Бүгінде басты мәселе – жаңа су көзін іздеу емес, қолдағы суды тиімді пайдалану. Күріш алқаптарынан ағатын қашыртқы су бұрын ысырап саналса, бүгінде ғылым оны стратегиялық ресурс ретінде қарастырады. Бұл мақалада қайталама судың мүмкіндігі, оны қауіпсіз пайдалану жолдары және мемлекет деңгейінде қолға алынуы тиіс бастамалар сөз болады, деп хабарлайды kznews.kz.
Қашыртқы суды қолдана білсек...
«Судың да сұрауы бар» дейді қазақ. Бүгінде осысөздің салмағы бұрынғыдан да арта түсті. Күннің шамадан тыс ысуы, Сырдариядағы су көлемініңазаюы әрбір тамшы судың қадірін сездіріп жатыр. Сондықтан, ендігі міндет қолдағы суды қайтаайналымға енгізіп, ғылыми негізде пайдалана алсақ болғаны.
Соңғы уақытта диқандар арасында, Әліби, Марат ағаларымыз «қашыртқы су», «сброс суы», «қайталама су» деген сөздерді жиі айтып жүр, және оны қайта пайдаланып та жүр. Енді осы қашыртқысуына тоқтала кетсек, өйткені бұл ұғымды көпшілікбіле бермейді. Сондықтан, жалпы жұртқа тереңірек талдап, түсіндіре өтейін.
Қашыртқы су дегеніміз не?
Қарапайым тілмен айтқанда, қашыртқы суыкүріш атызын суарып болғаннан кейін арнайы арықтар арқылы сыртқа шығарылатын артық су.
Күріш атызына келген судың бәрі өсімдікке сіңіпте кетпейді. Оның бір бөлігі буланады, бір бөлігі топыраққа сіңеді, ал қалғаны арнайы дренаждық арықтар арқылы қайта ағып шығады. Міне, осы «отход» суды қашыртқы су немесе қайталама суы, дейді.
Бұрындары бұндай суды өзен-көлдерге жіберіп келді. Ал бүгінде әлемнің көптеген елдері бұндайсуды қосымша су қоры ретінде қарастырып отыр.Өйткені су тапшылығы жағдайында әрбір текше метр судың құны артып келеді.
Қашыртқы суы пайда ма, әлде қауіп пе?
Қашыртқы су, таза су емес негізінде. Күріш атызында бірнеше күн жатқандықтан оның құрамында топырақтан еріген тұздар, минералды заттар, тыңайтқыштардың қалдықтары, біз түсіне бермейтін органикалық қосылыстар, арам шөпті құртуға арналған гербицидтердің қалдықтары болады. Сондықтан мамандар қайталама суды пайдалануға болады, бірақ оны ешқандай өңдеусіз қайта егістікке жіберуге болмайды, дейді. Әсіресе судың тұздылығы жоғары болса, ол топырақтың қайта сортаңдануына себеп болуы мүмкін. Күріш басқа дақылдарға қарағанда тұзға төзімді болғанымен, оның да шегі бар. Тұздылық мөлшері ұзақ уақыт жоғары болып тұрса, өнім төмендейді, ал жердің құнарлылығы біртіндеп әлсірейді. Енді ғылым бұл жайында не кеңес береді, дегенге келсек!?
Су ресурстары саласындағы халықаралық зерттеулер қайталама суды қайта пайдалану болашақтың емес, бүгінгі күннің технологиясы екенін дәлелдеп отыр. Мәселен, Израиль, Қытай, Австралия, АҚШ және Испания сияқты су тапшылығы қатты сезілетін мемлекеттер ауыл шаруашылығында қайталама суды кеңінен пайдаланады. Бірақ олардың барлығына ортақ бір қағида бар. «Алдымен судың сапасын анықтап барып, пайдалан», деген. Яғни, мамандар судағытұздылық деңгейін (EC), натрий мөлшерін (SAR), қышқылдық-сілтілік тепе-теңдігін (pH) және минералдық құрамын бағалауды ұсынады. Өйткені кейде рН қалыпты болғанымен, тұздылық мөлшері өте жоғары болуы мүмкін.
Енді, қашыртқы суды қалай пайдалана аламыз?
Бүгінде ғылым бірнеше тиімді әдісті ұсынады.
