Усть-Лугадағы жаппай төбелес: үш қазақстандық тергеуде қалып отыр
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Ант па, әлде бәс пе? Мемлекеттік қызметті құмар ойынға айырбастағандар

Ант па, әлде бәс пе? Мемлекеттік қызметті құмар ойынға айырбастағандар
Фото: ЖИ

«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деп аталы сөз қалдырған бабаларымыз мемлекеттік қызметті қашанда киелі міндет, жауапты асу деп білген. Алайда қоғам дертіне айналған құмар ойынның құрығы ант беріп, халыққа қызмет етуге тиіс атқамінерлеріміздің де аяғына тұсау болғаны қынжылтады, деп хабарлайды kznews.kz.

Мәселен, Ұлытау облысының прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесінде 36 мемлекеттік қызметшінің, оның ішінде 10 бірдей басшы құрамдағы тұлғаның бәс тігумен айналысқаны әшкереленіп, олардың қызметінен қуылғаны туралы ақпарат желдей есті. Бұл – жай ғана статистика емес, бұл – мемлекеттік аппараттың имиджіне түскен қара таңба. Ресми деректерге сүйенсек, еліміздің әр өңіріндегі казинолар мен ойын залдарына 300-ден астам мемлекеттік қызметшінің барғаны бұған дейін де анықталған. Ең сорақысы, олардың ойынға тіккен жалпы сомасы 500 миллион теңгеден асқан. Бұл қаражат шенеуніктердің ресми жалақысымен мүлдем сәйкес келмейтінін ескерсек, ішер асын жерге төккен опасыздықтың артында үлкен жемқорлық шикілігі жатқаны айдан анық.

«Ойын жеңген оңбас» деген тәмсілдің астарында үлкен пәлсапа жатыр. Статистика бойынша, елімізде лудомания дертіне шалдыққандардың саны 350 мыңнан асып жығылса, олардың арасында мемлекеттік тізгінді ұстағандардың табылуы балық басынан шіриді деген ащы шындықты еске салады. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бәс тігушілердің 80%-ы уақыт өте келе бюджет қаржысын жымқыруға немесе пара алуға барады. Жақында ғана Талдықорғандағы білім бөлімі бухгалтерлерінің миллиардтаған теңгені мемлекет қазынасынан ұрлап, букмекерлік кеңселерге аударғаны қоғамды дүр сілкіндірді. Соңғы екі жылда жүргізілген мониторинг нәтижесінде Қонаев қаласындағы казиноларға тұрақты барып тұрған 300-ден астам шенеунік анықталған. Олардың арасында Ішкі істер министрлігінің, Қаржы министрлігінің және жергілікті әкімдіктердің қызметкерлері болған. Кейбір деректер бойынша, бір ғана орта буын шенеунігі бір кеште 5-10 миллион теңге ұтылған оқиғалар тіркелген. Ал Түркістан облысы мен Шымкентте кейбір аудандық деңгейдегі атқамінерлердің онлайн-букмекерлік кеңселерде миллиондарды шашқаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Қаржы мониторингі органдары кейбір азаматтардың ай сайын табысының 50–70%-ын бәс тігуге жұмсайтынын анықтаған. Бұл ауылдағы ағайынның аманатын арқалаған азаматтардың өз міндетіне атүсті қарауының көрінісі. Сондай-ақ ойынға тәуелділіктің мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретінінің айқын дәлелі.

2024 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға қатысуға ресми түрде заңмен тыйым салынды. Ендігі жерде бәс тігу – жай ғана әдепсіздік емес, бұл қызметінен біржола қууға негіз болатын заң бұзушылық. 

Сарапшы Есбол Күркебаевтың пікірінше, мемлекеттік қызметші – ол биліктің айнасы, егер сол айнаның бетін шаң басып, құмардың құлына айналса, халықтың сенімі құмға сіңген судай жоғалады.

Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, дамыған елдер бұл дертпен қатал күреседі. Мысалы, Оңтүстік Кореяда мемлекеттік қызметшінің құмар ойын ойнағаны анықталса, ол тек жұмыстан ғана емес, барлық әлеуметтік жеңілдіктерінен айырылып, қара тізімге ілігеді. Сингапурда шенеуніктердің казиноға кіруіне қатаң шектеу қойылып, олардың шығындары арнайы фильтр арқылы бақыланады. Ал Қытайда мемлекеттік қызметші казиноға барса немесе онлайн бәс тіксе, ол бірден жемқорлыққа бейім деп танылады. Оны тек жұмыстан шығарып қоймайды, партия қатарынан аластатып, бүкіл мүлкін тексеруге алады. Көп жағдайда бұл «саяси өліммен» тең. Алпауыт мемлекет АҚШ-та жоғары лауазымды немесе құпия ақпаратқа қол жеткізе алатын қызметкерлер жыл сайын қаржылық тексеруден өтеді. Егер оның құмар ойыннан үлкен қарызы бары анықталса, ол бірден қызметінен шеттетіледі. Себебі, «қарызы бар адам – сатқындыққа дайын адам» деген қағида бар. Сингапурда шенеуніктердің ғана емес, олардың жақындарының да ойынға тәуелділігі бақыланады. Егер қызметкердің құмар ойынға салынғаны дәлелденсе, ол Сингапурдың «Мемлекеттік қызмет этикасы» бойынша ең ауыр жазаны алады, өйткені бұл елде мемлекеттік қызметшінің беделі — ең жоғары құндылық. Жоғарыда айтылғандай, дамыған елдерде құмар ойынға әуес шенеунікке тек ауру ретінде емес, сатқын ретінде қарайды. Мәселен, АҚШ пен Қытайда ойын қарызы бар қызметкер — шетелдік барлау қызметтері мен қылмыстық топтар үшін ең оңай олжа. Сондықтан біздегі 36 қызметшінің жұмыстан қуылғаны — бұл тек жаза емес, мемлекеттік құпия мен бюджет бүтіндігін қорғаудың амалы. Біздің еліміздегі жаңа шектеулер де – мемлекеттік басқару жүйесін тазартудың маңызды қадамы. «Тура биде туған жоқ» деген қағиданы ұстанған құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы жұмысы айсбергтің шыңындай көрінген іріңді сылып тастауға бағытталған. Құмар ойынға салынған адамның санасы тұманды таңдай бұлдырап, дұрыс шешім қабылдау қабілетінен айырылады. Мұндай адамға ел тағдырын сеніп тапсыру – ертеңгі күнді бәске тігумен тең.

Қорыта айтқанда, «ар азабы – өлімнен қатты». Өз мансабын бір сәттік бәске айырбастаған қызметшілердің тағдыры – лауазымды тұлғалар үшін құлаққағыс емес, үлкен ескерту. Азаматтық арды бәске тікпей, елдің аманатына адал болу – әрбір қызметкердің перзенттік борышы. Әйтпесе, құмардың соңы құлазыған көңіл мен құрдымға кеткен өмір боп қала бермек.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.