Роза Бағланова өнерпаз ғана емес, қайраткер ретінде де қоғам ісіне араласып жүрген. Мысалы, Аралдың тартылуы, Семей полигоны секілді ұлттық экологиялық апаттарға алғаш болып үн қатқандардың бірі болған деседі. Ал Алматыдағы қаһарлы 1986 жылы да өз ойын билікке жеткізе білген екен. Бұл жайлы естеліктері де бар.
1986 жылы Алматыда Желтоқсан оқиғасы басталғанын естіген Роза Бағланова алаңға өзі барды. Жастардың көңіл күйі алаңдаулы, шу көп, не болып жатқанын анық есту мүмкін емес еді. Оны көрген Серік Абдрахманов трибунаға шақырады, бірақ жолын кескен полковникке генерал Коряковский: «Бұл – Роза Бағланова, жібер!» деп араша түседі. Трибунаға көтеріліп, ішке кіргенде, ол жақтағыларға жастарды ұрып-соғып жатқандар туралы ашық айтты. Генералға: «Қыздарды шашынан сүйреп, ұлдарды ұрып жатыр, тоқтатыңыздар!» деп талап қойды. Кейін сол жерде күш қолдануды доғару туралы бұйрық берілген. Ертеңінде де алаңға қайта оралып, халық алдына шықты. Серік Абдрахманов оның қауіпсіздігіне алаңдағанымен, Роза апа: «Кеше ұрылған балалардың өмірі менікінен артық емес» деп жауап береді.
Тәуелсіздік жылдары Роза Бағланова қоғамдық өмірден шет қалмай, елдің рухани-мәдени жаңғыруына белсенді атсалысып жүрген. Ол түрлі кездесулерге қатысып, жас өнерпаздарға қолдау білдіріп отырды, өзі де сахнаға шығып, халықпен етене жақын араласты. 1996 жылы оған "Халық Қаһарманы" атағы берілді. Бұл оның өнері мен ел алдындағы еңбегінің жоғары бағалануы еді.
Роза Бағланова 2011 жылы дүниеден өтті. Өзі кеткенімен, оның үні көрерменнің жадында қалды. Бүгінде ол салған әндер қайтадан радио эфирінде, сахнада, халықтың жүрегінде жаңғырып тұр. Оның құрметіне Қазалыда мүсін орнатылды, Алматыда еңселі ескерткіш бой көтерді. ЮНЕСКО шеңберінде 100 жылдығы атап өтіліп, әлемдік деңгейде танылды. Бірақ одан да маңыздысы – ол бүгінгі ұрпаққа өнеге болып қалды. Роза Бағланова – ұлттың рухани шамшырағы. Оның өнегесі тек өнерде емес, ойда, ұстанымда, жүректе қалуы тиіс.