Ел тұрғындарының 68 пайызы елді мекендердегі жағдайдың жақсарғанына сенімді болып отыр.
Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығы елді мекендердің дамуы мен халыққа арналған инфрақұрылымдағы өзгерістерге қатысты зерттеу жүргізген екен. Осы сауалнаманың нәтижесі тұрғындардың басым бөлігі соңғы жылдардағы өзгерістерді оң бағалайтынын көрсеткен.
Яғни, зерттеуге қатысқандардың 68 пайызы соңғы үш жылда өздері тұратын елді мекендегі жағдайдың жақсарғанын айтқан. Ал 82 пайызы қазіргі өмір сүру жағдайына көңілі толатынын білдірген. Респонденттердің 68 пайызы алдағы үш жылда жағдай бұдан әрі жақсарады деп күтеді.
Ұлттық талдау орталығы Мемлекеттік саясат орталығының бас зерттеушісі Роза Тілеуханның айтуынша, сауалнама халықтың инфрақұрылымдық өзгерістерді күнделікті өмірде нақты сезініп отырғанын көрсетеді.
- Адамдар өзгерістерді байқап, олардың оң нәтижесін бағалайды және бұл бағыттың алдағы уақытта да жалғасатынын күтеді. Сонымен қатар халықтың одан әрі дамуға деген тұрақты сұранысы бар, – дейді сарапшы.
Тұрғындар елді мекендердегі өзгерістерді ең алдымен жолдардың жағдайынан, абаттандыру жұмыстарынан, саябақтар мен көгалдандырудан байқаған. Сауалнамаға сәйкес, осы бағыттар алдағы кезеңде де халық үшін басымдыққа ие.
Сонымен қатар, тұрғындар медициналық инфрақұрылымды, интернет пен мобильді байланысты, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамытуға сұраныс білдірген.
Айтпақшы, сауалнама биылғы шілде - тамыз айларында телефон арқылы жүргізілген. Зерттеуге еліміздің барлық өңірінен 18 жастан асқан 1 мың тұрғын қатысыпты.