Тоқаев: Үкімет өз өкілеттігін тоқтатады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Борис Поломарчук: S&P рейтингі – сенім кредиті

Борис Поломарчук: S&P рейтингі – сенім кредиті
Фото: ашық дереккөздерден

Саясаттанушы Борис Поломарчук Қазақстанның суверенді кредиттік рейтингінің S&P Global Ratings тарапынан «BBB-» деңгейінен «BBB» деңгейіне көтерілуін елдегі экономикалық өзгерістердің халықаралық деңгейде мойындалуы деп бағалайды.

Оның пікірінше, бұл жай ғана рейтингтік кестедегі цифр емес, Қазақстанның экономикалық тұрақтылығы мен даму стратегиясына берілген маңызды сыртқы баға.

«S&P Global Ratings бағасының маңызы осында. Бұл рейтинг мемлекеттің кредит қабілетін, қаржылық міндеттемелерін орындау мүмкіндігін және сыртқы күйзелістерге төтеп беру әлеуетін бағалайды. Сондықтан рейтингтің көтерілуі халықаралық инвесторлар үшін де маңызды белгі. Елдің рейтингі жоғарылаған сайын мемлекетке деген сенім де арта түседі», – дейді саясаттанушы Борис Поломарчук.

Оның айтуынша, Қазақстанда соңғы жылдары экономиканы әртараптандыру, инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, бюджет тұрақтылығын күшейту бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Бұл өзгерістер енді халықаралық рейтингтерден де көрініс тауып отыр.

«Бұл – Қазақстан экономикасы мен оның даму стратегиясы бірнеше жыл бұрынғыға қарағанда сенімдірек қабылдана бастағанының белгісі. Диверсификация, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар, бюджет тұрақтылығын нығайту шаралары енді Үкімет есептерінде ғана емес, сыртқы бағалауларда да көрініс таба бастады. Бұл – объективті сыртқы көрсеткіш. Рейтингтің көтерілуі – сенім кредиті», – дейді Борис Поломарчук.

Саясаттанушының пікірінше, ендігі міндет қол жеткізілген нәтижелермен тоқтап қалмай, экономиканы әртараптандыруды жалғастыру.

«Біз әлі жолдың басындамыз. Біз өз даму траекториямызға жоғары баға алдық. Енді экономикалық және саяси өзгерістерді жалғастыру маңызды. Сонда көрсеткіштеріміз де әрі қарай өседі», – деп атап өтті ол.

Борис Поломарчук Қазақстанның халықаралық бағалаудағы позициясы бір ғана S&P рейтингімен шектелмейтінін де атап өтті. Fitch және Moody’s секілді халықаралық рейтинг агенттіктерінің бағалары да елдің қаржылық тұрақтылығын көрсетеді.

Сонымен қатар, Қазақстан цифрлық даму бағытында да жоғары көрсеткіштерге ие. Саясаттанушы БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексінде Қазақстанның 193 елдің ішінде 24-орында тұрғанын және онлайн-қызметтер индексі бойынша алғашқы ондыққа кіретінін атап өтті.

«Әрине, бұл әртүрлі әдістемелерге негізделген түрлі индекстер. Бірақ жалпы картинаға қарасақ, Қазақстанның сыртқы бағасы бірнеше бағытта тұрақты түрде жақсарып келе жатқанын көреміз. Бұл – қаржылық тұрақтылық, цифрлық даму, қауіпсіздік және инвестициялық тартымдылық», – дейді ол.

Саясаттанушының пайымдауынша, осы көрсеткіштердің жиынтығы Қазақстан туралы халықаралық түсініктің де өзгеріп келе жатқанын аңғартады.

«Ең бастысы – Қазақстан енді тек шикізат ресурстары немесе тиімді географиялық орналасуы арқылы ғана қабылданбайды. Бұл факторлар маңызды болғанымен, қазір еліміз технологияны дамытып, қауіпсіздікті нығайтып, шетелдік инвестиция тартып жатқан мемлекет ретінде де таныла бастады», – деп түйіндеді Борис Поломарчук.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.