Олимпиада чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров отандық подкасттардың бірінде бірнеше айдан бері жалақының кешігіп жатқанын айтып, қазіргі жағдайға алаңдайтынын жеткізді. Спортшының сөзінше, жеңістерінен кейін қаржылай қолдау тоқтап қалған, деп хабарлайды kznews.kz.
Сондай-ақ ол ақпан айынан бері медициналық қамтамасыз ету мәселесінде де өзгерістер болғанын мәлімдеді.
Бұл жағдайға қатысты Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақы толық төленген. Қазіргі таңда жаңа олимпиадалық циклге арналған келісімшарт дайындалып жатыр.
Дирекция өкілдерінің айтуынша, жаңа құжатта қаржыландыру талаптары мен тиімділік көрсеткіштері қайта қаралады. Келісімшарт бекітілген соң төлемдер қайта жалғасады.
Сонымен қатар министрлік спортшыға Олимпиададағы жетістігі үшін қарастырылған барлық сыйақылар — ақшалай төлем, пәтер және өмір бойғы ай сайынғы төлемдер толық берілетінін атап өтті.