Майра екеуіміз бір-бірімізді ұнатып қосылдық. Мен онда Шәкен Аймановпен араласпайтынмын. Бірақ, кейінірек, күйеу баласы болғаннан кейін көп көмек көрсеткені рас. Мәселен, Шәкең «Атаманның ақыры» фильміндегі Шадияровтың рөлін А.Михалков-Кончаловскийге айтып, маған лайықтап жаздырыпты. Мен сол кезде Бекежанды ойнап жүр едім. Бұлтақтағаныма көнбеді. Ақыры үйде – Асанәлі, сайын далада – Бекежан, Үрімжіде – Шадияров болып шыға келдім.
Майрамен үйлену тойымызға Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов секілді ұлылар қатысты. Сонда ғана мен Шәкеңнің осал адам емес екенін бірінші рет түсіндім. Көңіл алып-ұшқан кез, оның үстіне қазіргідей байлық, мансап деген құрғыр біздің ойымызға кіріп те шықпайтын, сондықтан әлдекімдер сан-саққа жүгіртетін бақай есеп менде болған жоқ. Мен Шәкеңнің тұсында бірде-бір атақ алмаппын. Атақ-абырой кейінірек, Шәкен Айманов қайтыс болған соң келді. Бұл, әрине, мені Шәкеңнің қайрап-шыңдағанының нәтижесі де шығар, оның алдында қашан да басымды иемін.
Майраның орны бөлек еді... Қайтыс болған соң енді үйленбеспін деп шешкен едім. Бірақ өмір көп жағдайда сенің ойлағаныңа көне бермейді. Біраз жыл салт жүрдім. Ол жылдар шынында да маған оңай тиген жоқ. Күйзелдім. Жанымды түсінер жар іздедім. Бір келіншекпен көңіл жарасты. Алайда, қосылып, түтін түтеткенімізбен, табалдырықты аттаған күннен бастап қасиетті анамның көңілін таба алмады. Үй ішінде түсінбеушілік көбейіп, көңілсіз тіршілік басталды, үйге еркелей, арсалаңдай келуден қалдым. Осыдан соң сырт көзге тас қамалдай көрінгенімен, жан дүниесі аса сезімтал әрі нәзік өнер адамының қалай езіле түсетінін өзің де сезерсің. Бәрін бажайлап, саралаған соң, ұрыс-керіссіз ажырасып тындық. Бірақ, менен көтерген ұлға хал-қадірімше қол ұшын берудемін. Оқыттым, қызметке тұруына септесіп, үйлендірдім. Сол Олжас есімді ұлымнан туған немеремді Мәдиімнің есіміне ұқсастырып Мәдия қойдым.
Бұдан соң соғыстан қайтпаған әкемнің отын өшірмеген анамның жағдайын ойлап, үшінші рет түтін түтетуге тура келді. Онымен де тұзымыз жараса қоймады. Бәрі тағдырдың жазғаны шығар. Ол әйелден көрген қызымның есімін Сағиыма ұқсатып Сағина атадым. Құдайға шүкір, осы қарашықтарым аман-есен өсіп келеді…
Асанәлі ӘШІМОВ
2005 жыл