Ұлттық қордың валюталық активтері 2027 жылғы 65,2 млрд доллардан 2029 жылы 70,6 млрд долларға дейін өседі деген болжам жасалды. Бұл сырт көзге жағымды көрсеткіш. Алайда, нөлдері көп цифрға қарап, қордың қаржылық тұрақтылығы айтарлықтай күшейеді деген қорытынды жасауға да асықпау керек.
Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл болжамның негізгі параметрлерін атады. Оның айтуынша, базалық сценарий бойынша 2027 жылы Ұлттық қорға 5,1 трлн теңге, 2028 жылы 5,5 трлн теңге, 2029 жылы 5,7 трлн теңге түсім түседі. Ал таза түсім тиісінше 0,5 трлн, 1,4 трлн және 2 трлн теңге шамасында болады.
- Жалпы түсімдер 2027 жылы 5,1 трлн теңге, 2028 жылы 5,5 трлн теңге және 2029 жылы 5,7 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Ұлттық қорға түсетін таза түсім 2027 жылы 0,5 трлн теңге, 2028 жылы 1,4 трлн теңге және 2029 жылы 2 трлн теңге болады, – деді Серік Жұманғарин.
Алайда, мәселенің мәні қордың қанша қаржы жинайтынында ғана емес, одан қанша қаражат алынатынында болып отыр.
Дерекке қарасақ, 2027–2029 жылдары Ұлттық қорға жалпы 16,3 трлн теңге түсім түседі деп күтіледі. Ал осы кезеңде республикалық бюджетке 6,8 трлн теңге кепілдендірілген трансферт, инфрақұрылымдық жобаларға тағы 5 трлн теңге нысаналы трансферт қарастырылған екен. Яғни үш жылда қордан бюджет шығындарын жабуға және мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға шамамен 11,8 трлн теңге бағытталмақ.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жерде оң өзгеріс те бар екен. Мысалы, кепілдендірілген трансферт 2027–2028 жылдардағы 2,4 трлн теңгеден 2029 жылы 2 трлн теңгеге дейін төмендейді. Нысаналы трансферт те 2 трлн теңгеден 1,5 трлн теңгеге қысқарады. Бірақ, Ұлттық қорды бюджет тапшылығын және ірі мемлекеттік жобаларды қаржыландырудың тұрақты көзі ретінде пайдалану мәселесі әлі де өзекті қалпына қала бермек.
Сондықтан, қазір бізді Ұлттық қордың активі қаншаға өседі деген сұрақтан гөрі, ел бюджетінің мұнай кірістеріне тәуелділігі қаншалықты азаяды деген мәселе қызықтыруға тиіс.
Әлбетте, Ұлттық қордың басты міндеті мұнайдан түсетін табысты жинақтап, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және келешек ұрпаққа қаржы қалдыру екені аян. Демек, 2029 жылы активтердің 70,6 млрд долларға жетуі жақсы көрсеткіш. Бірақ, оның шынайы тиімділігі қор көлемімен ғана емес, мемлекет оған қаншалықты жиі жүгінетінімен өлшенеді.
Қысқасы, алдағы үш жылда Үкіметтің алдында Ұлттық қордың активтерін көбейту ғана емес, оған түсетін мұнайдан тыс кірістерді де арттырып, қордан алынатын қаражатты біртіндеп азайту міндеті тұр.