Әлеуметтік желіде бір топ азаматтың зират басында қонғаны көптің талқысына түсті. Дәл осы видеоға қатысты қарама-қайшы пікірлер көп. Бірі молада түнеп шығудан еш әбестік көрмейді, ал бірі бұл сенімді түсінбейді. Мүфтият бұған қатысты даула нүктесін қойды, деп хабарлайды kznews.kz. 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қызу талқыға түскен видео жайлы жұрт пікірі екіге бөлінді. Бірі мұны наным-сеніммен байланыстырса, енді бірі зираттың өзіндік әдебі барын айтады. Тіпті кейбірі "Маңғыстау облысында бейіт көтеріп жатқан жұмысшылар ғой" деген пікір де қадырыпты.
Ал дін мамандарының айтуынша, зиратқа барудың өзі айып емес. Керісінше, марқұмдарды еске алып, Құран оқып, дұға жасауға болады. Бірақ қабір басындағы әр әрекеттің өз әдебі бар. ҚМДБ түсіндірмесінде қабірді сипауға, басуға, дауыс көтеріп, орынсыз әрекет жасауға болмайтыны айтылады. Ал молада түнеу құпталмайды.
“Біздің негізі ханафи мәзһабында зираттарда түнеу құпталмайды. Мысалы, қабірдің басында жаман істер істеу, қабірдің басына түнеу мәкруһ саналады. Яғни ұнамсыз амал. Бұрын қазақтың “Жолда қалып қойсаң, зиратқа бар” дегені – қажеттілік жағдайында, айдалада қасқыр бар, басқа қауіп бар дегендей, кішкене пана болсын деп сол зираттың қасында жату қажеттілігінен айтылған”, – деді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы.
Ал әулие-әмбие жатқан кесенелерге зиярат етудің де өз тәртібі бар. Діни басқарма құжаттарында мұндай орындарға барғанда, Алладан тілек тілеу, марқұмдарға Құран бағыштау керегі айтылады. Ал кесенені айналу, қабірді сипап тілек тілеу, шүберек байлау секілді әрекеттер құпталмайды. Демек, мәселе зиратқа баруда емес, оны қалай зиярат етуде. Дәстүр мен діни ғұрыпты шатастырмай, қасиетті орынның қадірін сақтап барған жөн.