Негізгі капиталға салынған инвестиция тұрақтылыққа негіз бола ма?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 702 6094955
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 702 6094955

Біздің әлеуметтік желілер

Негізгі капиталға салынған инвестиция тұрақтылыққа негіз бола ма?

Негізгі капиталға салынған инвестиция тұрақтылыққа негіз бола ма?
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Биылғы қаңтардағы ішкі экономикадағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 896 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 3,4 пайызға жоғарылады.

Яғни ішкі экономикаға бағытталған қаржының жылдық есебінде оң динамика бар. Сарапшылар негізгі капиталға салынған инвестицияның көлеміне қарап, жылдың жақсы бастағанын бағамдап отыр. Өйткені, қаңтар айындағы қаржы айналымы соңғы үш жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш ретінде сипатталады.

Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылғы қаңтарда ішкі капиталға салынған инвестиция көлемі 100,6 пайыз болса, 2025 жылғы қаңтарда бұл көрсеткіш 100,2 пайыз шамасында болған. Ал биыл - 103,4 пайыз.

Жалпы, негізгі капиталға салынған инвестициялар ішкі нарықтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін маңызға ие. Әсіресе, өндіріс бағыты мен сауда айналымындағы құнның тұрақтылығы айлар арасындағы қаржы құбылмалығына тікелей байланысты. Мысалы, ішкі капиталға салынған инвестиция көлемінің артуы мемлекет пен жеке сектордағы істі ілгерлету тетігін жылдамдатып, жаңа өндіріс орынның ашылуына, жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашады. Бұл өз кезегінде нарықтағы сұраныс пен бағаның да өзгеруіне әкеледі.

Алайда, қаңтардағы қаржы қозғалысы жылдық есеп бойынша жоғарылағанымен, жылдың жекелген айларына шаққанда ауыз толтырып айтарлықтай еместігін де жасырмауымыз керек. Мәселен, 2025 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 2026 жылдың қаңтарындағы инвестициялар шамамен 80 пайызға құлдырап, яғни 5 есеге жуық қысқарыпты. Атап өтерлігі, мұндай күрт төмендеу дағдарыс белгісі емес, керісінше желтоқсандағы «әкімшілік-жобалық серпілістен» кейінгі табиғи қалыпқа келу кезеңін көрсетеді дейдімамандар. Өйткені, жыл соңында бюджет қаражатын жедел игеру және ірі жобаларды жабу үрдісі қаңтардағы қаржы статистикасын әдейі әлсіретіп көрсетеді екен.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бойынша аймақтардағы ахуал да біркелкі емес. Дерекке қарасақ, Абай облысы 37,4 пайыз және Шығыс Қазақстан облысы 16,1 пайыз өсіммен серпіліс жасаса, бұған дейін топ жарып келген Түркістан облысы 2,2 есе өсімге қол жеткізіп отыр екен. Ал ішкі нарыққа бағытталған қаржы көлемі бойынша айтарлықтай төмендеу байқалған бірнеше өңірлер бар. Атап айтқанда, Жетісу облысы 55,1 пайыз, Маңғыстау облысы 37,2 пайыз, Қостанай облысы 33,3 пайыз және Ақтөбе облысы 25 пайызға әлсіреген.

Бұл мысалдан өңірлердегі инвестициялық статистиканың жекелеген ірі жобалар мен қаржыландыру кестесіне қатты тәуелді екенін көреміз. Яғни кейбір өңірлерде бір ғана ірі жоба жалпы көрсеткішті күрт өзгертуі мүмкін. Демек, мұндай аймақтардың экономикасына әртараптандыру жасау көзделеді.

Айтпақшы, ішкі экономикаға бағытталған бюджет қаражатының қаңтар айындағы үлесі небәрі 6,9 пайыз болған екен. Бұл үрдісті жылдың басындағы бюджет қаржысын бөлу мен игеруге қатысты процедуралардың баяу жүруімен байланыстыруға болады.

Жалпы алғанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің бір айлық мөлшері алдағы кезеңде де ішкі экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді деген сенімге жетелейді. Егер бұл үрдіс алдағы айларда сақталса, инвестициялық ағын сапасының белгілі бір деңгейде жақсарғанын білдіруі мүмкін.

Дегенмен бір айлық көрсеткішке қарап стратегиялық қорытынды жасау ерте. Инвестициялық динамиканың шынайы бағытын кемінде бірінші тоқсан қорытындысы бойынша ғана бағалауға болады.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.