Маңғыстау облысында Каспий теңізінде балық өсіруге бағытталған ірі аквашаруашылық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қарақия ауданындағы «Organic Fish» ЖШС-нің балық өсіру шаруашылығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды kznews.kz.
Жоба Құрық портынан шамамен 20 шақырым қашықтықтағы Каспий теңізінің терең су бөлігінде албырт тұқымдас балықтарды арнайы теңіз тор қоршамаларында өсіруді көздейді. Кәсіпорынның өндірістік қуатын кезең-кезеңімен арттырып, 2028 жылға қарай жылына 5 мың тонна тауарлы балық өндіру жоспарланған.
2025 жылғы қыркүйекте теңізге диаметрі 38 метр болатын алғашқы үш тор қоршама орналастырылды. Қараша айынан бастап жыл соңына дейін оларға жалпы салмағы шамамен 20 тонна болатын 95 мың балық шабағы жіберілген. Бастапқыда әрқайсысының орташа салмағы 200 грамм болса, бүгінде балықтар 1,8–2,5 келіге дейін өскен.
Кәсіпорын алғашқы өнімін биыл қыркүйек айында алып, ішкі нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отандық өндірісті дамыту, экономиканы әртараптандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін үнемі атап келеді. «Organic Fish» жобасы осы бағыттағы нақты жұмыстардың бірі. Каспий теңізінің табиғи әлеуетін тиімді пайдаланып, жаңа өндіріс бағытын қалыптастыру арқылы ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Сондықтан жобаның өндірістік қуатын кезең-кезеңімен арттырып, белгіленген жоспарларды сапалы жүзеге асыру маңызды, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Өндірісті кеңейту мақсатында биыл тағы үш теңіз тор қоршамасын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта олар белгіленген учаскелерге орналастырылып, бекітілуде. Жаңа торларды қыркүйек айының басына дейін іске қосып, балықтандыру жоспарланған.
Жыл соңына дейін барлық алты тор қоршамаға шамамен 470 мың балық шабағын орналастыру көзделіп отыр. Олардың орташа салмағы 200–300 грамм, жалпы биомассасы шамамен 114 тоннаны құрайды.
Жоспар бойынша кәсіпорын 2026 жылы 150 тонна, 2027 жылы 1 300 тонна, ал 2028 жылы 5 мың тонна тауарлы балық өндіру деңгейіне жетуі тиіс. Кейін тор қоршамалардың санын одан әрі көбейту көзделген.

Аймақ басшысы теңіз аквашаруашылығын дамыту Маңғыстау экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ішкі нарықты отандық балық өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Organic Fish» жобасы Каспий теңізінің табиғи әлеуетін тиімді пайдаланып, Қазақстанда теңіз аквашаруашылығын дамытудың жаңа бағытын қалыптастыруға мүмкіндік береді.