Қоғам

«Қылмыстық жазаға тарту керек»: депутат ерекше балалардың арын таптаған блогерлерге шүйлікті

«Қылмыстық жазаға тарту керек»: депутат ерекше балалардың арын таптаған блогерлерге шүйлікті

Ол қоғамдағы үрдіске алаңдады

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Әбдиев мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына  депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды kznews.kz.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында «инклюзия – ешкімді артта қалдырмау» қағидатын басымдық ретінде атап өтіп, мүгедектігі бар адамдарға қатысты көзқараста бірінші кезекте адамның мүмкіндігін, әлеуетін көруді міндеттеді. Бұл – БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарындағы қағидаттарымен үндес ұлттық бағыт. «AMANAT» партиясының сайлауалды тұғырнамасында да мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын барлық салада жақсарту міндеті айқын белгіленді. Алайда соңғы айларда қоғамда алаңдатарлық үрдіс байқалды. Әлеуметтік желілерде мүгедектігі бар балалар мен азаматтарға қарсы қорлау, өшпенділік тілі күшейді», - дейді Әбдиев.

Атап айтқанда, депутат осыдан бірнеше ай бұрын блогер-сымақ біреудің аутизмі бар балаларды өлтіруге шақырғанын білесіздер. Ол әлеуметтік араздықты қоздырып қана қоймай, көпшілікті қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа ашықтан-ашық шақырды.

«Күні кеше аутизм дертіне шалдыққан балалар мен олардың әке-шешесіне тіл тигізген тағы да бір блогер шықты. Ол мұндай ауытқуы бар бала жеңіл жүрісті шешеден туады деп мәлімдеді. Онсыз да ауыр дертке шалдыққан балалардың ата-аналарына бұл жығылғанға жұдырықтай тигені анық. Хайптың артында жүріп, көпшіліктің арын таптаған мұндай блогерлерге әкімшілік емес қылмыстық жаза қолданылуы керек. Әйтпесе кез-келген адам аузына ие болмай, жазадан құтылып, қоғамға үлкен зиян келтіріп емін-еркін жүре бермек». Әлеуметтік желі надан адамның қолында қаруға айналып бара жатқаны қорқытады», - дейді депутат.

Ол атағандай, бұл қоғамдағы әлеуметтік дистанцияның өскенін және стигманың көрінісін көрсететін дабыл.

«Бүгінде Қазақстан медициналық модельден әлеуметтік модельге өтіп жатыр. Бұл – психологиялық тұрғыда күрделі процесс, қабылдау кезеңдері бар: бастапқы терістеу, қарсылық, түсінбеушілік, содан соң жаңа шындықты қабылдау. Осы жағдайда мемлекеттің міндеті – қоғамның санасын дұрыс бағытта жаңғырту, тең мүмкіндіктерді қорғау және мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын мүлтіксіз сақтау. Соңғы екі жылда Мәдениет және ақпарат министрлігінің инклюзия тақырыбын ілгерілетуге бөлген бар болғаны 66 млн теңге республикалық деңгейде айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Қаражат шағын, бытыраңқы жобаларға бөлініп, жүйелі ақпараттық саясат қалыптаспады», - деді ол.

Айта кету керек, республикалық бюджетті талқылау кезінде мен инклюзивті бағытты күшейту үшін 11 мемлекеттік органға үш жылға 6,6 млрд теңге (жылына 2,2 млрд) бөлу жөнінде түзету енгізген болатынмын. Алайда сол мемлекеттік органдар «қосымша қаражат керек емес» деген сылтаумен ұсыныс қолдау таппады.

Осыған байланысты, депутат бірқатар мәселені үкімет деңгейінде қарастыруды сұрады:

мүгедектігі бар адамдарға қатысты дұрыс түсінік қалыптастыратын кешенді мемлекеттік коммуникациялық стратегия әзірлеу;

өшпенділік тілінің алдын алатын, ғылыми негізделген ақпарат беру;

2026 жылға арналған «Кемсітушілікке нөлдік төзімділік» Ұлттық іс-шаралар жоспарын қабылдау.

әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы дискриминациялық контентке жедел әрекет ету;

инклюзияны арттыру бойынша облыстардың әкімдеріне нақты индикаторларды енгізу.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz