7 трлн теңгенің жыры: Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов қызметінен босатылды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 702 6094955
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 702 6094955

Біздің әлеуметтік желілер

183,6 млрд $: Қазақстанның сыртқы қарызы "қызыл сызыққа" жақындап келе ме?

183,6 млрд $: Қазақстанның сыртқы қарызы "қызыл сызыққа" жақындап келе ме?
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Жақында Ұлттық банк еліміздің мемлекеттік борыштары бойынша есебін жария етті.

Дерекке қарасақ, 2026 жылғы 1 қаңтардағы бағалау бойынша Қазақстанның сыртқы борышы 183,6 млрд АҚШ долларын құрады. 

Жалпы, бұған дейін өткен жылдың 9 айындағы есептеу бойынша сыртқы борыштың көлемі 171,4 млрд доллардан асқаны туралы ақпарат тараған еді. Ал жылдың басындағы деректер өтеу сомасының бірнеше ай ішінде шамамен 12 млрд долларға жуық өсіп кеткені сарапшылардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Өйткені, қарыз міндеттемесіндегі цифрлар аз емес әрі мемлекеттік кепілдікпен сыртқы қаржы көздерін тарту үдерісі жыл өткен сайын белсенді бола бастаған.

Дегенмен, сыртқы борыштың көлемі мен өтеу шарттарын салыстыра отырып жасалған талдаулар байбалам салуға әлі ерте екенін көрсеткен. Мұны түсіндіру үшін сыртқы қарыздың құрылымына үңілу керек. Яғни, қарыз кімнің мойнында деген сауалға жауап іздейік.

Бірден айтайық, қарыздың негізгі бөлігі мемлекеттік сектордың үлесінде емес. Есеп бойынша мемлекеттік басқару органдарының борышы 16,1 млрд доллар шамасында. Бұл салыстырмалы түрде алғанда төмен үлес екен. Мұнан бөлек Ұлттық банктің сыртқы борышы 2,6 млрд доллар болса, екінші деңгейлі банктердің қарызы 18,3 млрд долларға жеткен. Ал экономиканың басқа секторларына тиесілі қарыз көлемі 55,6 млрд доллар көлемінде дейді.

Бұл жердегі ең алаңдататын қарыз үлесі тікелей инвестициялар бойынша алынған фирмааралық берешектерде болып тұр. Жыл басына шаққанда оның көлемі 91,1 млрд доллардан асқан. Сонда фирмааралық берешек деген нені білдіреді? Бақсақ, бұл шетелдік инвесторлардың Қазақстанда құрылған еншілес компанияларына берген ішкі қарыздары екен. Бір қарағанда, жеке инвестордың қаржысы неліктен мемлекеттің сыртқы борыштары есебінде көрсетілетіні түсініксіз болуы мүмкін. Алайда, кез келген елдің аумағына енген шетелдік қаржы көзі үшін сол мемлекет кепіл болатыны белгілі. Қарапайым мысалдармен түсіндірсек, ішкі экономикаға инвестор әкелген жеке секторға да Үкімет сенімді қолдау білдіреді. Қысқасы, банкке кепілзат қойып, қомақты несие алған адамның тарихына ұқсас жағдайды елестетіп көріңіз, бұл да соған ұқсас.

Яғни, Қазақтанда классикалық мемлекеттік қарыздан бөлек, трансұлттық компаниялардың ішкі қаржыландыруы басым. Экономистер бұл жолдың мемлекетке тигізетін зардабы жоқ дегенді айтады. Кейбір жағдайда мұндай міндеттемелер елдің имиджін көтеріп, аумақтағы тұрақтылықты білдіреді екен. Қаржы талдауларына қатысты алғанда да фирмааралық берешек мемлекеттік сектордың тікелей алған қарызымен салыстырғанда "жұмсақ" қарыз деген анықтама алып отыр. Ол көбіне ұзақ мерзімді, пайыздық шарттары икемді және қайта құрылымдауға бейім келеді-мыс.

Бірақ, бұл жерде елдің дамуына қатысты бірер сұрақ туындайды. Біріншіден, бұл Қазақстан экономикасының ірі жобалары, әсіресе мұнай-газ, тау-кен секторларының шетелдік капиталға түбегейлі тәуелді екенін көрсетеді.

