Қостанай облысында Тобыл өзеніндегі отбасылық демалыс қайғылы жағдаймен аяқталды. Әкесі мен оның кәмелетке толмаған қызы суға батып көз жұмды, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға 13 тамызда Қостанай ауданына қарасты Нечаевка ауылының маңында болған. Өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ер адам бес баласымен өзен жағасына демалуға барған. Олар суға түсуге рұқсат етілмеген жерде шомылған.
Шомылу кезінде екі қызды су ала бастаған. Олардың біреуі өз күшімен жағаға шығып үлгерсе, екіншісі судан шыға алмай қалған.
Мұны көрген әкесі жүзе алмайтынына қарамастан, баласын құтқару үшін суға түскен. Алайда ер адам да, қызы да өзенге батып кеткен.
Қатты ағыс екеуінің денесін оқиға орнынан алып кеткен. Құтқарушылар қыздың денесін 13 тамыз күні кешке тапты. Ал әкесінің денесі іздеу жұмыстарының нәтижесінде келесі күні судан шығарылды.