Елімізде кейбір нысандар мен инфрақұрылым жобаларын жеке компанияларға белгілі бір мерзімге басқаруға, дамытуға немесе пайдалануға беру тәжірибесі кеңінен қолданылады.
Қарапайым тілмен айтқанда мемлекет өз меншігіндегі бір нысанды толық сатпайды, бірақ оны дамыту үшін бизнеске уақытша береді. Әлбетте, екі жақты келісім жасалады. Мұндай жағдайда инвестор нысанды дамытуға ақша салып құрылысын жөндеуге, инфрақұрылымын жасауға міндеттеме алады. Сол арқылы қызмет көрсетіп, мейлінше пайда табуға тырысады. Ал мемлекет бюджет шығынын азайтып, инвестор арқылы жобаны дамытуды көздейді. Бір жағынан алғанда, бұл атқарушы билік үшін тиімді тәсіл екені рас. Әсіресе, туристік әлеуеті жоғары аймақтарда екі жақ келісім арқылы жүзеге асқан сәтті жобалар бар. Сол себептен де концессиялық саясат жүргізу аймақтарды басқару үлгісінде әкімдердің жиі қолданатын әдісіне айналған еді.
Алайда, бұл саясат үнемі оң нәтиже бермейді екен. Оның мысалын Алматы облысындағы Есік көлі аумағына қатысты туған дау-дамайдан анық көруге болады. Күні кеше облыс әкімдігі Есік көлін 49 жылға жалға алған инвестормен ат құйрығын үзіп, табиғи нысанды мемлекет меншігіне қайтаратынын мәлімдеді.
Сұлтанғазиевтің кеңсесі мұндай шешімді "Habel" ЖШС Есік көліндегі бөгет бойынша өз міндеттемелерін орындамағаны анықталғаннан кейін қабылдапты. Нысан компанияға 49 жылға сенімгерлік басқаруға берілген болатын. Компания бөгетті қалпына келтіруге, селден қорғайтын мониторинг жүйелерін енгізуге және туристік инфрақұрылымды дамытуға міндеттенген еді. Ал 2025 жылға арналған келісім бойынша "Habel" ЖШС Есік бөгетіне 245 млн теңге инвестиция салуы тиіс болған. Алайда іс жүзінде компания тек 11,4 млн теңге ғана жұмсаған.
- Жоспарланған жұмыс орындары құрылмады. Сонымен қатар белгіленген мерзімде бөгетке көпфакторлы зерттеу қорытындысы ұсынылған жоқ. Бұл құжат 2025 жылдың қарашасына дейін дайындалуы тиіс еді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әлбетте, компанияға кемшіліктерді жою үшін уақыт берілгенімен, барлық мерзім өткен соң да нәтиже болмаған. Осыдан кейін келісімшарт түпкілікті бұзылып, Есік көліндегі бөгет мемлекет меншігіне қайтарылатын болыпты.
Айтпақшы, Есік көлін жалға алушы компанияның әуелгі мақсатында аумақты дамытуға деген құлшынысы болмаған сияқты. Өйткені, дәл осы "Habel" ЖШС былтыр көл маңына екінші шлагбаум орнатып, туристерден ресми экологиялық алымнан бөлек қосымша ақы ала бастаған. Туристердің шағымынан кейін бұл заңсыз ақша жинау тоқтатылды. Демек, серіктестік тек келушілердің есебінен ақшаға табуға ниетті екенін ашық көрсеткен-ді. Өйткені, Есік көліне келетін туристерден көлге кіру үшін қосымша 20 мың теңгеге дейін ақы талап етіле бастаған. Демалушыларға мұндай екі мәрте төлем алудың ешқандай заңды негізі мен құжаттары көрсетілмеген. Шу шыққан соң Іле-Алатау ұлттық паркі бұл ақыны жекеменшік компания жинап отырғанын мәлімдеген болатын. Ал облыс әкімдігі компания әрекетін заңсыз деп таныған-ды.
Бұған дейін, 2025 жылдың сәуірінде компанияның директоры әрі құрылтайшысы Әділжан Хабиев баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистерге Есік көлі маңында басқару және мониторинг орталығы құрылатынын айтқан еді.Сондай-ақ, қауіпті беткейлерге топырақ қозғалысын бақылайтын белгі беру қондырғылары, ал көлге су деңгейінің көтерілуін тіркейтін құрылғылар орнатылады деп уәде берген. Бұл жүйе сел қаупі туындаған жағдайда адамдарға алдын ала ескерту жасауға мүмкіндік береді деп жоспарланған.
Мұнан бөлек, туризмді дамыту мақсатында көл маңында қонақтарға арналған шағын үйлер салу, ұялы байланыс мұнарасын орнату және жылжымалы тамақтану орындарын ашу көзделген еді. Өкінішке қарай, Хабиев берген уәдесінде тұра алмаған сияқты. Және кезінде жоспарланған іс-шаралар туралы өз аузымен жарияламағанда, қазір ол туралы ештеңе анықталмай қалатын еді...
Қалай болғанда да табиғаттың байлығы саналатын Есік көлінің мемлекет меншігіне қайтарылатыны қуантады. Өйткені, бұл осымен екінші рет қайталанып отырған жағдай. Бұған дейін, яғни, 2019 жылдың 8 сәуіріндегі облыс әкімінің қаулысы негізінде Есік көлі 142 гектарға жуық жерімен бірге 49 жыл мерзімге "Қазэлектроэнергия" ЖШС жалға берілген екен. Бұл жолғы келісім құны 1 млрд 052 млн теңге болыпты. Алайда, аталған компания да келісімшарттағы уәделерін орындамаған. Нәтижесінде, 2023 жылы әкімдік сотқа жүгініп, көл аумағын қайтарып алған. Одан кейінгі жағдайдың қалай өрбігені жоғарыда жазылды.
Жалпы, мемлекет, оның ішінде жергілікті атқарушы билік концессиялық саясатқа көзсіз жүгінуден сақтануы керек сияқты. Себебі, жалға алған нысандар мен жер телімдерін мақсатсыз пайдалану мен міндеттерді орындауға қатысты заңсыздық фактілері анықталып жатыр. Мұндай оқиғалар Алматы сияқты алып мегаполистердің маңында жиі болатыны да түсінікті. Мұнан бөлек мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында да сәтсіз жобалардың бар екенін айтуға тиіспіз.
Екінші жағынан, әуелгіде инвестордың шынайы ниеті мен заң алдындағы міндетін бағамдап, зерделеуге қатысты жауапкершілік те облыс әкімдерінің мойнында екенін ұмытпауымыз керек. Әсіресе, су бөгеттері мен қорғалатын аумақтағы нысандардың кездейсоқ адамдардың қолына өтіп кетпеуі үшін қоғам тарапы да қалғымауы керек сияқты. Сонымен қатар, жалға берілген нысандарды мәжбүрлі түрде кері қайтарып алу ісінде мүдделер қақтығысы болмауына да көз жеткізуге тиіспіз.
Тоқетері, жауапкершілігі төмен жекеменшік компаниялардың шеңгелінен Есік көлін екі рет қайтарып алған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің кейсі барлық әкімдерге сабақ болуы керек.