Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырып Air Astana әуекомпаниясы Астанадағы ұшуға даярлау орталығында мектеп оқушыларына арналған арнайы танымдық іс-шара өткізді. Оған Республикалық физика-математика мектебі мен Spectrum International School оқушылары қатысып, авиация саласындағы түрлі мамандықтармен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Іс-шара барысында оқушылар әуекомпанияның заманауи ұшуға даярлау орталығын аралап, ұшқыштар, авиациялық инженерлер және бортсеріктердің күнделікті жұмысы туралы мағлұмат алды. Сондай-ақ авиациялық қауіпсіздікке арналған интерактивті сабақтарға қатысып, әуе көлігіндегі қауіпсіздік талаптарының маңызын білді.

Кездесуге Air Astana Group Бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел арнайы келіп, жас ұрпақтың білімге ұмтылысы мен кәсіби бағдарлануының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, авиация – жоғары жауапкершілік пен терең білімді талап ететін сала, сондықтан болашақ мамандарды ерте кезден ынталандыру маңызды.
Бағдарлама аясында компанияның HR бөлімі авиация саласындағы мансаптық мүмкіндіктер туралы арнайы таныстырылым өткізді. Оқушылар тәжірибелі ұшқышпен кездесіп, оның кәсіби жолы жайында тыңдап, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Сонымен қатар авиация саласының түрлі мамандары қатысқан ашық сұхбат алаңы ұйымдастырылды.

Іс-шараның маңызды бөлімдерінің бірі Air Astana компаниясының жас мамандарды даярлауға бағытталған бағдарламаларын таныстыру болды. Әуекомпания өкілдері оқушыларға Ab-initio ұшқыштарды даярлау бағдарламасы туралы жан-жақты ақпарат берді. Бұл бағдарлама авиация саласында тәжірибесі жоқ жастарға кәсіби ұшқыш болуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында теориялық және практикалық дайындықтан өткен түлектер кейін Air Astana әуе кемелерінде қызмет атқаруға жолдама алады.
Сондай-ақ балаларға Apprentice авиациялық инженерлерді даярлау бағдарламасытаныстырылды. Аталған жоба авиациялық техникаға қызығатын жастарды заманауи әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету саласына баулуға бағытталған. Бағдарлама қатысушылары халықаралық стандарттарға сәйкес білім алып, тәжірибеден өтеді және болашақта авиациялық инженер ретінде кәсіби мансап құру мүмкіндігіне ие болады.

Air Astana мамандары бұл бағдарламалардың ерекшеліктерін оқушыларға қарапайым әрі қызықты форматта түсіндіріп, авиация саласында сұранысқа ие мамандықтар туралы кеңінен әңгімеледі. Жасөспірімдер ұшқыш пен инженер мамандықтарының қыр-сырымен танысып, өздерінің болашақ кәсіби бағытын айқындауға көмектесетін пайдалы ақпарат алды.
Мамандардың айтуынша, бүгінде әлемдік авиация индустриясында білікті ұшқыштар мен техникалық қызмет көрсету инженерлеріне сұраныс жоғары. Осыған байланысты Air Astana жастарды ерте жастан авиацияға қызықтырып, ұлттық кадрлық әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді.

Танымдық кездесудің соңында оқушыларға естелік кәдесыйлар табыс етілді.