Қоғамда «көлеңке» деген сөздің өзі күдік пен құпияны меңзейді, ал көлеңкелі экономика – мемлекетке тіркелмеген, салық төленбеген, заңды есепке кірмейтін табыс пен қызметтің тұзағына түскен таза алаяқтық әрекет. Яғни жарияланбайтын табыс, келісімшартсыз жұмыс, кірісі көрсетілмейтін кәсіп. Мұндай бассыздықты «өз күнімді өзім көріп жүрмін» деген надан оймен ақтап алсаң да, шын мәнінде ортақ қазаннан қасық жасырумен тең. Тамшыдан теңіз құралатыны сияқты, сол тамшы қазынаның сандығына жетпей жоғалып жатса, ертеңгі күннің іргесінің берік болып қалануы екіталай, деп хабарлайды kznews.kz.
Ресми деректерге сүйенсек, Халықаралық валюта қоры зерттеулері бойынша, әлем елдерінде көлеңкелі экономиканың көлемі орта есеппен ЖІӨ-нің 20–30%-ын құрайды, ал дамушы мемлекеттерде бұл көрсеткіш 35–40%-ға таяйды, яғни әр үшінші теңге мемлекет қазынасын айналып өтеді деген сөз. Бұл – «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегенге саяды.
Сарапшылардың айтуынша, көлеңкелі айналымның басты себептері – салық жүктемесінің ауырлығы, әкімшілік кедергілер, заңға сенімнің төмендігі және «бәрі де солай істейді» деген қоғамдық психология. Экономист Данияр Әшімбаев бір пікірінде салық мәдениеті қалыптаспайынша, қатаң бақылаудың өзі ұзақ мерзімде нәтиже бермейтінін атап өтеді, өйткені мәселе тек заңда емес, санада жатыр. Ал қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов көлеңкелі дүние шағын және орта бизнеске түсетін қысыммен тікелей байланысты екенін айтады, себебі «бизнеске дем бермесең, ол тынысын тасада ашады». Расында да, тіркелмеген табыс көбейген сайын «адалдың аты арып, тоны тозады».
Қазақстан жағдайына көз салсақ, түрлі бағалаулар көлеңкелі экономиканың үлесі соңғы жылдары 18–23% аралығында екенін көрсетеді, бұл аз көрінгенімен, ЖІӨ көлемін есепке алғанда триллиондаған теңге көлеңкеде қалып отыр деген сөз. Әрбір жасырын табыстың артында салынбай қалған мектеп, жөнделмей қалған жол, жабдықталмай қалған аурухана бар. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейтіні» сияқты, салық – сол ортақ жүктің әділ бөлінуі. Сондықтан “қоғам маған не берді?” дегеннен “мен қоғамға не қостым?” деген сауал дұрысырақ.
Салық мәдениеті тек декларация тапсырумен шектеледі деп ойласақ, қателесеміз. Ол – азаматтық жауапкершілік, ол – ортақ игілікке үлес қосу. Мәселен, скандинавиялық мемлекеттерде салық мөлшерлемесі жоғары болғанымен, халықтың мемлекетке сенімі де жоғары, өйткені төленген әрбір тиынның қайда жұмсалатыны ашық көрсетіледі, ал ашықтық бар жерде күмән азаяды, күмән азайған жерде көлеңке де қысқарады. Сондықтан «сенім бар жерде береке бар» деген сөз бекер айтылмаған.
Мамандардың айтуынша, бүгінгі жаппай жырлап жатқан цифрландыру мәселесі - сол көлеңкелі экономиканы азайтудың тиімді жолдарының бірі. Қолма-қолсыз төлем көбейген сайын жасырын табысты жасыру қиындай түседі, сосын салық жүйесінің жұмысы да жеңілдейді. Алайда технология бәрін бірден шешіп тастайтын сиқырлы құрал емес. Егер қоғамда «амалдап құтылып кетсем болды» деген түсінік үстем болса, кез келген жүйеден айналып өтудің жолы табылуы мүмкін. Сондықтан мәселені тек айыппұлмен немесе қатаң бақылаумен емес, түсіндіру және тәрбиелеу арқылы да шешу маңызды.
Көлеңкелі экономика аяқ астынан айдан пайда бола салған жоқ, ол– қордаланған майда жүйелік мәселелердің салдары. Сондықтан тек салдарымен емес, түпкі себептерімен күресу әлдеқайда тиімді. Мәселені жасырмай, нақты деректерге сүйеніп, ашық әрекет еткенде ғана оң өзгеріс болады. Өйткені көлеңке жарық түскен жерде ғана азаяды.