12- қыркүйектен бастап Алматы қаласы мен Алматы облысында электр энергиясын қымбаттайтын болды.
Енді қуат құнының бөлшек саудада өткізудің шекті бағасы кВт.сағатына 39,30 теңге деңгейінде белгіленбек. Және бұл – қосымша құн салығы қосылмаған баға, ал ҚҚС қосам есептегенде 45,59 теңгеге жетеді. Бұған дейін шекті баға 36,33 теңге болған. Осылайша өсім шамамен 8,2 пайызды құрайды.
Аймақты электр жарығымен қамтитын монополист "Алатау Жарық Компаниясы" тарифтің көтерілуін электр энергиясын бастапқы бағанының өсуімен түсіндіріп отыр. Яғни, елдегі бірыңғай сатып алушыдан алынатын қуат көзі қымбаттаған. Мәселен, 15 - шілдеден бастап сатып алу бағасы 13 теңгеден 16 теңгеге дейін көтеріліп, 23 пайызға өскен. Бұл өзгеріс Ұлттық экономика министрлігінің 10-шілдедегі №167 бұйрығымен бекітілген екен.
Әрине, бұл ретте 39,30 теңге барлық тұтынушы үшін бірдей тариф емес екенін айтуымыз керек. Тұрмыстық тұтынушылар үшін электр энергиясына тұтыну көлеміне қарай сараланған тариф қолданылады. Атап айтқанда, 1-деңгей – 29,55 теңге, 2-деңгей – 39,23 теңге, 3-деңгей – 49,04 теңге әр кВт.сағатына алынады. Бұл да ҚҚС-сыз баға.
Сарапшылар мегаполис пен оның маңайында электр энергиясының қымбаттауы бизнес үшін қосымша шығынды арттырады деп пайымдайды. Өйткені, электр энергиясы өндіріс, сауда, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету салаларының өзіндік құнына тікелей кіреді. Сондықтан тарифтің өсуі алдағы уақытта тауарлар мен қызметтер бағасына жанама қысым жасауы мүмкін.
Айтпақшы, бұл биылғы алғашқы өсім емес. "Алатау Жарық Компаниясы" бұған дейін 5-маусымнан бастап шекті бағаны 36,33 теңгеге көтерген еді.
Сондай-ақ, тұтынушылардың электр энергиясы бойынша қарызы да көбейіп кеткен екен. Мәселен, 1-шілдедегі жағдай бойынша берешек 36,45 млрд теңгеге жетіп, бір айда 2,88 млрд теңгеге, немесе 9 пайызға өскен көрінеді.