“Әндерді жатқа біледі”: Джеки Чанның Ақтаудағы әрекеті жұртты таңдай қақтырды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Қазақстан–Ресей: экономикалық интеграциядан кім көбірек ұтып отыр?

Қазақстан–Ресей: экономикалық интеграциядан кім көбірек ұтып отыр?
Фото: aqorda.kz

Өткен аптада Омбы қаласында кезекті XXII Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Биылғы жиын "Жаһандық логистика экожүйесін қалыптастыру: Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының жаңа көкжиегі" тақырыбына арналды. Біз осы форум аясында сөз болған экономикалық даму мен әріптестікке қатысты бағыттарға шолу жасауды ұйғардық. 

Жалпы, 2025 жылы Қазақстанның ЕАЭО елдерімен жалпы сауда айналымы 30,9 млрд доллар болған екен. Оның 88,6 пайызы Ресейге тиесілі болып отыр. Дерекке қарасақ, Қазақстан ЕАЭО-ға 10,1 млрд доллар экспорттап, 20,8 млрд доллар импорттаған. Яғни, еліміздің ЕАЭО елдерімен саудасындағы тапшылық шамамен 10,6 млрд долларды құрады.

Бұл жерде бір маңызды факт барын ұмытпауымыз керек Қазақстан үшін Ресей ең ірі импорттық серіктестердің бірі, бірақ экспорттық нарық ретінде оның маңызы әлдеқайда төмен. Мәселен, биылғы қаңтар–сәуір айларында Ресей Қазақстан импортының 31,8 пайызын қамтамасыз етті. Ал Қазақстан экспортының небәрі 8,4 пайызы ғана Ресейге бағытталды. Осы кезеңде Ресейден импорт 7,16 млрд доллар болса, Қазақстанның ЕАЭО-ға экспорты бар болғаны 2,71 млрд доллар болды. Яғни, ЕАЭО ішіндегі Қазақстанның экспорты бір жылда 7,9 пайызға төмендеген, ал импорты 24,1 пайызға өскен.

Бұл деректер Қазақстан–Ресей саудасының негізгі теңгерімсіздігін көрсетеді.

Әлбетте, орыс елімен сауда қатынасында Қазақстанның ұтатын тұсы бар. Біріншіден, үлкен нарық. Ресей – Қазақстан кәсіпкерлері үшін 140 миллионнан астам тұтынушысы бар жақын әрі логистикалық жағынан қолжетімді алаң. Әсіресе, елдің ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік, металлургия және химия өнеркәсібі өнімдері үшін бұл нарық маңызды.

Екіншіден, логистика жағдайы. Ресей аумағы арқылы Қазақстан Еуропа мен басқа нарықтарға шығатын көлік бағыттарын пайдаланады. Ал Омбы кездесуінде сөз болған Smart Cargo, AI Jol және шекарадағы өткізу бекеттерін цифрландыру сияқты жобалар Қазақстан бизнесінің уақытын және шығынын қысқартуы мүмкін.

Бірақ мұнда да бір парадокс бар екен. Логистика дамыған сайын Қазақстанның транзиттік табысы өсуі мүмкін, алайда, Ресей бағытына тәуелділік те күшеюі ықтимал.

Үшіншіден, Ресеймен байланыс өндірістік кооперацияны жолға қояды. Яғни, Ресеймен бірлескен өндірістер Қазақстанға технология, капитал және жұмыс орындарын әкелуі мүмкін. Әсіресе, машина жасау, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында кооперацияның пайдасы бар.

Енді бұл интеграцияның Қазақстан үшін тәуекелді тұстарын айтайық. Ең әуелі, сауда балансы Қазақстан пайдасына жұмыс істемейтінін мойындауымыз керек. Бұл жердегі ең үлкен мәселе еліміздің Ресейден көбірек тауар сатып алуынан шығады.

Цифрларға қарасақ, 2025 жылы Қазақстанның ЕАЭО-ға экспорты 10,1 млрд доллар, импорты 20,8 млрд доллар болды. Бұл импорттың экспорттан екі еседен астам жоғары екенін білдіреді. Ал 2026 жылдың алғашқы төрт айындағы тенденция бұдан да алаңдатарлық екен. ЕАЭО-ға экспорт 7,9 пайызға азайса, импорт 24,1 пайызға артқан.

Яғни, қазіргі экономикалық модельде Қазақстан Ресейге тауар өткізетін нарықтан гөрі, Ресейден тауар сатып алатын нарыққа көбірек ұқсайды.