Бірінші әдіс - таза сумен араластыру. Егер қайталама судың тұздылығы жоғары болса, оны өзен немесе каналдың таза суымен араластыру арқылы тұз концентрациясын төмендетуге болады. Бұл ең қарапайым әрі шаруашылықтарға қолжетімді тәсіл.
Екінші әдіс - сүзгілеу. Қазіргі таңда Қытайда өндірілетін мембраналық және көпсатылы сүзгі жүйелері ауыл шаруашылығына кеңінен енгізіліп жатыр. Бағасы еуропалық жабдықтарға қарағанда әлдеқайда қолжетімді, тиімділігі жоғары. Мұндай қондырғылар судың құрамындағы лайды, тұздың бір бөлігін және зиянды қоспаларды азайтады.
Үшінші әдіс - табиғи биологиялық тазарту. Бұл тәсілде су алдымен тұндырғыштарға жиналып, кейін қамыс, қоға сияқты су өсімдіктері арқылы табиғи жолмен тазарады. Мұндай жүйе электр энергиясын көп қажет етпейді әрі экологиялық тұрғыдан тиімді.
Бұрын судың сапасын білу үшін міндетті түрде зертханаға жүгіну қажет болатын. Қазір жағдайоңайырақ. Қытайлық арзанқол қалталы рН-тестерлер, тұздылық өлшейтін шағын құрылғылар, цифрлық анализаторлар бірнеше минуттың ішінде судың негізгі көрсеткіштерін анықтап береді. Бұл диқандарға үлкен мүмкіндік. Енді су жарамды ма, әлде қосымша тазарту қажет пе, деген сұраққа жауап алу үшін бірнеше күн күтудің қажеті жоқ.
Суды басқара алсақ, ұтарымыз көп
Сыр өңірінде күріш тек ауыл шаруашылығы дақылы емес. Ол мыңдаған отбасының нәсібі.Сондықтан, су мәселесі тек агрономдардың емес, тұтас өңірдің тағдырына әсер ететін стратегиялық мәселе.
Қашыртқы суды ғылыми негізде қайта пайдалану арқылы Сырдариядан алынатын судың көлемін азайтуға, миллиондаған текше метр суды үнемдеуге, құрғақшылық жылдары қосымша су қорын қалыптастыруға және егістіктің тұрақты өнімділігін сақтауға болады. Алайда, әрбір қадам ғылыммен үндесуі тиіс. Әр шаруашылықтың топырағы, суының минералдық құрамы, өсірілетін дақылы әртүрлі болуы мүмкін, сондықтан технологияны жаппай енгізбес бұрын тәжірибелік сынақтар жүргізіп, ғылыми қорытындыға да сүйенген абзал.
Бүгінде әлем су тапшылығымен күресудің жаңа кезеңіне өтті. Бұрын «қайдан су табамыз?» деген сұрақ қойылса, енді «бар суды қалай тиімді пайдаланамыз?» деген сауал алдыңғы орынға шықты.
Қашыртқы суы күні кеше далаға жіберілетін артық су болса, бүгінде ғылым мен технологияның көмегімен қайта кәдеге жарайтын стратегиялық ресурсқа айналып келеді.
Диқан үшін жердің жаны су. Ал судың ғұмырын ұзарту тек табиғаттың емес, адамның да қолындаекенін білейік. Егер ғылымды өндіріспен ұштастыра алсақ, әрбір тамшы судың қадірін арттырып, Сыр өңірінің күріш шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтеруге толық мүмкіндік бар. Осыған орай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне, сондай-ақ ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне ашық Ұсыныс хат дайындап жібердім. Онда су тазарту құрылғыларын инвестициялық субсидиялау бағдарламасына енгізу, су тазарту жабдықтарына 50-80 пайыз көлемінде мемлекеттік инвестициялық субсидия беру, «ҚазАгроҚаржы» АҚ немесе басқа да квазимемлекеттік мекемелер арқылы жеңілдетілген лизинг бағдарламасын іске қосу, Қызылорда облысында пилоттық жобаларды іске асыру, Ұлттық ғылыми бағдарлама әзірлеу, су үнемдеуді ынталандыратын жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылдау жайында жан-жақты зерттеліп, тексерілген ұсыным бердім. Алдағы уақытта министрліктер нәтижелі жұмыстарға атсалысады, деп ойлаймын.
Нұрбек Дәуренбеков,
Қызылорда облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі,
«Әділет» партиясы Өңірлік саяси кеңес мүшесі