Тоқаев БРИКС елдерін Қазақстандағы жобаларды қаржыландыруға шақырды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Тоқаев БРИКС елдерін Қазақстандағы жобаларды қаржыландыруға шақырды

Тоқаев БРИКС елдерін Қазақстандағы жобаларды қаржыландыруға шақырды
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде өткен «БРИКС плюс» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйледі. Мемлекет басшысы ұйымның әлем халқының жартысына жуығын қамтып, жаһандық ішкі жалпы өнімнің 40 пайызын өндіретінін атап өтті, деп хабарлайды kznews.kz.

Президенттің айтуынша, геосаяси қақтығыстар, милитаризация және сауда кедергілерінің күшеюі әлемдік экономикаға орасан зиян келтіріп отыр. Былтыр қарулы қақтығыстардан келген шығын шамамен 22 триллион долларға, яғни жаһандық ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына жеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік пен стратегиялық тұрақтылық орнықты дамудың басты шарты екенін айтты. Ол ядролық және жаңа технологияларға қатысты қатерлерді азайту үшін атом қаруына ие мемлекеттер арасында жоғары деңгейдегі диалог қажет деп санайды.

Мемлекет басшысы БҰҰ-ға балама жоқ екенін атап өтіп, Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кезінде Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің өкілдігін күшейтуді ұсынды. Оның пікірінше, дамып келе жатқан орта державалар да жаһандық шешімдер қабылдауға белсенді қатысуы керек.

Президент былтыр Қазақстанның БРИКС-қа мүше және серіктес мемлекеттермен тауар айналымы 72 миллиард долларға жуықтағанын мәлімдеді. Қазақстан өнеркәсіп, энергетика, маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы, транзит және технология салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын.

Сондай-ақ Қазақстан БРИКС-пен экономикалық ықпалдастықты нығайтуды және Үндістанмен еркін сауда туралы келісім жасасуды қолдайды. Президент Жаңа даму банкін Қазақстандағы коммерциялық тұрғыдан тиімді жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

Тоқаев еліміздің транзиттік әлеуетіне де тоқталды. Былтыр Қазақстан аумағы арқылы 40 миллион тоннаға жуық транзиттік жүк тасымалданған. Ұзақмерзімді жоспар бойынша бұл көрсеткішті жылына 100 миллион тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жолдарымен тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді.

Мемлекет басшысы БРИКС плюс аясында жасанды интеллект саласындағы серіктестікті іске қосуды ұсынды. Бастама ұлттық ЖИ орталықтарын біріктіруді, зертханалар мен ғылыми жобаларға қолжетімділікті кеңейтуді және көптілді технологиялық шешімдерді бірлесіп әзірлеуді көздейді.

Президент су ресурстарын басқару мәселесін де көтерді. Ол Қазақстан ұсынған Халықаралық су ұйымын құру бастамасын қолдауға және осы бағыттағы консультацияларға қатысуға БРИКС елдерін шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстан егемендікке, мүдделер теңгеріміне және ортақ жауапкершілікке негізделген көпполярлы әлемді қолдайтынын мәлімдеді.

Автор
Асқар Алтайұлы

Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.