Екіншіден, бәсекеге қатысты. Ресейден келетін арзан немесе көлемді тауарлар қазақстандық өндірушілерге үнемі қысым жасап келеді. Әсіресе, машина жасау, құрылыс материалдары, азық-түлік, химия және жеңіл өнеркәсіпте бұл мәселе өзекті. Сондықтан да Ресеймен арадағы сауданың өсуі автоматты түрде Қазақстан экономикасының ұтқаны деген сөз емес.

Егер сауда айналымы өсіп, бірақ өсімнің негізгі бөлігі Ресей импорты есебінен қалыптасса, онда Қазақстанның ішкі өндірісі емес, тұтыну нарығы ұлғаяды.

Ең маңыздысы, дәл қазір Қазақстан Ресейдің санкциялық тәуекелін де бөлісіп отыр. Әсіресе, Батыс санкциялары Қазақстан үшін тікелей санкция болмаса да, жанама тәуекел туғызады.

Әлбетте, Қазақстан Ресеймен сауда жасай отырып, Еуропа, АҚШ және басқа серіктестермен экономикалық байланысын сақтауы керек. Сондықтан тауарлардың шығу тегі, транзиті және қайта экспортталуы қатаң бақылауға алынып келеді. Бұл жерде Қазақстан үшін ең қауіпті сценарий Ресейге бағытталған санкцияларды айналып өтуге көмектесетін ел ретінде қабылдану. Мұндай жағдайда қазақстандық банктер мен компаниялардың халықаралық төлемдеріне, инвестиция тартуына және экспорттық операцияларына қысым күшеюі мүмкін.

Мұнан бөлек, ең үлкен тәуекел мұнай мен логистикаға қатысты болып отыр. Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыты Ресей аумағы арқылы өтетін Каспий құбыр консорциумына тәуелді болып отыр. Шілдедегі терминалға жасалған шабуылдардан кейін Қазақстан мұнай өндіруді уақытша қысқартуға мәжбүр болды. Статистикалық мәліметтер Теңіздегі өндіріс тәулігіне шамамен 925 мың баррельден 406 мың баррельге дейін төмендеген. Ал Қазақстан бойынша жалпы мұнай-газ өндірісі де тәулігіне 2,07 млн баррельден 1,63 млн баррельге түскен.

Бұл Қазақстанның Ресеймен экономикалық байланысындағы ең үлкен әлсіздікті көрсетеді. Мұнай Қазақстан аумағында өндіріледі, бірақ оның әлемдік нарыққа шығуының маңызды бөлігі Ресей аумағындағы инфрақұрылымға тәуелді. Яғни, Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігі тек өндіріс көлемімен өлшенбейді. Экспорттық маршрутты бақылау да экономикалық егемендіктің бір бөлігі.

Айтпақшы, екі ел арасындағы сауда айналымын цифрландыру Қазақстанға не береді?

Кегюше Тоқаев пен Путинге таныстырылған Smart Cargo, AI Jol және цифрлық таңбалау жүйелері дұрыс іске асса, Қазақстан үшін нақты пайда әкелуі мүмкін.

Мысалы, шекарада жүк өткізу уақытын қысқарту, контрабанда мен көлеңкелі сауданы азайту, тауардың шығу тегін бақылау, транзит көлемін арттыру мен көлік логистикасының шығынын төмендету реттеледі дейді мамандар.

Бірақ, бұл цифрландырудың екінші жағы да бар екен Егер бірыңғай цифрлық жүйе Қазақстан мен Ресей арасындағы саудаға ғана бағытталса, ол Қазақстанның Ресей нарығына интеграциясын тереңдете түседі-мыс. Яғни, Қазақстан үшін Ресеймен сауда жасау маңызды, бірақ, көршіге тәуелді болмаудың жолын табу одан да маңызды.

Қорыта айтқанда, Қазақстан Ресеймен экономикалық байланысты үзуге ешқашан мүдделі бола алмайды. Еліміз Ресеймен сауда жасау арқылы нарық, транзит, инвестиция және өндірістік кооперация арқылы ұтса, сауда тапшылығы, импорттық тәуелділік, санкциялық тәуекел және мұнай логистикасына төнетін қауіптің кесірінен ұтылып отыр. Бұл Қазақстан - Ресей байланысының тамыры терең болғанымен, экономикалық теңгерім әлі де Қазақстан пайдасына толық қалыптаспағанын көрсетеді.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.