Қазақстандағы ұлттық компаниялардың топ-менеджерлеріне 2025 жылы қанша сыйақы төленгені белгілі болды. Ең жоғары көрсеткіш «Қазатомөнеркәсіпке» тиесілі. Компанияның атқарушы орган мүшелеріне бір жылда жалпы 903,3 млн теңге төленген, деп хабарлайды kznews.kz.
Finprom.kz дерегінше, Қазақстанда ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлттық холдингтерді қоса алғанда, 22 ұлттық компания жұмыс істейді.
2025 жылы атқарушы орган мүшелеріне төленген жалпы сыйақы көлемі бойынша алғашқы ондыққа мына компаниялар кірді:
«Қазатомөнеркәсіп» – 903,3 млн теңге;
«Қазақстан темір жолы» – 721,3 млн теңге;
«ҚазМұнайГаз» – 519,1 млн теңге;
QazaqGaz – 515,2 млн теңге;
«Қазақтелеком» – 504,1 млн теңге;
KEGOC – 496,3 млн теңге;
«Бәйтерек» холдингі – 440,4 млн теңге;
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» – 283,3 млн теңге;
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» – 188,4 млн теңге;
«Тау-Кен Самұрық» – 170,9 млн теңге.
Бұл көрсеткіштер компаниядағы барлық атқарушы орган мүшелеріне төленген жалпы соманы көрсетеді. Әр компаниядағы басшылық құрамының саны әртүрлі болғандықтан, бұл сомаларды тікелей салыстыруға болмайды.
Сонымен қатар, ұлттық компаниялардың басым бөлігінде топ-менеджерлерге төленетін жалпы сыйақы өскен. Төлем көлемі тек төрт компанияда азайған.
Мәселен, «Қазақтелекомда» сыйақы 130,5 млн теңгеге, «Қазақстан Ғарыш Сапарында» 69,2 млн теңгеге, «Қазпоштада» 26,7 млн теңгеге, ал Kazakh Tourism компаниясында 6,2 млн теңгеге қысқарған.
Ал ең үлкен өсім «Қазатомөнеркәсібінде» тіркелді. Компания топ-менеджерлеріне төленетін сыйақыны бір жылда 226,7 млн теңгеге, яғни 33,5%-ға арттырған. QazaqGaz-та бұл көрсеткіш 94,5 млн теңгеге немесе 22,5%-ға, ал «Ұлттық ақпараттық технологияларда» 86,9 млн теңгеге немесе 85,7%-ға өскен.
Бір топ-менеджерге қанша теңгеден тиеді?
Бір адамға шаққандағы орташа сыйақы көлемі бойынша да «Қазатомөнеркәсіп» көш бастады. 2025 жылы компанияның бір атқарушы орган мүшесіне орта есеппен 112,9 млн теңге төленген.
Одан кейін:
KEGOC – 99,3 млн теңге;
«Бәйтерек» – 62,9 млн теңге;
«ҚазМұнайГаз» – 57,7 млн теңге;
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» – 56,7 млн теңге.
Жалпы, ұлттық компаниялардағы бір топ-менеджерге шаққандағы орташа жылдық сыйақы 7,8 млн теңгеден 112,9 млн теңгеге дейін болған. Яғни айырмашылық шамамен 15 есеге жетеді.
Есеп бойынша, бір компанияда топ-менеджер айына орта есеппен 9 млн теңгеден астам алса, басқа компанияда бұл көрсеткіш 500 мың теңгеден сәл ғана жоғары болған.
2025 жылы 22 ұлттық компанияның 13-інде бір атқарушы орган мүшесіне төленетін орташа сыйақы айына 2 млн теңгеден асқан.