОйл" компаниясы Қырғызстанға 35 мың тонна мұнай транзитін жүзеге асырды. Алғашқы партия 15-тамызда жөнелтілді. Мұнай магистральдық құбырлар арқылы "Шағыр" мұнай құю пунктіне дейін жеткізіліп, одан әрі теміржол цистерналарына тиеледі.

Бұл жобаны "ҚазТрансОйл" бұл бағытты Қазақстан аумағы арқылы Қырғызстанға мұнай транзитінің алғаш рет жүзеге асуы деп атады. Дегенмен, ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша еліміздің мұнай Қырғызстанға мұнай бұрын да жеткізілген екен. Яғни, мұндай жеткізілімдер тұңғыш рет 2017 жылы жүзеге асқан, ал 2025 жылғы қарашада қайта басталған. Бірақ, қазіргі жаңалықтың ерекшелігі Қырғызстан нарығына мұнайдың алғаш рет баруында емес, Қазақстан аумағы арқылы тағы бір транзиттік маршруттың іске қосылуында болып отыр.

Әрине, 35 мың тонна Қазақстанның жалпы мұнай экспортымен салыстырғанда үлкен көлем емес. Сондықтан бұл көрсеткішке қарап, Қырғызстан бағыты Қазақстанның мұнай экспорты үшін стратегиялық маңызы бар жаңа арнаға айналды деуге әлі негіз жоқ. Оның үстіне маршруттың жылдық өткізу қуаты, ұзақ мерзімді тасымал көлемі мен экономикалық тиімділігі туралы толық мәлімет әзірге жарияланған жоқ.

Дегенмен жаңа бағыттың логистикалық мәні бар. Мұнайдың магистральдық құбырмен тасымалданып, кейін теміржол цистерналарына ауыстырылуы Қазақстандағы әртүрлі көлік инфрақұрылымын бір тізбекке біріктіреді. Бұл Орталық Азия нарығына мұнай жеткізудің икемді схемаларын пайдалануға мүмкіндік береді.

Жалпы, Қазақстан үшін мұндай маршруттардың пайдасы ең алдымен транзиттік қызметтен түсетін кіріспен байланысты. Егер тасымал тұрақты болып, көлемі ұлғайса, құбыр жүйесі мен теміржол инфрақұрылымының жүктемесі артып, транзиттік әлеуетті коммерциялық тұрғыдан пайдаланудың мүмкіндігі кеңейеді. Бірақ, бұл әзірге ықтимал сценарийдің бірі ғана. Оның қалай жүзеге асатынын алдағы айлардағы тасымал көлемі ғана көрсете алады. Яғни, алдағы уақытта назар аударатын басты көрсеткіш – алғашқы партияның көлемі емес, келесі тасымалдардың тұрақтылығы мен көлемі. Егер 35 мың тонна бір реттік жеткізілім болып қалса, оның экономикалық әсері шектеулі болады. Ал транзит тұрақты түрде өссе, Қазақстан үшін жаңа табыс көзі ғана емес, Орталық Азиядағы энергетикалық-логистикалық позициясын күшейтетін қосымша құрал пайда болады.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.