Екіншіден, жобаға салынған қаржының қайтарым шарттары көп жағдайда жабық талқыланады да, пайда бөлінісі туралы тұсы жария болмай жатады. Ал шетел қаражатынан түскен табыс пен пайда сыртқа, негізгі инвесторға шығарылатыны түсінікті. Демек, мемлекет трансұлттық компаниялардың қаржысына орасан жауапкершілікпен кепілдік бере отырып, пайда мен табыс бөлінісіне келгенде ашықтық саясатын ұстанбай отыр деп пайымдауға мәжбүрміз.

Үшіншіден, шетел валютасы түрінде келген инвестицияның барлық түрі ішкі және сыртқы экономикалық факторлар қауіпінен сақтандырылады. Яғни, инфляция, девальвация, төтенше жағдайлар, соғыс ситуациясы сияқты тәуелдер кезінде келтірілген шығынға да мемлекет жауапкершілік алады.

Мұнан мемлекеттік кепілдік аясында алынған қарыз ақшаның мақсаты мен құрылымына терең үңіліп, жіті қарау керектігін ұққандаймыз. 

Осы жерде кейінгі бірер жыл ішінде ел Үкіметінің жер қойнауын игеруге қатысты келісімді қайта қарауға ниет танытып, кейбір мәселелер бойынша тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге тырысып жатқанын айтуымыз керек. Ол енді бөлек әңгіме.

Тақырып оралсақ, мемлекеттік басқару органдарының сыртқы борышы жалпы қарыз көлемінің 9 пайызына жуықтайды екен. Сарапшылар бұл цифрды халықаралық стандарттармен салыстырғанда қауіпсіз деңгей деп бағалайды.

Яғни, жақын жылдарда тікелей бюджет дефолтының ықтимал қаупі жоққа тән. Бірақ квазимемлекеттік сектор мен ірі компаниялардың міндеттемелері жанама түрде ұлттық экономикаға әсер ететіні сөзсіз. Ал банктердің 18,3 млрд долларлық борышы қаржы жүйесінің сыртқы қаржыға тәуелділігін көрсетіп берді. Егер жаһандық нарықтарда тұрақсыздық пайда болса, бұл сектор қысымға ұшырауы мүмкін. Әрі Қазақстан мұндай өкінішті тәжірибеден өткен. Дүниежүзілік дефолт кезінде Үкімет екінші деңгейлі банктерге қаржы бергенін естен шығармауымыз керек.

Сол сияқты басқа секторлар үлесіндегі 55,6 млрд долларлық борыш негізінен корпоративтік қарыз деп саналады екен. Мұның да екі жағы бар. Бір жағынан аталған сома нақты экономиканың инвестициялық белсенділігінің индикаторы ретінде бағаланады-мыс. Екіншісі - тәуекелді. Яғни, табыстылық төмендесе, бұл сектор да тәуекел аймағына өтіп, кепілгердің мойынына салмақ түсіруі мүмкін. Әзірге, бұл бағытта алынған сыртқы борыш өз шығынын жауып отырғанға ұқсайды. Жалпы, мұндай қарыздардың құрылымы мен түріне және алушыларына қатысты ақпарат табу қиын. Бір анығы, қомақты қарыз алуға мемлекеттің белсенді түрде кепілдік беруі көп нәрсені ағартқандай...

Деп келгенде, сырттан алынған қарыз ақша мемлекет ішінде экспорттық табыс әкелетін жобаларға салынса, өндірісті әртараптандыруға бағытталса, жаңа технология мен инфрақұрылымға жұмсалса ғана ел үшін игілікке жарайтыны сөзсіз. Экономистер мұндай қарызды өсім құралы, яғни пайда әкелетін қарыз деп қарастырады. Керісінше, экономикалық өсім көрсеткіші қарыз өсімінен төмен болып шықса, борыш жүктемесі күшейе бермек. Яғни, қарызды алу бар да, оны тиімді жұмсау жағы одан да жауапты болып отыр.

Өкінішке қарай, мұндай жағдай ел тарихында болды. "Ғасыр жобасы" деп атау берілген бірнеше бастама жөргегінде тұншығып, мемлекет кепіл болған қарыздар әлі күнге дейін жоғарғы пайызбен өтелу үстінде...

Қалай болғанда да Қазақстанның сыртқы борышы қауіпті межеге жетті деуге әлі ерте деген пікірге тоқтаймыз. Бірақ, жыл басындағы 183,6 млрд долларлық межедегі қарыз бізді "екі шоқып, бір қарауға" үйретуге тиіс.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.