Бірпалаталы Құрылтайға көшу Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып қана қоймай, елдің халықаралық инвестициялық тартымдылығына да оң әсер етуі мүмкін. Германиялық Орталық Азия жөніндегі сарапшы Кристиан Гроссе осындай пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Сарапшы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 21 тамыздағы Қазақстан халқына үндеуіне қатысты пікір білдіре отырып, алдағы Құрылтай сайлауын елдегі реформалардың келесі кезеңінің бастауы ретінде бағалады.
Кристиан Гроссе – Open International Dialogue ұйымының президенті әрі негізін қалаушы, бизнес қауымдастығының жетекшісі және Германиядағы NEWSMARK іскерлік журналының баспагері. Ол Қазақстандағы парламенттік реформаны саяси институттардың өзгеруі тұрғысынан ғана емес, оның халықаралық сенімге, инвестицияға және елдің бәсекеге қабілеттілігіне ықпалы жағынан да қарастыру қажет екенін айтады.
Оның пікірінше, екі палаталы Парламенттен бірпалаталы Құрылтайға көшу заң шығару үдерісіндегі күрделі келісу рәсімдерін қысқартып, мемлекеттік шешімдерді қабылдау жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
– Мен бірпалаталы Құрылтайға көшуді, ең алдымен, Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін стратегиялық тұрғыдан жаңғырту деп бағалаймын. Бұл реформа едәуір дәрежеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен байланысты және заң шығару жүйесін заманауи әрі икемді етуге деген ұмтылысты көрсетеді. Бұл жерде Парламент атауын өзгерту немесе палаталар санын қысқарту туралы ғана сөз болып отырған жоқ. Реформаның практикалық маңызы шешім қабылдау тетігінің өзін жеңілдетуде жатыр. Екі палаталы жүйеде заң қосымша келісу кезеңдерінен өтуге тиіс. Ал жаңа құрылым бастаманы талқылаудан бастап заң қабылдауға дейінгі жолды қысқартып, бұл үдерісті жеделдетуге мүмкіндік береді, – деді Кристиан Гроссе.
Сарапшы мұндай өзгерістің экономика үшін де маңызы зор екенін атап өтті. Мемлекеттің экономикалық және қоғамдық өзгерістерге жедел әрекет ету қабілеті бизнес пен инвесторлар үшін маңызды факторлардың бірі саналады.
Оның айтуынша, әсіресе инвестиция, кәсіпкерлік және экономикалық қызметті реттейтін заңдардың уақытылы қабылдануы халықаралық бизнестің белгілі бір елге қатысты шешіміне тікелей ықпал етеді.
– Халықаралық бизнес үшін мемлекеттік институттардың сапасы тікелей экономикалық мәнге ие. Инвесторға табиғи ресурстардың немесе үлкен нарықтың болуы ғана жеткіліксіз. Ол мемлекеттің шешімді қаншалықты жылдам қабылдайтынын, заңдардың қаншалықты түсінікті екенін және бірнеше жылдан кейін де жұмыс істеу ережелерінің тұрақты болатынын білгісі келеді. Сондықтан Құрылтай реформасы іскерлік қоғамдастыққа маңызды белгі береді. Егер жаңа модель бюрократиялық кедергілерді азайтып, заң шығару үдерісін тиімді ете алса, Қазақстан жаһандық нарықтағы өзгерістерге жылдамырақ бейімделе алады, – деді ол.
Кристиан Гроссенің пікірінше, қазіргі таңда мемлекеттер арасындағы бәсеке капитал мен технология үшін ғана емес, шешім қабылдау жылдамдығы үшін де жүріп жатыр. Инвесторлар реттеу жүйесі түсінікті, әкімшілік кедергілері аз және шешімдері уақтылы қабылданатын елдерге басымдық береді.
Сонымен бірге сарапшы мемлекеттік шешімдердің жылдамдығы ашықтық пен құқықтық айқындықпен қатар жүруі қажет екенін атап өтті.
– Жылдамдықтың өзі жеткіліксіз. Ол барынша ашықтықпен және құқықтық айқындықпен ұштасуға тиіс. Сонда ғана институционалдық икемділік нақты бәсекелестік артықшылыққа айналады. Меніңше, Қазақстан саясатының дәл осы бағыты экономикалық тұрғыдан ерекше қызығушылық тудырады. Ықшам заң шығару жүйесі анағұрлым сенімді реттеуші ортаны қалыптастыруға мүмкіндік бере алады. Ал бұл компаниялардың ұзақ мерзімді инвестиция салу туралы шешімдеріне тікелей әсер етеді. Егер реформа мемлекеттік шешімдердің жылдамдығын ережелердің тұрақтылығымен ұштастыра алса, Қазақстанның бизнес жүргізуге қолайлы ел ретіндегі тартымдылығы айтарлықтай артуы мүмкін, – деді неміс сарапшысы.
Кристиан Гроссе жаңа Құрылтайдың қызметін қоғамдық сенім мәселесімен де байланыстырады. Оның айтуынша, бизнес үшін саяси тұрақтылық қоғамдағы бәсекенің немесе пікірталастың болмауын білдірмейді. Керісінше, шешімдер қоғамдық легитимділікке ие болып, мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынас ашық әрі түсінікті ережелерге негізделген жүйе анағұрлым тұрақты болады.
– Азаматтардың сайлауға қатысуын тек саяси мәселе ретінде қарастырмаймын. Бұл экономика үшін де маңызды көрсеткіш. Қоғамның жоғары белсенділігі мемлекеттік институттардың легитимділігін күшейтеді, ал институттарға деген сенім күтпеген саяси өзгерістер қаупін азайтады. Саяси үдерістің сапасы да үлкен маңызға ие. Ашықтық, ақпаратқа қолжетімділік, бәсекенің түсінікті ережелері және құқықтық айқындық азаматтардың да, сыртқы серіктестердің де сенімін қалыптастырады. Саяси реформа мен экономика дәл осы тұста тоғысады, – деді Кристиан Гроссе.
Оның пікірінше, жаңа Құрылтай биліктің өкілдік сипатын нығайтып, заң шығару жүйесінің тиімділігін арттырып және бизнестің тұрақты жұмыс істеу ережелерін қамтамасыз ете алса, Қазақстанға ұзақ мерзімді инвестиция тартудың қосымша факторына айналады.
– Қазақстандағы қазіргі өзгерістердің ауқымды мәнін осыдан көремін. Әңгіме Парламентті жаңарту туралы ғана емес. Мемлекет бір мезгілде қоғамдық сенімді қамтамасыз ететін және халықаралық экономиканың талаптарына жауап бере алатын заманауи басқару жүйесін қалыптастыруға ұмтылып отыр, – деді сарапшы.