Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, қадағалау органдарымен және Чехия полициясымен бірлесіп жүргізген арнайы операция нәтижесінде Қазақстан мен ТМД елдері азаматтарының жеке деректерін заңсыз таратумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды kznews.kz.
ІІМ мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында халықаралық деңгейде әрекет еткен ұйымдасқан топтың заңсыз қызметі әшкереленген. Қылмыстық іс аясында Чехияның Усти-над-Лабем қаласында, сондай-ақ Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында тінту жүргізілді. Тергеу барысында заңсыз әрекеттердің дәлелдерін қамтитын көптеген цифрлық ақпарат тасымалдағыштар мен қолма-қол ақша тәркіленді.
ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, күдіктілер Қазақстан және көршілес мемлекеттер азаматтарының жеке деректері орналастырылған жабық интернет-ресурс құрған.
«Топ ішінде нақты иерархиялық құрылым болған. Қатысушылардың әрқайсысы өзіне жүктелген міндеттерді орындаған. Олар қылмыстық схеманы үйлестіруден бастап, азаматтардың жеке деректерін заңсыз анықтауға қатысты тапсырыстарды қабылдап, өңдеуге дейінгі қызметтерді жүзеге асырған», – деді ол.
Ведомствоның хабарлауынша, заңсыз жолмен алынған қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дроп-аккаунттар пайдаланылған.
"Әртүрлі заңсыз қызмет түрлеріне, оның ішінде бір реттік сұраныстар мен ресурсқа абоненттік қолжетімділікке арналған арнайы баға тізімі белгіленген. Қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы іс-қимылды, жеке деректерді заңсыз таратудың арналары мен көздерін анықтап, жоюды, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытындағы кешенді шараларды одан әрі жалғастырады", - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.