Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жастағы Мадина Рашидқызының өліміне қатысты атышулы «Барни ісі» бойынша сот-медициналық сараптаманың қорытындысы дайын болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Ресми нұсқа бойынша, жас келіншек өзіне қол жұмсаған. Алайда марқұмның туыстары бұл болжаммен келіспей, істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етіп келеді.
Істің жай-жапсарын бақылап жүрген блогер Жан Ахмадиев жаңа сараптама қорытындысына байланысты Таразға барған. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында іс бойынша жаңа мәліметтер пайда болғанын айтып, оларды алдағы уақытта жариялауға уәде берді.
Блогердің айтуынша, қазіргі уақытта заңгерлер істің материалдарымен жұмыс істеп жатыр. Ол Мадияр есімді азаматпен де сұхбаттасуға ниетті екенін жеткізді.
«Заңгерлер ішке кіріп кетті. Біз қазір Мадиярды күтіп тұрмыз. Мүмкіндік болса, өзінен сұхбат алып қалуға тырысамыз», – деп жазды Жан Ахмадиев.
Сот-медициналық сараптама қорытындысының нақты мазмұны мен оның іске қандай әсер ететіні әзірге толық жарияланған жоқ. Оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тергеу жалғасып жатыр.