Шымкентте екі көршінің жанжалы 65 жастағы ер адамның өлімімен аяқталды, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға 9 қыркүйек кешкісін Хамза көшесінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 39 жастағы ер адам 65 жастағы көршісіне бірнеше рет соққы жасаған. Оқиға сәті көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Кадрларда егде жастағы тұрғынның соққыдан құлағаны, ал ер адамның оған соққы жасауды жалғастырғаны көрінеді. Кейін ол марқұмның үйіне кіріп, кейбір заттарды алып кеткен.
Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері 65 жастағы ер адамның қайтыс болғанын анықтады. Оның артында бес баласы қалды.
Қазіргі уақытта күдіктіні анықтау және ұстау бойынша шаралар жүргізіліп, қылмыстық іс аясында тергеу басталды. Жанжалдың нақты неден шыққаны әзірге белгісіз.