Қазақтың құдалық дәстүрінде әр табақтың өз орны, әр сыбағаның өз сыры бар. Соның ішінде күйеу бала алғаш рет қайын жұртына келгенде «төс» тарту, ал ұзатылған қыз төркіндеп алғаш келгенде «құйымшақ» беру – жай ғана ас үлестіру емес, астары терең ырым-ишара.
Қыз ұзатып, келін түсіріп, екі рулы елдің бір-бірімен құдаласып, қыз алысып, қыз берісіп, думандатып, той тойлауы — ежелден келе жатқан дәстүрлеріміздің бірі.
Қазақ халқы қан тазалығына мән беріп, жеті атаға толмай қыз алыспаған. Сондықтан екі рулы елді бір-бірімен туыстастыратын қыздың орны ерекше.
«Қыз — жат жұрттық», «қыз — қонақ» деп қыз баланы мәпелеп, алақанына салып аялап, төріне шығарған дана халықпыз. Сол себепті құданы құдайындай сыйлайтын елдің күйеу балаға да, ұзатылған қызына да жасайтын кәделері мен тартулары бар.
Бұл үрдіс қазір де жалғасып келеді. Құдаға тартылатын сый табағы өз алдына — мұны білмейтін қазақ кемде-кем. Ал күйеу бала алғаш рет қайын жұртының табалдырығын аттағанда оған «төс» тартылады. Төс тартудың да өзіндік мағынасы бар. Ұзатылған қыз төркініне алғаш рет келгенде де арнайы сыбаға тартылады. Ол — құйымшақ.
Қызға құйымшақ берілуінің мәнін терең түсіндіріп беретін көнекөздер де, әлеуметтік желілердегі нақты деректер де жоқтың қасы деуге болады.
Ел арасында «қыз балаға құйымшақ берілмейді, әйтпесе құйымшақ секілді жеңіл болады, ұшқалақ болады» деген наным да айтылады. Алайда мұнда ара-жігін ажыратып алған жөн: әңгіме бойжеткен қызға емес, өз үйінен кетіп, келін атанып, өзге әулеттің түтінін түтетіп, ұрпақ жалғастыруға аттанған қыздың төркіндеп алғаш келгенінде берілетін сыбаға туралы.
Қазақ ежелден тегіне терең үңілген, туыстықты айқындауға ерекше мән берген халық. Аңыз-әңгімелерде жаугершілік секілді қиын кезеңдерде қыз баланың жоғалып, із-түзсіз кететін жағдайлары жиі болғаны айтылады.
Тіпті сүйегі табылған күннің өзінде оның сол әулеттің қызы ма, әлде бөтен әулеттікі ме — бірден анықтау қиынға соққан.
Осындайда табылған сүйекке қыздың ата-анасы, бауырлары мен жақын туыстары бір тамшы қан тамызған деген де әңгіме бар. Аңызға сенсек, туыстық байланысы бар, «құйымшақ жеп өскен» қыздың сүйегі қанды сіңірсе, жақындары оны өз әулетінің қызы екенін танып, арулап жерлеген. Ал қан жағынан туыстығы жоқ адамның сүйегі қанды сіңірмеген деседі. Қазақ халқының даналығын осындай мысалдар арқылы да сипаттайды.
Халқымыздың «құйысқанды құйымшақ сақтайды, құйымшақ күшті болса, құйысқан белді болады» деген сөзі де бекер емес.
Күйеу балаға төс тартып, ұзатылған қызға құйымшақ беру — «көтерген баласы бауырына берік болып, түсіп қалмасын, ұрпағы көп болсын, өсіп-өнсін» деген ниетке саяды. Құйымшақтың берілуін де жұрт ұрпақтың өрбуімен, өсіп-өнумен байланыстырған.
Көпшілік адамның құрсақтағы жаратылысы мен дамуы жайлы мұндай түсініктерді біле бермейтіні рас. Кей ортада құйымшақтың қасиеті туралы діни-танымдық түсініктер де айтылады. Сондықтан құйымшақтың «денедегі ең мықты сүйек» екені жөніндегі пікірлер халықтық ұғыммен астасып жатады. Мұның мән-мағынасы мен қасиеті туралы біле жүргеніңіз абзал.
Дереккөзі: Ernur.kz сайты, дайындаған: Г. Жұмаділдаева