Танымал кәсіпкер Бейбіт Әлібековтің әкесі Бақыт Әлібековтің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған жазбалары қоғам назарын аударды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазір Threads платформасында Бақыт Әлібековтің Facebook парақшасынан алынған скриншоттар тарап жатыр. Желі қолданушылары онда қазақ халқы мен ұлтына қатысты жағымсыз пікірлер айтылғанын алға тартып, автордың сөздеріне наразылық білдіруде.
Жазбаларда қазақ ұлтына қатысты сын және қоғамда дау тудыруы мүмкін бірқатар пікірлер кездеседі. Осыдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары Бақыт Әлібековтің әрекетіне құқықтық баға беруді талап етіп, тиісті органдарға жүгінуге шақырды.
Кейбір пікір білдірушілер кәсіпкер Бейбіт Әлібековті де әкесінің ұстанымына қатысты пікір айтуға шақырған. Алайда әлеуметтік желідегі талқылауларда Бейбіт Әлібековтің әкесімен қарым-қатынасы туралы әртүрлі мәлімдемелер тарағанымен, олардың нақты шындығын тәуелсіз түрде растау әзірге мүмкін емес.
Бақыт Әлібековтің Facebook парақшасында кеңестік кезеңге қатысты материалдар мен сол дәуірдің символикасы бар жарияланымдар да кездесетіні айтылып жатыр.
